Елдегі реформалар елеулі нәтиже көрсетті — Ерлан Қарин
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин Қытай мен Орталық Азияның «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» атты гуманитарлық алмасу форумында елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар мен басым бағыттар жөнінде айтып берді.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, Қазақстанда қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтитын ауқымды реформалар жүргізіліп келеді.
— Соңғы жылдары бұл реформалар елеулі нәтиже көрсетті. 2025 жылдың алғашқы 5 айында еліміздің ЖІӨ өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ды құрады. Негізгі капиталға инвестициялар 18%-дан астам өсті. Бұл өсім — көлік, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымға, сондай-ақ жаңа маңызды өндірістік нысандарға құйылған қаржының нәтижесі, — деді Ерлан Қарин форумның ашылуында.
Оның айтуынша, жоғары экономикалық өсіммен қатар әлеуметтік-гуманитарлық сала да белсенді дамып келеді.
— Мемлекет ең алдымен жас ұрпақтың дамуына баса назар аударып отыр. Өткен жылдан бастап Президент Қ. Тоқаевтың бастамасымен «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы жүзеге аса бастады, осылайша жыл сайын мұнай табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балаларға аударылады. Биыл «Келешек» атты білім капиталын жинақтауға арналған жаңа бағдарлама іске қосылды. Қазіргі уақытта «Қазақстан балалары» атты кешенді ұлттық бағдарлама әзірленіп жатыр. Біз өскелең ұрпаққа құйылған инвестиция — ел болашағына салынған инвестиция деп білеміз, — деді Ерлан Қарин.
Сонымен бірге, Қазақстанның болашақ даму басымдықтарына қатысты нақты көзқарасы бар, оны биылғы наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қ. Тоқаев айқындап берді. Бұл бес басымдықтың арасында цифрландыру мен жасанды интеллект, энергетика, көлік және транзит, агроөнеркәсіп кешені мен адами капитал бар.
— Жалпы біздің елдеріміздің даму басымдықтары туралы көзқарастарымыз үндесіп жатыр. Бүгінгі іс-шара мен екінші саммит Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасы арасындағы байланыстардың сапалы түрде кеңейіп келе жатқанын дәлелдей түседі. Қытай мен Орталық Азия елдері басшыларының тұрақты кездесулері аясында ұйымдастырылған бүгінгі форум — өзара сенімнің берік іргетасын қалыптастырады. Президент Қ. Тоқаев атап өткендей, Орталық Азия елдерінің әлеуеті мен Қытайдың аса ауқымды экономикалық мүмкіндіктерінің үйлесімі көпжақты ынтымақтастығымызға жаңа әрі жоғары серпін бере алады. Осылайша, Орталық Азия мен Қытайдың жақындасуы — тек қазіргі ынтымақтастықтың мәселесі емес, біздің елдеріміздің болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Ақпарат, мәдениет және жаңа технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларымыз өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайта түсетініне сенімдіміз, — деді Ерлан Қарин.
Бұған дейін Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларын құттықтау хатын оқып берген еді.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келді. Екі күнге созылатын сапар барысында еларалық мәселелер талқыланып, мемлекет басшылары «Орталық Азия — Қытай» саммитіне қатыспақ.