Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. 

 Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

20 қаңтарда Төлеу Мұхтар Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып тағайындалды. 

Төлеу Мұхтар - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Мемлекеттік қызметте сегіз жылдан астам еңбек етіп келеді.

Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасында бас маман болып жұмыс істеді. Қарағанды облысы Дін істері басқармасының Конфессияаралық қатынастар проблемаларын талдау және зерттеу орталығын басқарды. 2018 жылдан бастап Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында жұмыс істеп келеді, 2019 жылдан бастап басшының орынбасары қызметін атқарды.

20 қаңтарда Теміржан Бөлтеев Ақтөбе облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасына тағайындалды. Ол бұған дейін коммуналдық мекемеде басшы болған. 

Ол 1963 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1989 жылы Қарағанды педагогикалық институтын «Алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі», 2007 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Ақтөбе облысы әкіміні баспасөз қызметінің хабарлауынша, еңбек жолын 1980 жылы Байғанин орта кәсіптік-техникалық училищесінің тракторисі болып бастаған.

1981–1984 жылдары «Актюбсельстрой» кәсіпорнында жұмысшы, «Сельхозэнерго» кәсіпорнында электромонтер болды. Ал 1989–1999 жылдары Жаңажол орта мектебінде алғашқы әскери даярлық жетекшісі, Байғанин аудандық кәсіптік-техникалық училищесінің әскери даярлық оқытушысы, Байғанин аудандық әскери комиссардың орынбасары, әскери комиссары болып жұмыс істеген. 

1999–2015 жылдары Мұғалжар ауданының әскери комиссары, Ақтөбе қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы. 

30217 әскери бөлімінің штаб бастығы — бригада командирінің бірінші орынбасары, Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы. 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері штаб бастығының орынбасары — штабтың ұйымдастыру — жұмылдыру басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 

2020–2024 жылдары Ақтөбе облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы. 

2024 жылдың тамыз айынан бастап Ақтөбе облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының «Жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметін атқарып келді. 

21 қаңтарда Тигран Гекчян Қазақстан баскетбол құрамасының бас бапкері атанды. 

Федерацияның хабарлауынша, баскетболдан Қазақстан құрамасын Катар және Иран құрамаларына қарсы өз алаңындағы матчтарға Қазақстанда «Атырау барыстары» клубындағы жұмысымен танымал армян маманы Тигран Гекчян дайындайды.

Гекчянның штатына сондай-ақ ресейлік Евгений Овсянников пен екі қазақстандық бапкер – Александр Лысяк пен Тимур Сұлтанов кірді.

21 қаңтарда Әкім Тұрсұн республикалық Тоғызқұмалақ Федерациясы президенті болып сайланды. 

Ал бұған дейін республикалық федерацияны басқарған қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов ұйымның Құрметті президенті болып бекітілді. Сонымен бірге Бәйменов Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы президенті қызметін жалғастырады.

Астанада өткен республикалық федерацияның жиынында Әлихан Бәйменов осы күнге дейін Республикалық Тоғызқұмалақ Федерациясы вице-президенті қызметін атқарған Әкім Тұрсұнды федерация басшысы қызметіне ұсынды. Отырысқа қатысқан өңірлік федерация жетекшілері, тоғызқұмалақ қайраткерлері және Федерация басшылық құрамы ұсынысты қолдап, Тұрсұнды ҚР Тоғызқұмалақ Спорты Федерациясы президенті лауазымына сайлады.

Бейсенбі күні Давид Лория Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды. 

Давид Лория – қазақ футболы тарихындағы ерекше тұлғалардың бірі. Футболшы мансабында «Жеңіс», «Есіл», «Шахтер», «Хальмстад» (Швеция), «Спартак-Нальчик» (Ресей), «Астана», «Ертіс», «Ризеспор» (Түркия), «Қайрат», «Каршияка» (Түркия), «Ордабасы» клубтарында ойнады.

Қазақстан ұлттық құрамасында 47 ойын өткізіп, қақпашылар арасында рекорд жасады.
1999 жылы Қазақстан жастар құрамасы сапында Нигерияда өткен әлем чемпионатына қатысты.
Мансабын аяқтағаннан кейін «Астана» футбол клубында, Астана қаласының футбол федерациясында және «Super Bol» жобасында басшылық қызметтер атқарды.
2019-2022 жылдары УЕФА UEFA MIP – UEFA Executive Master for International Players магистрлік бағдарламасы бойынша спорт менеджменті саласында білім алды.

Аптаның екінші күні Ерлан Сұлтангереев Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды. 

