Астана саммиті: Мемлекет басшылары мен мәртебелі меймандар пікірі

ШЫҰ
Фото: akorda.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Осы орайда Kazinform агенттігі айтулы шарада айтылған мемлекет басшылары мен саммитке қатысқан басқа да мәртебелі меймандардың салиқалы пікірлеріне шолу жасаған еді.

Іс-шараға Қазақстан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, Түркия және Түрікменстанның Мемлекет пен Үкімет басшылары, БАӘ-ден Рас әл-Хайма әмірлігінің әмірі, Үндістанның Сыртқы істер министрі, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы директоры қатысты

ШОС
Фото: akorda.kz

Саммитке сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы және ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары шақырылды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне келген мәртебелі меймандардың әрқайсысын жеке қарсы алды

Алғашқылардың бірі болып БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Silk Way-ге берген эксклюзивті сұхбатында аталған саммит пен Қазақстанның осы ұйымдағы рөлі туралы пікірін білдірді

«Алпауыт державалар бір-біріне қарсы болған кезде, Қазақстан сияқты елдер өте маңызды рөл атқарады. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы және БҰҰ сияқты ұйымдар қақтығыстарды шешуде, халықаралық экономикалық қатынастарда әділеттілік орнатуда, дамушы елдердің мүддесіне орай халықаралық қаржы институттарын реформалау мен адам құқықтары саласында өзінің маңызды үлесін қосады. Адам құқықтары экономикалық, әлеуметтік, мәдени, саяси және азаматтық құқықтарды қамтиды. Бұл мәселелерді баршамыз бірлесе қарастыруымыз керек, яғни қосарланған стандарттарға жол бермеу қажет. Менің ойымша, осы қадамдар адам құқықтары саласындағы прогреске ықпал етеді және түрлі дау-дамайға тосқауыл қояды», - деді БҰҰ Бас хатшысы. 

 Генсек ООН Антониу Гутерриш
Фото: Akorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, Шанхай рухын нығайту және Шанхай принциптерін ілгерілету арқылы ШЫҰ ең беделді халықаралық құрылымдардың біріне айналды

Айта кетсек, саммит барысында Беларусьті ұйым құрамына қабылдау туралы құжаттар рәсімделді. Осылайша Шанхай ондығы құрылды. 

Мемлекет басшысының атап өтуінше, Беларусь ШЫҰ-ға толыққанды мүше болу жолында қажетті рәсімдердің бәрін орындаған.

«Егер қарсылық болмаса отырысты Беларусь Республикасын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құрамына қабылдау туралы құжаттарға қол қою рәсімінен бастасақ», - деп ұсыныс жасады Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев
Фото: Akorda

Осы саммит қарсаңында ел Президенті Александр Лукашенко агенттік тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген болатын

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни «шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғанын атап өтті. 

«ШЫҰ кеңістігінде үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің Ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін», – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейту Ұйымға мүше елдерге ортақ тағы бір маңызды міндет екеніне назар аударды. Сонымен қатар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі ақпараттық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үздік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қолдануға бағытталған арнайы механизм әзірлеуді ұсынды.

Қазақстан Президентінің пікірінше, бүгін халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қабылданатын Өзара іс-қимыл жоспары аталған мақсаттарға сай келеді. 

Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Бұл туралы ШЫҰ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты

Президент Қазақстан төрағалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылғанын мәлім етті. 

«ШЫҰ форматын» барынша тартымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды, – деді Мемлекет басшысы. 

Саммит аясында өткен «ШЫҰ+» кездесуінде Беларусь Президенті Александр Лукашенко ШЫҰ-ның ұжымдық қаржы институтын құруды ұсынды. Беларусь басым мәселе ретінде ұлттық валютадағы екіжақты төлем механизмін құруды қарастырмақ. 

«Еуразия құрлығындағы түрлі интеграциялық үдерістерге көбірек көңіл бөлу қажет. Өткенде қазір дүние абдырап, тас қараңғыда қалғандай күй кешкенін айтқан болатынмын. Бас хатшының сөзі ғаламшарымыздың қатерлі даму келешегіндегі дау-дамай мен қауіпті растайды. Адамдар қандай да бір бағдар мен айқындықты күтеді. ШЫҰ мұны істей алады. Бірақ, мұны тез жасау керек. Өйткені уақыт тығыз. Қазір екінші дүниежүзілік және қырғи-қабақ соғыстан кейінгі жағдай сияқты емес. Уақыт жылдам әрекетті талап етеді, оны тез жасағанымыз дұрыс», — деді Александр Лукашенко.

Президент Беларуси Александр Лукашенко
Фото: Akorda

Оның атап өтуінше, посткеңестік кеңістікте одақтас мемлекеттер, Еуразия экономикалық одағы, ҰҚШҰ, ТМД аясында белсенді интеграция жүріп жатыр. Өзге де еуразиялық бірлестіктер — АСЕАН, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Ислам мемлекеттері лигасы қарқын алып келеді. 

