Депутат жастар қатыгездігіне не әсер етіп отырғанын айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенатор Дархан Қыдырәлі еліміздегі жастар арасындағы зорлық-зомбылық пен қылмыстың өсіп келе жатқаны туралы депутаттық сауал жолдады.

Сенатордың айтуынша, биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ұлытау, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында арта түскен.
Депутат жастар арасындағы проблемалар бізде ғана емес, жалпы әлем жұртшылығының алаңдатып отырғанын айтты. Сондықтан дамыған елдерде жастар, жаңа ұрпақ туралы ауқымды зерттеулер жүргізіледі. Елімізде бұл тақырып ғалымдар назарынан тыс қалып жатыр.
«Масс-медиадағы басым күш культі, танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрессияның насихатталуы қатігездікті өршіте түсетіні аян. Әлеуметтік желілер арқылы кең таралған ойындар жастардың танымы мен талғамын қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейрімін сезінбеу, отбасыдағы түрлі кикілжің мен травма, білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға социализация моделін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара алмаймыз. Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз. Орташа 10 мектепке 1 испектордан ғана келеді», - деді Д. Қыдырәлі Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.
Сенатор жастардың проблемасы әртүрлі министрліктер құзыретіне бөлініп кеткенін, бірақ салаға жауапты Жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымы жоқ екенін атап өтті. Кейбір салаларда бірнеше адам ғана жастар саясатымен айналысады, бұл туындаған мәселені оң шешуге мүмкіндік бермейді. Жалақы төмен болғандықтан, Жастар ресурстық орталықтарында білікті кадрлар тұрақтамайды.
«Заңдар мен бағдарламалар қабылданып жатыр. Атқарылып жатқан істер де аз емес. Десек те бұл ұлт болып ойланатын өзекті тақырып. Жастар саясаты бойынша басқармаларды барлық өңірлерде қайта құру маңызды. Жастардың ресурстық орталықтарын жақсарту керек және аймақтарда Комьюнити орталықтарын ашу керек. Орталық және аймақтық атқарушы органдардың жұмысын жүйелеу үшін отбасы және жастар ісі жөніндегі комитеттің құзыретін күшейту қажет», - деді Дархан Қыдырәлі.
Еске салайық, бұған дейін 4 қазан күні Талғар қаласындағы төбелестен жасөспірім қайтыс болғанын жазғанбыз.
Алматы облысының Полиция департаменті Талғар қаласында 16 жастағы жасөпірімнің өліміне қатысы бар күдіктілердің Қонаев қаласына жеткізілгенін хабарлады.
Ішкі істер министрі Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі бақылауға алды.