Ерлан Бақытұлы 1980 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 2003 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі», 2013 жылы Астана медицина университетін «Медицина» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Медицина ғылымдарының докторы. 

Еңбек жолын 2004 жылы Жедел медициналық жәрдем ауруханасының хирургия бөлімінде дәрігер-хирург болып бастаған. 

2010 жылы осы мекемеде дәрігер-ординатор лауазымына ауыстырылған. 

2017-2018 жылдары Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігердің хирургиялық қызмет жөніндегі орынбасары. 

2018-2020 жылдары Ақтөбе медициналық орталығыныңбалалар стационарының медициналық директоры қызметтерін атқарған. 

2020 жылдың қазан айынан бастап 2024 жылдың тамыз айына дейін Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері қызметінде болды

21 қаңтарда Бұлбұл Күзембаева Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы болды. 

Ол бұған дейін Батыс Қазақстан облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы қызметін атқарды.

2000 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогикалық мамандығын, 2016 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің құқықтану мамандығын тәмамдаған. 

Еңбек жолын 2000 жылы № 2 Мәртөк орта мектебінің мұғалімі болып бастаған. 2003-2007 жылдары осы мектепте директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасары болып жалғастырған.

2007-2010 жылдары Мәртөк аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болған. 

2010-2011 жылдары Ақтөбе облысы балалардың құқықтарын қорғау департаментінің мониторинг және ақпараттық-талдау қызметі бөлімінің бастығы болды. 

2011-2018 жылдары Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары, Ойыл ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 

2018-2022 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы қызметінде болды. 

2022 жылдың маусым айынан бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Батыс Қазақстан облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы қызметін атқарып келді. 

22 қаңтарда Әділжан Исатайұлы Ғұбашев Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы лауазымына ротация тәртібімен тағайындалды. 

Әділжан Ғұбашев 1975 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген. 
Білімі жоғары. Қазақ ұлттық университетін автоматика және техникалық жүйелерді басқару, Каспий қоғамдық университетін заңтану, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін есеп және аудит мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары Қазақстан Республикасының кеден органдарында жұмыс істеп, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік-құқықтық жұмыстар секторының меңгерушісі, осы бөлім басшысының орынбасары болды.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сатып алу басқармасы әлеуметтік нысандарды дамыту бөлімінің басшысы, БҚО мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарында қызмет еткен.

Сәрсенбіде Амантай Кумбаев Маңғыстау облысы білім басқармасының жаңа басшысы болып тағайындалды. 

Амантай Кумбаев 1979 жылы туған. Білімі жоғары. 2001 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін тарих пәнінің мұғалімі, 2020 жылы құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы «Фемина» ЖШС-де шебер болып бастап, 2012 жылға дейін жеке секторларды жұмыс істеген. 2012-2015 жылдар аралығында Ақтау қаласындағы №10 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды.

2015-2020 жылдар аралығында Маңғыстау облысының білім саласындағы бақылау департаментінде жетекші маманы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитеті Маңғыстау облысының білім саласындағы бақылау департаментінде оқу сапасын сырттай бағалау бөлімінің жетекші маманы, бас маманы қызметін атқарды.

2020 жылы ҚР Білім және ғылым министірлігі Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Маңғыстау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің Білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы болды.

2021-2024 жылдар аралығында Қарақия ауданы мен Ақтау қаласы әкімінің аппаратында бас инспектор, Өмірзақ ауылы әкімінің орынбасары, Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы лауазымын атқарды.

2024 жылы Ақтау қаласы бойынша білімі бөлімінің жалпы білім және мемлекеттік қызмет көрсету секторының сектор меңгерушісі, Ақтау қаласы әкімінің аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы болды.

Осыған дейін Маңғыстау облысы әкімінің аппараты өңірлік саясат және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.

23 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Тимур Шәмілұлы Сұлтанғожин Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды. 

Сонымен қатар Николай Владимирович Жұмақанов Қазақстан Республикасының Кипр Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды. 

24 қаңтарда Алматы облысының әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс болды. 

Алматы облысы әкімінің өкімімен Әсет Дүйсебекұлы Масабаев 2025 жылдың 23 қаңтарынан бастап Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. 

Әсет Дүйсебекұлы 1985 жылы туған. Білімі жоғары. 2008 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын «Электрэнергетикалық жүйелер және тораптар» мамандығы бойынша, 2014 жылы Экономика және құқық академиясын «Қаржы» мамандығы, Ресей халықтар достығы университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы «Алматы электр станциялары» АҚ-ның электромонтеры болып бастаған.

