Ақтөбедегі апат: Тікұшаққа соңғы күрделі жөндеу былтыр жасалған

АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысындағы авиациялық апат бойынша тағы да ресми хабарлама жасады. 

тікұшақ апаты
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары — Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов басқаратын арнайы комиссия келді.

— Авиациялық апаттың алдын ала себебі техникалық ақаулық деп қарастырылуда. Алайда түпкілікті қорытынды тергеу іс-шаралары жүргізілгеннен кейін жасалатын болады. Зардап шеккен экипаж мүшелері қажетті медициналық көмекпен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген және мамандардың бақылауында. Қаза тапқан әскери қызметшінің туыстарына материалдық төлемдер және барлық қажетті қолдау көрсетіледі, — делінген хабарламада.

Ми-8 тікұшақтары еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Әуе қорғанысы күштерінің қолданысында. Техниканың бұл түрі 50-ден астам елде қолданылады және өзінің көп функционалдығы мен сенімділігінің арқасында әлемдегі ең көп сұранысқа ие тікұшақтардың бірі. Бұл тікұшаққа соңғы күрделі жөндеу 2023 жылы Алматы қаласының «405 авиациялық-жөндеу зауыты» базасында жасалды. Барлық регламенттік жұмыстар, оның ішінде ұшу алдындағы дайындық нормативтерге сәйкес орындалды. 

Тікұшақ экипажының да айтарлықтай тәжірибесі бар және күндіз де, түнде де қиын метеорологиялық жағдайларда, оның ішінде төтенше жағдайларға тап болған кезде де тапсырмаларды орындау үшін кәсіби түрде дайындалған.

Еске салсақ, бүгін Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында тікұшақ апатқа ұшырып, жанып кетті.

Бортта үш адам болған. Оның біреуі оқиға орнында көз жұмды.

Екі науқасты күйік шалған. Олар Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханада ем қабылдап жатыр. Әзірге науқастардың аты-жөні белгісіз.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама жасап, тікұшақ апатының алдын ала себебін айтқан болатын.

Сонымен қатар, тікұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының әкімдігі тікұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек көрсететінін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар