Атыраудағы отбасы өлімі: жәбірленуші тарап күдіктіден 70 млн теңге моральдық өтемақы талап етті

АТЫРАУ.KAZNFORM – 4 адамды өлтірді деген күдікке ілініп, сот алдында жауап беріп жатқан Сұлтан Сарсемаливке марқұмдардың туыстары 70 млн теңге моральдық шығынды өтеуді талап етті.

Сұлтан Сарсемалиев
Фото: видеодан алынған скрин

Мұндай талап арызды Мақсот Қарабалинның туған қарындасы Әдемі Шылмағанбетова қойып отыр. Оның айтуынша, қанды қылмастан кейін әулеттен береке кетіп, туған-туыстың денсаулық жағдайлары нашарлаған. Сондай-ақ марқұмдардың қаделерін беру кезінде кеткен шығын да бар.

а
Фото: видеодан алынған скрин

Ал Нәсіп Өтешқалиеваның жақындары тарапынан моральдық не материалдық шығын талап ету туралы талап-арыз сотқа түспеген.

Үшінші жәбірленуші тарап, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне келтірілген шығын 776 мың теңгеден асады. Бұл марқұмдардың зейнатақысы мен мүгедектігіне байланысты берілген жәрдемақы.

Сотта Сұлтан Сарсемалиев моральдық өтемақы мен келтірілген шығынды төлеуден бас тартпайтынын, дегенмен қазіргі уақытта жекеменшігінде жылжымайтын мүліктің жоқтығы мен жағдайының төмен екенін мәлімдеді.

Сот отырысына мүрделерге талдау жүргізген сарапшы келіп, мүрделердегі жарақаттардың тереңдігі мен әсері жөнінде пікір білдірді. Сарапшы Сержан Сейдешовтың айтуынша, Наурыз Мұқанғалиевтің денесі 10 айдан табылғаннан кейін бас сүйегі денесінен бөлініп қалуы қалыпты жағдай . Мүрденің шіруі, кей бөліктерінде бұлшықеттер мен тіндердің болмауы да бұған әсер етеді. Наурыз Мұқанғалиевтің мүрдесі табылған кезде оның бұлшықеттері мен тіндері қалған бөлектерден 10 жарақат анықталған.

Ал Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева мен Мейрамгүл Қарабалинаға салынған жарақаттардың кейбірінің тереңдігі 18 сантиметрге дейін жетеді. Яғни, үш адамды өлтіруге пайдаланылған пышақтың жүзі кем дегенде 18 сантиметр. Сарапшы Мейрамгүл Қарабалинаның мүрдесіндегі пышақ жарақат саны – 32, дегенмен бұл күдікті марқұмға соншама рет пышақ тықты дегенді білдірмейді деп отыр.

а
Фото: видеодан алынған скрин

 

- Пышақты бір мәрте тыққанда қол сияқты дене мүшелерінде екі жарақат пайда болған. Соны ескерген жөн. Анықтау барысында Мейрамгүл Қарабалинаны 27 мәрте пышақтаған деуге негіз бар, - деді сарапшы Сержан Сейдешов.

Сұлтан Сарсемалиев бүгін де Наурыз Мұқанғалиевті өзін өзі қорғау үшін, ал отбасының қалған үш мүшесін әдейі өлтіргенін айтты. Марқұмдардың туыстарынан жәбірленуші тараптың адвокаты қойған сұрақтан кейін ғана кешірім сұрады. Күдікті отбасындағы жағдай туралы өзге адамдарға тіс жарып айтпаған. Сондықтан істе Сұлтанның сөзін растайтын жақын туыстарынан басқа куәлер болмады. Олар да күдікті мен марқұмдардың арасындағы келіспеушілік туралы жіті білмейтін болып шыққан еді.

- Жалғыз өзім қашсам ұстатпас едім. Мұны ашық айтамын. Әйеліммен алысқа кете алмадым, - деді Сұлтан Сарсемалиев.

Күдікті үш телефонды жиі пайдаланған. Сұлтан Сарсемалиев бүгін солардың бірін ашып, Наурыз Мұқанғалиев пен Мақсот Қарабалиннің қарындасы Нәсіп Өтешқалиеваның 2024 жылдың тамызында сөйлескен хабарламаларын көрсеткісі келді. Күдіктің айтуынша, бұл диалогта өзіне қатысты сөздер айтылған. Дегенмен әзірге WhatsApp қосымшасын ашу мүмкін болмады.

Бұған дейінгі сот отырысында іс бойынша жиналған заттай дәлелдер көрсетілді. Олардың қатарында марқұмдардың жеке құжаттары, банк карталары, байланыс құралдары және қылмысқа қатысты басқа да айғақтар бар.

Сол күні айыпталушы мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тараптың сұрақтарына жауап беруден бас тартатынын, алайда судья мен өзінің адвокаты қойған сұрақтарға жауап беруге дайын екенін жеткізген еді.

Процесс кезінде Сұлтан Сарсемалиевтің тергеу кезіндегі видеосы көрсетілді. Онда ол қылмысты жасыруға шешім қабылдағанын және қайынапасының жағдайына алаңдамағанын айтқан. 

Сондай-ақ Ақбаян Мұқанғалиеваның тергеу кезінде не айтқаны белгілі болған еді.

Айта кетейік, күдікті ата-енесін өлтіргеннен кейін енесінің алтындарын ломбардқа өткізген.

Жангелдин ауылында марқұмдардың малын баққан бақташыға Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиев болып сөйлесіп, малшыға күніне 3 мың теңге беріп отырған.

Өткен сот отырыстарының бірінде Атырау қаласында екі мүрде табылған үйдің иесіне жалдау ақысы бейтаныс адамнан түсіп отырғаны белгілі болды.

Күдікті 2024 жылы кәсіпкерлік нысандардың біріне жалдамалы жұмысшы болып, жер қазып, қоқыс шығарған. Сұлтан мен жұмыс берген кәсіпкер бір ықшамауданда тұрған. Ара тұра бір-бірін көргеннен кейін аға-іні болып араласқан. Куә сол кезде Сұлтан Сарсемалиевтің қара жұмысқа икемді, қолы машықтанған, жерді жалғыз өзі қазатын қайратты екенін айтқан.

Айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты. 

Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (екі және одан да көп адамды өлтіру), сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру деректері бойынша осы кодекстің 188 және 190 баптары аясында қылмыстық іс қозғалған еді.

Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған.

Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды. 

Марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.

Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.