Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

 Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Аптадағы алғашқы тағайындау спорт саласында болды. Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының президенті болып сайланды.

Облыс басшысы облыстағы футбол қозғалысын жандандыруға және «Шахтер» ФК-ын Премьер-лигаға қайтаруға көмектесетін міндеттерді алға қойды.

Ермағанбет Бөлекпаев балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Ол үшін Теміртау, Балқаш және Саран стадиондарының базасында «Шахтер» ФК филиалдары ашылады. Бұл футбол клубына өз спортшыларын тәрбиелеуге және әлеуеті жоғары ойыншыларды клуб академиясына іріктеуге мүмкіндік береді.

Зейнұлқабден Табиғат Астана қаласы мәслихатының төрағасы болып сайланды.

Қалалық мәслихатта Астана қаласы мәслихаты төрағасының м. а. Асқар Смағұловтың төрағалығымен сегізінші сайланым мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті.

Күн тәртібінде Астана қаласы мәслихаты депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе, Астана қаласы мәслихатының төрағасын атқаратын қызметінен босату туралы мәселе, сондай-ақ Астана қаласы мәслихатының төрағасын сайлау туралы мәселе қаралды.

Сессия қорытындысы бойынша Зейнұлқабден Табиғат Астана қаласы мәслихатының төрағасы болып сайланды.

Ол 1974 жылдың 3 қазанында Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жантілек ауылында дүниеге келген. Үйленген, үш баласы бар.

Зейнұлқабден Табиғат С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университеті (1998 ж.), «Экономист-менеджер» мамандығын; М. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық-заң университеті (2002 ж.), «Құқықтану» мамандығын; М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті (2002 ж.), «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығын бітірген.

Сондай-ақ Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа басшы келді.

Бұл қызметке ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Туризм және спорт министрлігінің келісімімен Мейрамбек Махамбетов келді.

Ол 1989 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Аймақтану», 2014 жылы «Көкше» академиясын «Дене шынықтыру және спорт» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2011 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт бойынша Комитетінің референті болып бастаған.

Ал 2018-2020 жылдары Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт, Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармаларын басқарды. 2020-2024 жылдары Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Ұлттық спорт түрлері және спорттағы мүмкіндіктері шектеулі адамдармен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы, Дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығының директоры, Қазақстанның кәсіби футбол лигасының атқарушы директоры қызметтерін атқарды. Сонымен бірге 2024 жылдың қаңтар айынан бастап республикалық сурдо футбол және футзал федерациясының президенті қызметін атқарып келді.

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы ауысты.

ҚР ТЖМ вице-министрі Серік Төленбергенов Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамына жаңадан тағайындалған басшы Дәурен Дәулетқанұлы Оразбековті таныстырды. Ол департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы қызметін атқарады.

Дәурен Оразбеков 2004 жылы Алматы қаласындағы Орталық Азия университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын ІІМ құрылымдарында бастаған, кейін Қазақстан Республикасының ТЖМ-де жалғастырып, түрлі басшылық лауазымдарды атқарды. Осыған дейін ҚР ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығының бастығы лауазымында болды.

«Дара» Президенттік бастамалар қорының президенті лауазымына Мұхамедқали Тауан тағайындалды.

Мұхамедқали Тауанның халықаралық ынтымақтастық және корпоративтік басқару саласындағы ауқымды бастамаларды жүзеге асыруда айтарлықтай тәжірибесі бар. Ол бұған дейін «Астана» халықаралық қаржы орталығында, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясында, жеке құрылымдарда басшылық қызметтерді атқарған.

Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің экономика бакалавры және Қазақстан-Британ техникалық университетінде МВА дәрежесін иеленді.

Қазіргі уақытта «Дара» Президенттік бастамалар қоры адами капитал мен креативті индустрияны дамыту, сондай-ақ Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасын сақтау бойынша бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді.

