Ақтөбедегі жол апаты: Зардап шеккендердің бәрі облыс орталығына жеткізілді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Төрт науқас №1 Ақтөбе қалалық ауруханасында, біреуі Ақтөбе көпсалалы ауруханасында, біреуі балалар ауруханасында жатыр.
Самара-Шымкент тасжолындағы жол-көлік апатында зардап шеккен жолаушылардың алтауы да Ақтөбе қаласындағы емдеу орындарына жеткізілді. Қазіргі кезде төрт науқас №1 Ақтөбе қалалық ауруханасында, біреуі Ақтөбе көпсалалы ауруханасында, біреуі балалар ауруханасында жатыр.
- №1 Ақтөбе қалалық ауруханасында жатқан төрт науқастың үшеуі есін біледі, жағдайы жақсарып келеді. Ал бір науқас – ес-түзсіз күйде. Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында жатқан жасөспірімнің бірнеше жарақаты бар. Ол есін жимады. Дәрігерлер ҚР бас балалар нейрохирургінің міндетін атқарушының нұсқауын орындап жатыр,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Тағы бір науқас қазір Ақтөбе көпсалалы ауруханасында жатыр. Ол урология бөлімінің жансақтау бөлімінде болғанымен, есін біледі.
Еске салсақ, Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапты. Оқиға Әйтеке би ауданы Белқопа ауылы маңында болды. Жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын ГАЗель соқтығысты. Аман қалған жолаушылардың үшеуі ауыр жағдайда екені айтылды.
Жол-көлік оқиғасынан соң Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі жабылды.
ІІМ Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасын тергеу үшін арнайы топ жіберді.
Ақтөбеде жол-көлік апатына кімнің кінәлі екені нақтыланды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Белқопа ауылының шетінде болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев зардап шеккендерді санавиациямен Астана қаласына жеткізуді тапсырды.
Үшеуі өткен жұмада Ақтөбе қаласына тасымалданды. Оның біреуі – жасөспірім.