Дін бостандығын қолдаймыз – АҚШ елшісі хиджабқа рұқсат беру жөнінде
Қазақстандағы АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм журналистермен өткен дөңгелек үстелде елдегі хиджабқа рұқсат беру жөнінде тілшілер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымды айтсам, қоғамдық орындарда, мектептерде хиджаб кию мәселесімен онша таныс емеспін. Бұған дейін Өзбекстанда жұмыс істегенде аталған мәселені жиі көретінмін, бұл да Өзбекстандағы өзекті тақырып болды», - деп жауап берді Дэниель Розенблюм.
Елші Қазақстандағы жағдайларға қатысты нақты пікір бере алмайтынын, бірақ АҚШ-тың әрқашан дін бостандығы мен өзін таныту бостандығы идеясын қолдайтынын атап өтті.
«Әр елге байланысты «өзін таныту» ұғымы өзгеруі мүмкін, сондықтан бұл болжалдар мен ұстанымдарды нақты елге бейімдеу қашан да маңызды, бірақ мен АҚШ-та әрқашан осындай бостандықтарды сақтау мен қамтамасыз етуді жақтайтынымызды айтқым келеді», - деді дипломат.
Бұған дейін Дэниел Розенблюм АҚШ президенті Джо Байденнің Орталық Азияға сапары жөнінде сұрақтарға жауап берді.
Орталық Азияда Қазақстан азаматтарына ғана АҚШ-тың 10 жылдық миграциялық емес визасы беріледі. Елші АҚШ визасын беруді жеңілдетуге мүдделі екендерін айтты.
Сондай-ақ, АҚШ елшісі шет елден ақша алатын қазақстандықтардың тізіміне қатысты пікір білдірді.