Олардың қатарында Жошы ханның өміріне арналған ауқымды тарихи сериал түсіру жобасы бар, оның мақсаты – ұлттық тарихты насихаттау және мәдени бірегейлікті нығайту.

Нұржан Сұлтаналиев «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» азат экономикалық аймағы БК» АҚ басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды.

Ол өз міндеттерін 2025 жылдың 17 қаңтарында бастаған. Бұл туралы акционерлік қоғамның баспасөз қызметінен хабарланды.

Нұржан Сұлтаналиев 1983 жылы 25 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген.

Білімі: КИМЭП (іскерлік әкімшілендіру) және «Тұран-Астана» Университеті (Есеп және аудит).

Жалпы жұмыс өтілі 20 жылдан асады, оның 12 жылдан астамы басшылық лауазымдарда.

2004-2009 жылдары «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-да сатып алу саласында жұмыс істеді.

2009 жылдан 2014 жылға дейін Солтүстік Каспиан Оперейтинг Компани Б.В. (Қашаған ірі мұнай кен орнының операторы) компаниясында жұмыс істеді, онда жергілікті қамтуды дамытумен және отандық өндірушілерді қолдаумен айналысты.

2014 жылдан бастап Жамбыл және Атырау облыстарында АЭА дамытуды қоса алғанда, ҚР-да химия саласын дамытумен және химиялық жобаларды іске асырумен айналысқан «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ еншілес компаниясы «Біріккен химия компаниясы» ЖШС-де басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. «БХК» ЖШС Бейорганикалық және арнайы химия жобаларына жетекшілік етті.

2016 жылы «Химпарк Тараз» АЭА» ҚК АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.

2019 жылдан бастап «ҚазТрансОйл» АҚ жүйесінде Атырау мұнай құбыры басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді, ал кейінірек 2019 жылдың шілдесінде «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС, Кеңқияқ-Құмкөл және Атасу-Алашанькоу мұнай құбырларын иеленетін және пайдаланатын бірлескен қазақстан-қытай кәсіпорнының бас директоры лауазымына тағайындалды, онда 2023 жылға дейін жұмыс істеді.

«Қорғас» ШЫХО» АЭА БК» АҚ-ға тағайындалғанға дейін «MP Solutions» ЖШС Қытай бағытының басшысы қызметін атқарды.

Дархан Ахмед-Заки М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры қызметіне тағайындалды.

Дархан Жұмақанұлы бұған дейін атқарған Ғылым және жоғары білім вице-министрі қызметінен босатылды. Бұл қызметке 2023 жылдың қыркүйек айында тағайындалған еді.

Дархан Ахмед-Заки 1981 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік Техникалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласындағы Республикалық медицина колледжінде физика және математика пәндерінің оқытушысы болып бастаған.

2003 жылы Жаңаөзен қаласында «Қазақойл» ЖАҚ технологиялық зерттеулер орталығының инженер-бағдарламашысы болып жұмыс істеді.

2004-2012 жылдары — Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің ассистенті, оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, деканның оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Информатика» кафедрасының меңгерушісі.

2012-2013 жылдары — Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің деканы.

2013-2016 жылдары – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу ісі жөніндегі проректоры.

2016-2017 жылдары – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.

2017-2020 жылдары – Халықаралық бизнес университетінің президенті.

2020-2022 жылдары — Astana IT University ректоры.

2022 жылдан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін — ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы.

Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Әсет Нүсіпов Сауда және интеграция вице-министрі қызметіне тағайындалды.

1982 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Иллинойс технологиялық институтын (АҚШ) бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы Алматы қаласында «Ұлттық инновациялық қор» АҚ менеджері болып бастаған.

2006 жылдан 2008 жылға дейін «Flagship Ventures» венчурлық капитал фирмасының Венчурлық жобаларды қаржыландыру департаментінде (АҚШ), Вашингтон қ. (АҚШ) «Small Enterprise Assistance Funds» халықаралық инвестициялық фирмасында тағылымдамадан өтті.

