Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Өтіп бара жатқан апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Еліміздегі апта ішінде орын алған кадрлық тағайындаулар
Фото: Kazinform

13 шілде күні Сәкен Әтел Су ресурстары және ирригация министрлігі Стратегиялық дамыту департаменті директоры болып тағайындалды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Сәкен Әтел 1994 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 2015 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Гидрология» мамандығы бойынша, ал 2019 жылы М. Нәрікбаев атындағы университетті «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2015 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің Есіл бассейндік инспекциясына қарасты Ақмола аумақтық кешенді су ресурстарын пайдалану бөлімінде бас маман міндетін атқарушы ретінде бастап, кейін осы бөлімнің бас маманы қызметін атқарған.

2017-2019 жылдары су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы су қорын мемлекеттік бақылау және қорғау бөлімінің бас маманы.

2019-2020 жылдары су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясының су ресурстарын мониторингілеу, мемлекеттік есепке алу және кадастр бөлімінің басшысы.

2020-2022 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының бас сарапшысы болды.

2022-2023 жылдары Су ресурстары комитетінің су ресурстарын есепке алу басқармасының басшысы, кейін су ресурстарын пайдалануды реттеу және есепке алу басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

2023-2024 жылдары алдымен Су шаруашылығы комитетінің, кейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы болды.

2024-2025 жылдары Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарды.

2025 жылғы қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Стратегиялық дамыту департаменті директорының орынбасары қызметін атқарып келді.

2025 жылы су саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

Дәл сол күні Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаментінің жаңа басшысы болып Арсен Бақберген тағайындалды.

Ол жер ресурстарын басқару саласында бірнеше жылдан бері еңбек етіп келеді. Бұған дейін облыстық департамент басшысының орынбасары қызметін атқарған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің орталық аппаратында жұмыс істеген.

Арсен Бақберген ресми тағайындалғанға дейін департамент басшысының міндетін уақытша атқарды.

Ол 2025 жылы «Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау» бағыты бойынша Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысты.

Ал 14 шілдеде Түркістан облыстық комиссиясының қорытындысы негізінде және Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өкімімен қала әкімінің орынбасары лауазымына Айдос Тоғызбаев тағайындалды.

Айдос Тоғызбаев 1988 жылғы 28 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын және Қазақ технология және бизнес университетін тәмамдаған. Мамандығы — құқықтану және экономика.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 15 жылдан асады. Еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында іс жүргізуші қызметінен бастаған.

2009-2012 жылдары Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында жетекші маман, Алматы қаласы Жетісу ауданы № 2 аудандық сотында жетекші маман, «Қазақстан құстары» ЖШС-нің заңгері, «Building +» ЖШС-нің директоры қызметтерін атқарды.

2012-2019 жылдары ҚР Әділет министрлігі департаментінде басқарма сарапшысы, бас сарапшы, сондай-ақ Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Персоналды басқару бөлімі Кадр жұмысы секторының бас консультанты — әдеп жөніндегі уәкілі болды. Сонымен қатар 2019-2021 жылдары Түркістан облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары, 2021-2025 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің басшысы қызметін атқарды.

2025 жылдың ақпан айынан бастап осы тағайындауға дейін Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымында еңбек етті.

Жаңа қызметінде Айдос Тоғызбаев коммуналдық шаруашылық, құрылыс, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларына жетекшілік етеді.

15 шілдеде Қазақстандық төрешілер УЕФА Конференция лигасының 2026/2027 жылғы маусымындағы бірінші іріктеу кезеңінің матчтарына тағайындау алды. Бұл туралы Футбол федерациясы хабарлады.

Беларусьтің БАТЭ және Албанияның «Эльбасани» клубтары арасындағы 16 шілдеде Әзербайжанның Сумгаит қаласында өткен кездесуге отандық төрешілер бригадасы қызмет етті.

Матчтың бас төрешісі Данияр Сахи болды. Оған көмекшілер Сергей Васютин мен Самат Тергеусізов көмектесті, ал қосалқы төреші қызметін Георгий Чеховский атқарды.

Сонымен қатар ҚФФ Төрелік ету және қадағалау департаментінің директоры Нуну Каштру Черногорияның «Дечич» және Латвияның «Лиепая» командалары арасындағы матчқа инспектор болып тағайындалды.

Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясындағы бұл кездесу 15 шілдеде Черногорияның Тузи қаласындағы стадионда өтті.

Сонымен қатар, 15 шілдеде Дархан Мырзабаев Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

1989 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Франция Республикасының мұнай және энергетика ұлттық жоғары мектебін, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы қаржы университетін, Қытай-Еуропа Халықаралық бизнес мектебі бітірген.

Еңбек жолын Алматыда «PGS Kazakhstan» ЖШС геофизик-тағылымдамашы болып бастаған.

2012–2015 жылдары — Лондон қаласы, Schlumberger Ltd халықаралық компаниясының далалық аға геофизигі.