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «ШЫҰ+» кездесуінде жасанды зейінді зиянсыз дамыту бағытында бірнеше ұсыныс айтты.

«Екінші экзистенциалды қауіп — цифрлық технологиялар. Жасанды зейіннің баршаға тиімді тұрақты дамуды жеделдетудегі әлеуеті зор. Дегенмен, ол күштер теңсіздігін ушықтырып, байлықтың шоғырлануын арттырып, адам құқығын бұзады және шиеленіс пен алауыздықты көбейтеді», — деді ол.

БҰҰ басшысы жасанды интеллектінің адамзат өміріндегі рөлін реттеу — қуатты елдердің ғана шаруасы болмауы керектігін айтты. 

«Үкіметтерге шұғыл түрде технологиялық компаниялармен, академиялық ортамен және азаматтық қоғаммен жұмыс істеп, жасанды зейін тәуекелдерін басқару, оның зиянын бәсеңдету жүйесін шұғыл түрде біріздендіру қажет. Бұл тек бай елдердің ғана басым мақсаты болмауы керек. Аталған мәселе барша елдердің қатысуын талап етеді. БҰҰ осының бәрін жүзеге асыру үшін алаң ұсынуға дайын», — деді Антониу Гутерриш. 

Қытай төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ аясында цифрлық білім қауымдастығын құру керектігін айтты. 

«Біз Beidou навигациялық жүйесінің қолданысын кеңейтіп, халықаралық ай стансасын құру жобасына қатысуды құптаймыз. Цифрлық білім беру саласында ШЫҰ қауымдастығын құрудың, соның аясында цифрлық технология мамандарын дайындау үшін алдағы үш жылда мыңнан кем түспейтін квота бөлуді ұсынамыз», — деді Си Цзиньпин. 

 Председатель КНР Си Цзиньпин
Фото: Akorda

Сондай-ақ, ол ШЫҰ аясында өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетудің басым бағыттарын атады.

«Бұл бағытта ауыл шаруашылығы технологияларын дамытып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту маңызды. Сондай-ақ, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамыту қажет. Ұлттық валютаның есеп айырысудағы үлесін көбейтіп, ШЫҰ аясында қаржыландыру алаңын құру бағытында белсенді жұмыс жүргізу керек», — деді Қытай басшысы. 

Өз кезегінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ШЫҰ гуманитарлық бастамалары мен бағдарламаларының бірыңғай банкін құруды ұсынды

«Осы тұрғыда конструктивті диалог пен көпжақты серіктестік арқылы сенім тапшылығын еңсеруге бағытталған ортақ қауіпсіздік пен гүлдену жолында біз ұсынған Самарқанд ынтымақтастық бастамасы бұрынғыдан да өзекті. Бұл бастаманы іс жүзінде жүзеге асыру тұрақты даму жолындағы қайшылықтарды еңсеру үшін өркениетаралық диалогты нығайтуға септігін тигізеді. Біз бірлесе отырып, мәдени, білім, жастар мен туристік алыс-беріс салаларындағы бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы ұйымды бұдан да жасампаз ететінімізге сенімдімін. Осы мақсаттарда біз барлық мүдделі тарапты жұмылдыра отырып, осы бағыттардағы жобаларды жүйелеуге және бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ШЫҰ-ның Бірыңғай гуманитарлық бастамалар және бағдарламалар банкін әзірлеуді ұсынамыз. Осы кездесулердің қорытындысы ШЫҰ аясындағы көпқырлы серіктестікті дамытуға қуатты серпін беретініне сенімдімін», - деді Шавкат Мирзиёев. 

Президент Узбекистана Шавкат Мирзиёев
Фото: Akorda

Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында өткен «ШЫҰ+» кездесуінде Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған ШЫҰ — Азия елдерімен диалог орнатуға өте ыңғайлы платформаның біріне екеніне тоқталды.

«Бүгінде әлемдік қауіпсіздік архитектурасының бүкіл іргетасы шатқаяқтап тұр. Исламды дұшпан көру, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік тасымалы барысында кедергілер қазіргі әлемдегі геосаяси күйзелісті одан сайын ушықтырып отыр. Мұның ішіндегі ең сорақы қатігездік Газа секторында болып жатыр. Израильдің Газа секторына қатігездікпен шабуыл жасауы 40 мыңға жуық жазықсыз жанның опат болуына әкелді. Қираған ғимараттардың астында мыңдаған баланың мүрдесі қалды. 

Израильдің осы әрекетіне тосқауыл қоюымыз қажет. Халықаралық құқық аясында олардың мұндай қатігездігін мәжбүрлі түрде тоқтататындай әрекеттерге баруымыз қажет. Сонда ғана әлемдік деңгейде әділет орнайды», — деді Түркия Президенті.

