Алжир Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанмен байланысты арттыруға мүдделі – Елшімен сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігі шетелдік дипломаттармен сұхбаттар сериясын жалғастырады. Бүгінгі қонақ – Қазақстандағы Алжир Республикасының Елшісі Камал Фениш 28 жыл бұрын орнатылған дипломатиялық қарым-қатынастың қалай дамығанын, Алжирдегі Президент сайлауы Қазақстанмен қатынасқа қалай әсер ететінін айтып берді.

Камал Фениш
Коллаж: Kazinform

− Камал мырза, Қазақстан мен Алжир екі құрлықта жатқан ел болса да, ортақ тұсымыз өте көп. Жер аумағынан бастап, қазба байлықтары, тіпті кезінде ядролық сынақтардың жүргізілуінде де ұқсастық бар. Қазақстан мен Алжир қандай салаларда ынтымақтасып, тәжірибе алмасып келеді? 

− Ең алдымен, қонақ етіп шақырғаныңызға алғысымды білдіремін! Алжир елі Қазақстан Тәуелсіздік алғанда алғашқылардың бірі болып құттықтап, қуанып, өз лебізін жеткізген еді.

Қазақстанда елшілігіміз ашылғанына қуанышты екенімізді айта кеткім келеді. 

Екі ел арасында 2016 жылы өте маңызды құжаттарға қол қойылды және олар жалғасын тапты. Қазіргі таңда екі ел арасындағы үкіметаралық комиссия құру туралы, барлық салалар бойынша ынтымақтасу туралы құжатты Қазақстан тарапына мақұлдауға жолдадық. Құжаттар мақұлданатын болса, бұл екі елге де тиімділігі өте зор, халықтың игілігіне арналған бастама болмақ.

Кеңірек тоқталатын болсам, осыдан біраз бұрын ғана ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары және Алжир тарапынан Сыртқы істер министрлігінің бас хатшысы кездесіп, құжаттарға қол қойып, екі елдің ынтымақтастығын барлық сала бойынша тығыз байланыстыратын келісімшарттық жобалар талқыланды.

− Өз еліңізде Конституциялық сот институтын басқарған екенсіз. Біздің ел де жақында Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа айналдырды. Қазақстанның бұл істегі аяқ алысын қалай бағалар едіңіз? Алжир тұрғындарына Конституциялық сот не берді?

− Біріншіден, осындай маңызды сұрағыңыз үшін тағы да рақмет! Осы сұрақ төңірегінде сөзімді бастамас бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға өз алғысымды білдіремін. Себебі, бұл – Президентіңіз жүргізіп отырған, еліңіздің дамуына, халықтың игілігіне, пайдасына бағытталған реформалардың бірі.

Расымен, мен өз елімде Конституциялық сотты басқардым. Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа айналдыру өте маңызды. Себебі, Конституциялық кеңестен Конституциялық соттың құзыры әлдеқайда жоғары, оның саяси шешімдерге араласуға құқығы әрі елдің үш тармағының жұмысын қадағалауға мүмкіндігі бар. Тіпті, әр азаматтың құқығына тиетін мәселелер болса, Конституциялық сот оның заңдылығын немесе заңсыздығын қарастырады. Конституциялық сот шешімі соңғы және еш өзгерісті қажет еттірмейді.

Жақында ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арналған Жолдауын тыңдадым. Маған өте қатты ұнады. Қ. Тоқаев Қазақстанның барлық азаматына барлық сала бойынша маңыздылығы өте жоғары, азаматтардың еркіндігі, бостандығы, елдің дамуы, реформаларды жүзеге асыруға бағытталған мәселелерді көтерді.

Ал атом электр станциясын салу мәселесінде референдум жүргізу, халықтың пікірін білу керек деген шешімнің өзі елдің демократиялық бағытын көрсетеді. Ел үшін маңызды мәселелерде халықтың пікірін біліп, соған қарай қадам жасау – керемет шешім, қазір мұны өзге мемлекеттерден көре алмаймыз.

Алжир елшісі
Фото: видеодан алынған кадр

− Қазір Алжир мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы айтарлықтай қомақты дей алмаймыз. Сауда-саттық мөлшерінің әлі күнге дейін 100 млн долларға жетпей отыруына не себеп? Әлеуетімізді толық пайдаланбай отырмыз ба?

− Айтып отырғаныңыз рас, екі елдің сауда айналымы өте әлсіз. Мұны өзім осы мемлекетке елші болып тағайындалған уақытта байқадым. Мұның себебін екі мәселемен байланыстырамын. Біріншісі – екі ел арасында барлық сала бойынша ынтымақтастықта жұмыс істейтін үкіметаралық комиссияның болмауы, екіншісі – Алжирде де, Қазақстанда да елшіліктеріміз болмады. Сауда айналымдарының әлсіздігіне осы негізгі себептерді айта аламын.

Жалпы екі ел арасындағы импорт-экспорт көрсеткіштерін арттыруға әлеуетіміз зор. Бірнеше күн бұрын Алматы қаласына сапарлап, құрылыс саласында істейтін кәсіпкерлермен жолықтым. Олар да Алжирге барып жұмыс істегісі келетінін айтты. Қазақстанда да алжирлік отандастарымыз өздері ұсақ-түйек саудамен айналысып, осы жерден Алжирге, Алжирден осында тауар тасымалдап, өздігінше жұмыс істеп келеді.

Қазіргі таңда Қазақстаннан Алжирге көптеген өнімді тасымалдауға мүмкіндік бар. Энергетика, астық, текстиль саласында Алжирге қажетті өнімдерді апаруға болады. Ал Алжирден Қазақстанға – құрма, мандарин, картон өнімдері секілді көптеген тауар әкелуге болады.

