Алматыдағы хостелдегі өрт: қорғаушы сотталушылардың біріне қатысты істі тоқтатуды талап етті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда хостелдегі өртке қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Іс Алмалы аудандық сотында судья Ернар Қасымбековтің төрағалығымен қаралып жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша екі адамға айып тағылып отыр. Олар – ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяров пен «Гидсервис» компаниясының иесі Александр Пекельник.
Сот процесі барысында Александр Пекельниктің қорғау тарабы сотта жауап берген мамандардың қорытындыларын ұсынды. Адвокат Пекельникті қылмыстық жауапкершіліктен босатуды талап етіп отыр.
Себебі, сала мамандардың сөзінше, «Гидсервис» компаниясы өрт дабыл жүйесін хостел үшін емес, сауда орны ретінде тіркелген нысанға орнатқан.
Мамандардың айтуынша, «Гидсервис» компаниясы автоматты өрт дабылы жүйесін ол жерде хостел орналасқанға дейін, яғни нысанның сауда мақсатына арналған кезінде орнатқан. Кейін нысанның мақсаты өзгертіліп, қайта жоспарланғаннан соң, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жаңа өрт қауіпсіздігі жүйесі орнатылуы тиіс болған. Алайда бұл талап орындалмаған.
Сондай-ақ Қазақстанда жертөледе тұрғын бөлмелер орналастыруға тыйым салынған. Тіпті өрт дабылы дұрыс жұмыс істеген күннің өзінде де, адам шығынына жол бермейтін түтін жүйесі мен эвакуациялық шығу жолдары болуы шарт. Бұл жүйелер жертөледе мүлде болмаған.
Бұдан бөлек, жауап алған мамандардың сөзіне сүйенсек, «Гидсервис» компаниясы өрт қауіпсіздігіне жауапты емес. Себебі техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жоқ. Өрт қауіпсіздігіне нысанның иесі мен жалға алушы жауапты болуы керек.
Осыған қарамастан, ҚР ҚК 292-бабы бойынша Пекельникке тағылған айып әлі де өз күшінде қалып отыр.
Адвокаттың айтуынша, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының 7-бөлігіне сәйкес, егер сотта қылмыстық қудалауды болдырмайтын мән-жайлар анықталса, мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартуға міндетті.
Ал мемлекеттік айыптаушы өз кезегінде айыптаудан бас тартпайтынын, ал қорғаушының өтінішін қабылдауға әлі ертерек екенін жеткізді.
Оның сөзінше, тергеу толық аяқталған жоқ, Пекельниктің бұл іске қатыстылығы туралы түпкілікті шешімді судья тек сот жарыс сөзінен кейін қабылдайды.
Адвокат сот процесі барысында істің барлық мән-жайын анықтауға жеткілікті мүмкіндік болғанын және «Гидсервис» ЖК-нің кінәсі дәлелденбегенін алға тартты. Мұны куәлар мен арнайы мамандардың жауабы растайды.
Сот өз шешімін сот тергеуі толық аяқталғаннан кейін жария ететін болады.
Бұған дейін судья істі прокуратураға қайтарудан бас тартқаны туралы жазғанбыз.
Осыған дейін прокурор Нұразхан Мырзалы айыптау актісін оқыған болатын.
Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын.
Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды.
Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары.
Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды.
Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған.
2023 жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды.