Башар Асад елден қашқан соң алғаш рет мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Сирияның бұрынғы президенті елден армия «соңғы позицияларын беріп» және «барлық мемлекеттік институт сал болып қалғанда» ғана кеткенін айтты, деп хабарлайды Euronews.

Башар Асад елден қашқаннан кейін алғашқы мәлімдемесін жасады. Ол Дамаскіде көтерілісшілер астанаға кірген 8 желтоқсан күні таңертеңге дейін болғанын және сол күні кешке армия «соңғы позицияларын жоғалтқанда» және «барлық мемлекеттік мекемелер сал болып қалған кезде» елден кеткенін айтты.
Бұл мәлімдеме бұрынғы президенттің Telegram-каналында жарияланды. Онда оның Дамаскіден ресейлік Хмеймим авиабазасы орналасқан Сирияның Латакия провинциясына барғаны айтылады. Сонымен бірге оның астанадан кетуі «ресейлік одақтастармен келісе отырып және әскери әрекеттерді одан әрі бақылау мақсатында» жүзеге асырылды.
Бұрынғы президент «Сириядағы оқиғалар кезінде отставкаға кету және елден қашу мүмкіндігін бір рет те ойламағанын» айтады. Ал оның Хмеймим базасынан эвакуациялануына армияның құлағаны және базаның өзіне ұшқышсыз ұшақтармен шабуыл жасай бастағаны себеп болған көрінеді.
Асад мәлімдемені жариялауды қауіпсіздік мақсатында кейінге қалдырғанын жазды және оқиға туралы егжей-тегжейлі баяндауға уәде берді.
Бұған дейін Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадтың Мәскеуде екені және Ресейден баспана алғаны белгілі болған.
Бұған дейін Еуропалық Одақтың Сыртқы істер қызметі Сириядағы жағдай бойынша мәлімдеме таратқан еді.
Қытай да Сириядағы жағдайды мұқият бақылап отырғанын және елде тұрақтылықтың мүмкіндігінше тезірек қалпына келуіне үміттенетінін жеткізді.
Ресей Сыртқы істер министрлігі Башар Асадтың билікті бейбіт жолмен тапсыратынын айтып, елден кеткенін атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Голан жоталарындағы бітімгерлердің қауіпсіздігі үшін қажетті шара қабылдап жатыр. Қазақстандық бітімгерлер қызмет ететін БҰҰ-ның Голан жоталарындағы (СОННР) жауапкершілік аймағындағы жағдай шиеленісті, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр.
Бұған дейін Kazinform Башар Асадтың өмірбаянын, Таяу Шығыстың ең күрделі және қақтығысқа толы елдерінің бірін қалай басқарғанын шолып көрді.