Бүгін үш мегаполис пен тағы 9 қалада ауа сапасы нашарлайды
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК еліміздегі ауа сапасына қатысты болжамын жариялады.
— 3 қарашада Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Орал, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Алматы, Астана қалаларында атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін метеорологиялық жағдайлар күтіледі, — делінген хабарламада.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елдімекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы ықтимал.
Айта кетейік, Қарағанды облысында жыл басынан бері ауаның жоғары деңгейде ластануының 232 жағдайы тіркелді. Сондай-ақ су нысандарынан осындай 31 дерек анықталған.
Ал Екібастұзда экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорын 70 млн теңгеге жуық айыппұл төледі.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Ново-Березов кен орнында экологиялық заңбұзушылықтар анықталды.