Әр жылдары Алматы қаласы Жетісу және Медеу ауданы әкімдерінің орынбасары, Алматы қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, Жетісу облысы Талдықорған қаласының әкімі лауазымдарында қызмет атқарған. 2024 жылғы 16 тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін «ULKEN GROUP LTD» жеке компаниясының басқарушы директоры лауазымында қызмет етті.

Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің өкімімен Айдын Әуесбайұлы Әуесбай 2025 жылдың 23 қаңтарынан бастап Алматы облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Айдын Әуесбайұлы 1981 жылы туған. Білімі жоғары. 2005 жылы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Құрылысты механикаландыру және автоматтандыру» мамандығы бойынша, 2012 жылы Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2024 жылы Халықаралық көліктік-гуманитарлық университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2006 жылы Алматы облысы Жамбыл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. Әр жылдары Жамбыл ауданы Ұзынағаш селолық округ әкімінің орынбасары, Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округінің әкімі, Қарасай ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары, Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары, «ӘӘК Қонаев» АҚ тау-кен металлургия және өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобалар департаментінің директоры лауазымдарында қызмет атқарған.

2023 жылдың 23 желтоқсанынан бастап бүгінге дейін Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет етті. 

24 қаңтарда Ерлан Текешов Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды. 

Ерлан Хасенұлы — Шығыс Қазақстанның тумасы. Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтын және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін бітірген.
Ол әр жылдары геолог, сауда және қызмет көрсету департаментінің штаттан тыс инспекторы, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Іс басқармасы» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры қызметтерін атқарды.

Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін, құрылыс бөлімін басқарды. Кейін Шығыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы лауазымын атқарған. 

Сондай-ақ Ерлан Текешов Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары, Тарбағатай ауданының әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, «ШығысЭнергоТрейд» ЖШС-нің бас директоры қызметтерінде жұмыс істеген.

Жұма күні Қайсар Жұмабай Президент Әкімшілігінің коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.

Қайсар Жұмабайұлының масс-медиа саласында мол тәжірибесі бар. ҚР Президенті Әкімшілігінің талдау және болжамдау орталығы меңгерушісінің орынбасары болған.

Қайсар Жұмабайұлының БАҚ және PR саласында тәжірибесі бар. Әр жылдары Алматыдағы қалалық «Столичное обозрение» газетінде, «Шаһар» телерадио кешенінде, «Қазақстан» РТРК, «Хабар» агенттігінде, TSC-group инвестициялық-өнеркәсіптік корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінде жұмыс істеді.

Кейін сол кездегі Индустрия министрлігінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарды. Астана әкімінің кеңесшісі болды, елорда әкімдігіне қарасты «Елорда Аqparat» медиа-ресурсын басқарды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің талдау және болжамдау орталығы меңгерушісінің орынбасары, ҚР Тұңғыш Президенті Қорының стратегиялық коммуникациялар орталығында Перспективалық зерттеулер орталығының басшысы болып жұмыс істеді.

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Президентінің Іс басқарушысының кеңесшісі, ҚР ПІБ бас инспекторы-баспасөз хатшысы қызметін атқарып келді.

24 қаңтар күні Қазақстан бокс федерациясы президентінің бұйрығымен Мерей Төлегенұлы Ақшалов Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы қызметіне тағайындалды.  

Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Мерей Ақшалов 36 жаста, бокстан әлем және Азия чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.

Мерей Ақшалов 1988 жылы 8 мамырда Абай облысы Аягөз ауданы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген.

2004 жылы кадеттер арасында Азия чемпионы атанған М.Ақшалов Бейжің Олимпиадасына қатысты.

2013 жылы әуелі Азия, кейін әлем чемпионы атанды. Осы жылдың қорытындысы бойынша «Азияның үздік боксшысы» және Қазақстанда «Жылдың үздік спортшысы» атағына ие болды.
М.Ақшалов – «Құрмет» орденінің иегері.

25 қаңтарда Түркістандық «Тұран» командасы бас бапкері қызметіне Виталий Жуковский тағайындалды. 

В. Жуковский 1984 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 2010 жылы беларустік «Ислочь» командасының бас бапкері болып бастады.

2015 жылы аталған ұжым Белорус бірінші лигасының жеңімпазы болды. 2020 жылы сол елдегі БАТЭ клубының тізгінін ұстап, чемпионаттың күміс медалі мен кубок иегері атанды.

2022 жылдан қазақстандық «Атырау» клубының тізгінін ұстап, былтыр команда Қазақстан кубогының финалына жетті. Ел біріншілігінде жетінші орынға тұрақтады.

Ал «Тұран» командасы былтыр ел біріншілігінде он екінші орынды місе тұтты.

Соңғы жаңалықтар