Баспана, мектеп, су құбырлары: Антикор құрылысы ұзаққа созылған жобаларды бақылауға алды
АСТАНА. KAZINFORM — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік нысандарды сүйемелдеу және мониторингтеу жұмыстарын жалғастырады. Биыл құрылысы 4 жылға дейін созылған 6 проблемалық нысан қолданысқа берілді. Қазір ел бойынша құрылысы ұзаққа созылған 152 нысан агенттік бақылауында тұр.

Құрылысы ұзаққа созылған нысандарды сүйемелдеу жобасы 2023 жылдың қазан айында іске қосылған еді. Осы сәттен бері 87 нысанның құрылысы аяқталды. Олардың қатарында мектептер, тұрғын үйлер, спорттық және мәдени нысандар, сондай-ақ көпірлер мен су құбыры желілері бар.
− Ең көп нысан құрылысы аяқталған өңір — Павлодар облысы (14), Ақтөбе облысы (10), Қызылорда облысы (8) және Астана қаласы, Түркістан, Ақмола және Батыс Қазақстан (6) облыстары көш бастап тұр. Бұл жобалардың барлығы тұрғындар үшін, әсіресе шалғай, ауылдық елді мекендердегі халық үшін аса маңызды. Енді мыңдаған баланы сапалы біліммен қамтитын 20 мектеп, көпбалалы отбасылар мен жетім балаларға арналған 12 тұрғын үй қолдануға берілді, − деді Данияр Бигайдаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте өткен брифингте.
Сонымен бірге, 9 спорт нысаны, 8 мәдениет және демалыс нысаны, 4 денсаулық сақтау нысаны және 4 көпір мен 3 балабақша ашылады.
Таза ауыз сумен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде 26 елді мекен таза суға қол жеткізді, бұл жергілікті тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Павлодар облысында Күркелі, Баянауыл және Шұға ауылдарында су құбыры желілері іске қосылды. Бұл жобалар 400-ден астам үй шаруашылығын таза ауыз сумен қамтамасыз етті.
− Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеевка қаласында үш жыл бойы күткен 27 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл үй 2022 жылы аяқталуы керек еді. Пәтерлер көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және әлеуметтік осал топтарға берілді. Қостанай қаласында 45 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталып, кешігіп болса да пайдалануға берілді. Атырау облысының Сарытоғай ауылында мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Бұл нысанның құрылысы 8 жылға созылған болатын, − деді ресми өкіл.
2025 жылдың екінші тоқсанында елдің түрлі өңірлерінде тағы 15 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Олардың қатарында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай, Түркістан, Ұлытау облыстары мен Алматы, Шымкент қалалары бар. Бұл жобалар тұрғын үйлермен қатар, мектептер, спорт және мәдениет нысандары сияқты әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын қамтиды.
Айта кетейік, 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 триллион 130 миллиард теңгеден астам актив қайтарылды. Активтердің едәуір бөлігі — 670 миллион АҚШ доллары шетелден қайтқан.
Сыбайлас жемқорлықтан тәркіленген ақшаға елімізде 89 мектеп салынып жатыр.