Алматы метрополитені қос функциялы жаңа қоршауларды сынақтан өткізіп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы метросында орнатылған уақытша қоршаулардың жел жүктемесіне төзімділігі тексеріліп жатыр.

Алматы метрополитетінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Райымбек батыр» бекетінде метрополитеннің заманауи қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін жаңа уақытша қоршаулар орнатылды. Олар екі негізгі қызмет атқарады: жолаушылар үшін қорғаныс құралы және жарнамалық құрылым ретінде пайдаланылады.
Қазір бұл қоршаулардың жел жүктемесіне төзімділігі тексеріліп жатыр. Барлық қажетті сынақтан өткеннен кейін осындай қоршаулар метроның басқа бекеттерінде де орнатылады. Сонымен қатар метрополитен өкілдері бұрын орнатылған темір қоршаулардың да тексеріліп жатқанын, қажет болған жағдайда олардың алынатынын атап өтті.
Еске салайық, былтыр 10 желтоқсан күні Алматы метросында 26 жастағы зағип жолаушы рельске құлап, мерт болды. Кейін қайғылы оқиғаның бейнежазбасы желіде тарады. Онда 26 жастағы жігіттің вагондар арасындағы ашық тұстан рельске құлап кеткенін көруге болады.
Алматы әкімі Ерболат Досаев қайғылы жағдайдан кейін Алматы метросында не өзгергенін айтқан еді.
Осыған дейін Алматы метросының бекеттерінде қауіпсіздік қоршаулары орнатыла бастағаны туралы жазған болатынбыз.
Кейін Алматы метрополитенінің директоры Алмасбек Орынбеков уақытша орнатылып жатқан қоршауларға қатысты түсінік берді.
Айтуынша, қоршаулар вагондардың арасындағы кеңістікті шектеу үшін орнатылады және метрополитеннің пайдалану шығыны есебінен жүзеге асырылады, яғни бюджет қаражаты тартылмайды.