2008 жылдан 2010 жылға дейін «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ жобалық менеджері, Дүниежүзілік банкіндегі Орталық Азиядағы өкілдігінің консультанты, Қазақстан Республикасындағы Азия даму банкі өкілдігінің консультанты, «Әлемдік экономиканы зерттеу орталығы» ЖМ директорының орынбасары болып жұмыс істеді.

2010–2015 жылдары — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының инспекторы, сектор меңгерушісі, Астана қ.

2015–2021 жылдары — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жалпы қауіпсіздік мәселелері бөлімінің сектор меңгерушісі, Астана қ.

2021–2023 жылдары — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жалпы қауіпсіздік мәселелері бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Астана қ.

2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің өзекті қауіпсіздік мәселелері бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.

«Қазақстан халқына» Қоғамдық қорын үш жыл бойы басқарған Болат Жәмішев қызметінен кетті.

«Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің шешімімен 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрайымы лауазымына қоғам қайраткері, қайырымдылық және Қазақстандағы ҮЕҰ-ның институционалдық дамуы мен әлеуметтік жобаларды басқару саласындағы сарапшы Ләззат Шыңғысбаева сайланды.

Ол бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып, мемлекеттік награда — «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Атамекен» ҰКП құрметті қызметкері» медалімен марапатталған.

Сондай-ақ, Қамқоршылық кеңес қор қызметкерлері София Айсағалиеваны Басқарма төрағасының орынбасары, Серікбек Елшібековті «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма мүшесі етіп сайлады.

Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып Руфат Акрамов тағайындалды.

Руфат Бағдатұлы 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы Таврия ауылында туған. Төрт жоғары білімі бар.

Еңбек жолын 2006 жылы Өскемен қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде жетекші маман-заңгер ретінде бастады.

2010 жылдың 29 қаңтарында ШҚО білім басқармасы ішкі бақылау бөлімінің бас маманы болып тағайындалды.

2013-2014 жылдары Өскемен қаласының құрылыс бөлімінде мемлекеттік сатып алу және құқықтық қамтамасыз ету секторының меңгерушісі. 2017-2019 жылдары Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.

2019-2020 жылдары Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық мүлік басқармасының басшысы. 2020-2022 жылдары Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы.

2022 жылдың мамыр айында Шығыс Қазақстан облысының Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

2024 жылдың сәуір айынан осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.

Еркебұлан Ильясов Қазақстанның Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды.

1 ақпан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының кезектен тыс жалпы отырысы өтті.

Жиында ұлттық спорт қауымдастығының президенті қызметін атқарған Исламбек Салжанов соңғы екі жылдағы атқарылған жұмысы жайында кеңінен есеп беріп, қорытындылады. Қауымдастық құрылтайшылары дауыс беру арқылы жаңа жарғы қабылдап, нәтижесінде Еркебұлан Сайдоллаұлы Ильясов бірауыздан Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды.

Еркебұлан Сайдуллаұлы Ильясов — «Alageum Electric» КТ Директорлар кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы жамбы ату, арқан тартыс федерацияларының президенті және «Ұлттық спорт қоры» ұлттық спорт түрлерін қолдау қорының негізін қалаушы, құрылтайшысы.

Ұлан Қонысбаев «Тараз» КФК спорттық директоры қызметіне тағайындалды.

Ұлан Әбиірбекұлы 1989 жылы 28 мамырда дүниеге келген. Спорттық мансабын 2006 жылы «Жамбыл» командасында бастаған.

Әр жылдары «Тараз», «Астана», «Шахтер», «Қайрат», «Атырау», «Ақтөбе» секілді клубтарда ойнаған. Ұлттық құрама сапында 32 матч өткізіп, 3 рет мергендік танытқан. Спорттық ғұмырындағы 300 аса кездесуде 40 жуық голдың авторы болды.

2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның «Үздік ойыншысы» атанған. Ел чемпионы, кубок және Суперкубок иегері.

Соңғы жаңалықтар