Ең бастысы, екі тараптың да қалауы болса, жасалатын шаруа өте көп. Байланыстыратын ортақ нәрсе де көп. Жаңа айтып өткенімдей, Қазақстанда да ниет білдіріп жатқан кәсіпкерлер бар, Алжирден де келіп жұмыс істегісі келетіндер көп.

Алжир елшісімен сұхбат
Фото: видеодан алынған кадр

− Қазақстандық кәсіпорындар, инвесторлар мен кәсіпкерлер Алжирде қай салаларда жұмыс істеп, табыс таба алады?

− Мәселен, Алматыда кездескен құрылыс саласындағы кәсіпкерлердің ісі ұнады. Олардың өте өркениетті, заманауи деңгейде жұмыс істейтінін көрдім. Бұл – бізге өте қажет сала.

Сондай-ақ Қазақстаннан жүн, тері, астық тасымалдаудың келешегі зор.

− Екі елдің Сыртқы істер министрлері Орта дәліз жобасының келешегі туралы келіссөз жүргізгені айтылған еді. Демек, Алжир Орта дәліз жобасына қатысуға ниетті деген сөз бе? Қандай мәртебеде қатысқысы келеді?

− Бұл жобаға Алжирдің қызығушылығы бар. Біздің аумақта да осы іспеттес жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Мысыр елімен бірлескен «Мысыр-Дакар» жобасын айтуға болады. Осының бәрі болашақта екі жобаның түйісетін немесе осы бағытқа арналатынын көрсетіп отыр.

− Осы ретте Medgaz суасты құбыры, Мысыр-Дакар, Транссахара көлік дәліздері туралы айтып беріңізші, олар Алжир экономикасына қанша табыс әкеліп отыр? Бұл жолдар Орта дәліз жобасына қатыса ма?

− Әрине, олардың маңыздылығы зор. Себебі, жол, логистика, су – халық тіршілігінің негізгі көздері. Сіз атаған жобалар мемлекеттердің оқшауланып қалмай, алыс-жақын елдермен тығыз байланысуына, бір-бірімен сауда айналымын арттыруға көмектеседі. Мұның елімізге әкеліп жатқан пайдасы өте зор.

Орта дәліз жобасымен байланысуына келсек, оның ықтималдығы өте жоғары. Себебі, бұл бізді оқшауланудан қорғап, ынтымақтастығымызды, байланысымызды күшейтуге жол ашады.

− Сіздің еліңізде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Бұл сайлаудың қорытындысы еліңіздің дамуына, Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасқа қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

− Бұл да өте маңызды сұрақ, сізге зор алғысымды білдіргім келіп отыр. Біз осы кезектен тыс өтіп жатқан президент сайлауына Қазақстанда дауыс беру процесін ұйымдастырдық. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Астана қаласының әкімдігіне, жалпы мемлекетке алғыс айтқым келеді. Себебі, олар бізге қолдау көрсетті, техникалық дауыс беру процесін табысты жүргізуімізге қолайлы жағдай жасады. Елшілік деңгейінде Астана және Алматы қалаларында Алжир азаматтарының дауыс беруін ұйымдастыра алдық.

Әрине бұл сайлаудың Алжирдің дамуына әсері зор болады деп есептеймін. Себебі, экономика және басқа да маңызды салалар бойынша басталған реформалар мен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бар. Сайлау нәтижесі осы басталған істің жалғасын табуға ықпалын тигізеді. Оған қоса, президент бастамаларын толықтыруға, көптеген жобаның жүзеге асуына әсер етеді. Мысалы, президентіміз 2020 жылы инвестицияны қорғау жөнінде жаңа заңға қол қойды. Бұл заңға сәйкес, инвесторлардың құқығы, оларға жеңілдіктер, 7-8 жылға дейін салықтан босату, жеңілдетілген салық түрін көрсету анықталған. Осылайша, барлық салада әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға, жалпы айтқанда елдің экономикасына, барша азаматына тиімді әсері болатындай қадамдар жасалып жатыр. Осы істеріміздің жалғасын табуға еліміздегі президенттік сайлаудың әсері өте зор.

Ал Қазақстанға келсек, біздің президентіміз саяси қадамымыздың Азияға, оның ішінде Орталық Азияға, Қазақстанға бағытталуы керек екенін айтып жүреді. Біздің Сыртқы істер министріміз де осы мәселені негізгі алғышарт ретінде ұстап отыр.

− Алжирдің көрікті орындары өте көп, теңізі де ғажап. Туризм саласын дамыту үшін сіздің еліңіз қандай шараларды қолға алды?

- Еліміз бұл бағытта да ауқымды жобаларды қолға алды. Жеріміздің туристік әлеуеті зор, көршілес Марокко, Туниспен бәсекелесе алатындай, әлдеқайда тамаша орындарымыз бар. Мысалы, бізде 1800 шақырым теңіз жағалауы бар, онда демалыс орындары мен қонақ үйлер салынып жатыр.

Одан бөлек, әлі игерілмеген ормандарымыз бен шөл даламыз бар. Еуропалық туристер Сахара шөліне келіп, күннің батуын тамашалайды, құмда сноубордпен сырғанайды. Жерорта теңізінің мөлдірлігінен теңіз маржандары көрініп жатады, балықтың түрі өте көп.

Қазір Қазақстан мен Алжир арасында визалық режим бар. Алжирде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға, жауапты қызметкерлерге, кәсіпкерлерге виза беріліп келеді.

Соңғы жаңалықтар