Ауғанстан мен Пәкістан Стамбулда қайтадан келіссөз жүргізбек
АСТАНА. KAZINFORM — Ауғанстан мен Пәкістан шекарадағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөздерді жалғастыруға келісті. Келіссөздердің жаңа кезеңі 6 қарашада Стамбул қаласында өтпек. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
 
                                              Алдағы кездесулер туралы мәлімет Түркия мен Қатардың арағайындығымен өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар қабылдаған бірлескен мәлімдемеде көрсетілген. Құжатты Түркия Сыртқы істер министрлігі таратты.
— Ауғанстан, Пәкістан, Түркия және Қатар 25–30 қазан аралығында Стамбулда кездесулер өткізді. Кездесудің мақсаты — осы жылғы 18–19 қазанда Дохада Түркия мен Қатардың делдалдығымен Ауғанстан мен Пәкістан арасында қол жеткізілген атысты тоқтату режимін нығайту болды. Барлық тараптар бітім шартын жалғастыруға келісті. Оның әрі қарай жүзеге асырылу шарттары 6 қарашада Стамбулда өтетін кездесуде талқыланып, нақты шешім қабылданады, — делінген мәлімдемеде.
Құжатта сондай-ақ барлық тараптардың бейбітшілікті сақтау мен шарттарды бұзғандарға санкция қолдануды қамтамасыз ететін мониторинг және тексеру тетігін құруға уағдаласқаны атап өтілген.
— Арағайын елдер ретінде Түркия мен Қатар тараптардың белсенді қатысуына ризашылық білдіріп, аймақта тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді, — деп көрсетілген мәлімдемеде.
Еске сала кетсек, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның нұсқауымен Дохада келіссөздер өтіп, онда Пәкістан мен Ауғанстан арасында сындарлы диалог орнатуға мүмкіндік туғанын хабарлағанбыз.
19 қазан күні Ауғанстан мен Пәкістан атысты тез арада тоқтату туралы келісімге келгенін де жаздық.