Президент Турции Реджеп Тайип Эрдоган
Фото: Akorda

Сонымен қатар Режеп Тайип Ердоған Түркия терроризмге қарсы күресте ШЫҰ-мен диалогты дамытуға мүдделі екенін баса айтты. Оның атап өтуінше, осындай терроризм актілерінің салдарынан миллиондаған адам босқынға айналды. Тек Түркияның өзінде 4 млн босқын бар.

«Атажұртымыз — Орталық Азия елдерімен әр салада ортақ пайда негізіндегі ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз әрі мүдделіміз. ШЫҰ Азия елдерімен диалог орнатуға өте ыңғайлы платформалардың бірі екенін атап өткім келеді», — деді мәртебелі мейман. 

Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов ШЫҰ мүшелерін Ауғанстандағы инфрақұрылым жобаларына атсалысуға үндеді

«ШЫҰ-ның мүдделі елдеріне Ауғанстан аумағындағы энергетикалық және коммуникациялық жобаларға қатысудың шарттарын қарастыруды ұсынамыз. Әңгіме «Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан» газ құбыры мен «Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан» электр желісі мен талшықты байланыс желісін тарту туралы болып отыр», - деді Гурбангулы Бердімұхамедов. 

Гурбангулы Бердімұхамедов
Фото: Фото: Akorda

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров ШЫҰ-ның серіктес елдерін ұйымның қаржылық құрылымдарына тартуды алға тартты

«Қырғыз Республикасы диалог бойынша серіктестермен экономикалық және гуманитарлық өлшемдердегі өзара іс-қимылды күшейту мәселесіне айрықша мән береді. Бүгінгі күннің басты міндеті — сауда, инвестиция, банк ісі, көлік, энергетика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, оның ішінде туризм мен білім беру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға серіктестерімізді белсенді тарту», — деді Қырғыз басшысы.

Президент Кыргызстана Садыр Жапаров
Фото: Akorda

Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер Орталық Азия мен Теһран арасындағы қарым-қатынастың дамуында Қазақстанның шешуі рөл ойнап отырғанын айтты. 

«Біз Қазақстан сияқты дос пейілді елдермен өзара қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз және қонақжайлығыңыз үшін алғыс айтамыз. Сіздер әрдайым Иран мен Орталық Азия аймағының арасындағы өзара достықты ілгерілетуші ел болып келе жатырсыздар. Сіздермен арамызда өркениеттік тарихи байланыс бар. Орталық Азия елдері мен Иран арасындағы өзара қарым-қатынас кеңейе түседі деп үміттенеміз», — деді ол «ШЫҰ+» кездесуінде. 

акорда
Фото: Акорда

Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін қорытындылаған ұйым бас хатшысы Чжан Мин Қазақстан төрағалығы барынша мазмұнды әрі қызықты болды деген пікір білдірді

«2023 жылдың шілдесінен бастап ШЫҰ-ға төрағалық Қазақстанға өтті. Төрағалық ету кезеңінде қазақстандық тарап түрлі салада 140-тан астам іс-шара ұйымдастырды. Экономикалық, инвестициялық, көліктік, мәдени-гуманитарлық және экологиялық аспектілерге баса назар аударылды. Біздің ойымызша, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы өте мазмұнды және қызықты болды», - деді Чжан Мин. 

Чжан Мин
Фото: Akorda

Эмомали Рахмон Тәжікстанның гидроэнергетика ресурстарын ШЫҰ серіктестерімен бірлесіп игеруге дайын екендігін жеткізді

Президент Таджикистана Эмомали Рахмон
Фото: Akorda

Оның атап өтуінше, Тәжікстанның «ШЫҰ отбасы» елдерімен тауар айналымы үдемелі түрде өсіп келеді.

Осы ретте ол аталған елдермен жоғары технологиялар, инновация және жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларды бақылаушы мемлекеттер мен серіктестердің әлеуетін тарта отырып нақты іске асыруды ұсынды.

Сондай-ақ, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин «ШЫҰ+» кездесуінде Түркия басшысы Реджеп Тайип Ердоғанға Ыстамбұл келіссөзі үшін алғыс айтты

«Ыстамбұл уағдаластықтары, ол үшін бұл жұмыста ара ағайын ретінде қатысқан Түрік Республикасының Президенті Р.Ердоғанға рахмет. Ол уағдаластық ешқайда кеткен жоқ. Украиналық келіссөз делегациясының басшылары келіссөз парақтарына белгі қойған да болатын. Яғни, Украина жақтың көңілінен шыққан. Бұл Стамбул келісімдері қазір «үстел үстінде» қалып отыр және оны қайта жалғастыруға негіз бола алады», - деді В.Путин.

путин
Фото: Акорда
Соңғы жаңалықтар