2015–2019 жылдары — «Тарбағатай Мұнай» ЖШС кен орындарын игеру бойынша кіші инженер.

2020 жылы — Amazon EU S.A.R.L компаниясының бағдарлама менеджері.

2021–2022 жылдары — «Эрнст энд Янг кеңес беру қызметтері» ЖШС аға консультанты.

2022–2023 жылдары — Павлодар облысының Цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы, басшысы.

2023 жылы — «CSI Stat» ЖШС менеджері.

2024 жылы — Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігі Инновациялық даму департаментінің директорының міндетін атқарушы, директоры.

2024–2025 жылдары — Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігі Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары.

2025 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты Жасанды интеллект және цифрлық трансформация бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Дәл осы күні Абай облысының әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданының активіне ауданның жаңа әкімін таныстырды.

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына тиісті өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістерге сәйкес облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау институты жойылды. Қазіргі уақытта облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен облыс әкімдері тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындайды.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының 25 бабына сәйкес ҚР Президент Әкімшілігінің, Бородулиха ауданы мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Бородулиха ауданының әкімі лауазымына Талғат Мұратов тағайындалды.

Айта кетейік, бұл — жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі Абай облысындағы алғашқы аудан әкімінің тағайындауы.

— Талғат Батырұлы — мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол, білікті басшы. Бородулиха ауданы — облысымыздың маңызды стратегиялық аймақтарының бірі. Аграрлық экономикасы, орман шаруашылығы, тау-кен өндірісі салаларындағы әлеуеті жоғары өңір. Мұнымен қоса аудан шекералық аймақта орналасқандықтан оның әлеуметтік-экономикалық дамуы біздің басты назарымызда. Біз өңір экономикасын нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында нақты жұмыс жасауымыз қажет. Сондықтан артылған сенімді ақтап, Бородулиха ауданының жұртшылығымен бірлесе отырып, осы ауданның одан әрі дамып, гүлденуіне бар күш-жігерін салып, аянбай қызмет етеді деп сенемін, — деді Берік Уәли.

Талғат Батырұлы Мұратов Алматы облысында дүниеге келген. Еңбек жолын бизнес құрылымдарда бастады. Әр жылдары Бесқарағай ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы, Жарма ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы, Жарма ауданы әкімінің орынбасары, Бесқарағай ауданы және Семей қаласының әкімі, облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2026 жылдың ақпанынан бастап осы күнге дейін Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары болды.

16 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Эльдар Күзенбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлайды.

1982 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін және М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы Қостанай облысы Соттар әкімшісінің ұйымдастыру-талдау бөлімінің жетекші маманы болып бастады.

2003–2006 жылдары — Қостанай облысы Соттар әкімшісінің бас маманы, атқарушылық іс жүргізуді ұйымдастыру бөлімінің бастығы, аға сот орындаушысы.

2006–2008 жылдары — Қостанай облысы Әділет департаменті Қарабалық аудандық әділет басқармасының бастығы.

2008–2010 жылдары – Қостанай облысы Қостанай аудандық әділет басқармасының бастығы.

2010–2013 жылдары — Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары.

2013–2018 жылдары — Қостанай облысы Сарыкөл ауданының әкімі.

2018–2019 жылдары — Қостанай облысы Арқалық қаласының әкімі.

2019–2021 жылдары — Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

2021–2022 жылдары — Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы.

2022–2026 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.

2026 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

17 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен Болат Оралұлы Ақшолақов Атырау облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Болат Ақшолақов 1971 жылы Атырау қаласында дүниеге келген.

Білімі:

1993 ж. – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Мамандығы — экономист.

1998 ж. – Мұнай-газ өнеркәсіптік білім орталығында «Жер қойнауын пайдалаунға арналған келсімшарттарды бағалау» және «Мұнай өндірудің экономикасы» мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолы:

1994-1995 жж. – экономист, Alem Bank Kazakhstan бас экономисі.

1995-1997 жж. – Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінің активтерді басқару бөлімінің маманы, бөлім бастығы, директордың орынбасары.

1997-2001 жж. – «Қазақойл» ҰК» ЖАҚ Теңіз жобасы бойынша аға сарапшы, менеджер, департамент директорының орынбасары.

2001-2003 жж. – Commonwealth & British Services Ltd. бизнес-талдаушысы, стратегиялық жоспарлау жөніндегі менеджері, қаржы директоры.

2006-2008 жж. – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ БК-да үлесті басқару жөніндегі атқарушы директоры.

2006–2008 жж. - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі.

2008–2011 жж. — «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры.

2010 жылдың маусымы – 2011 жылдың қазаны – PSA ЖШС бас директоры.

2011 жылдың қазан-желтоқсаны – «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ басқарма төрағасы.

2012 жылдың қаңтары – 2014 жылдың тамызы – ҚР мұнай және газ вице-министрі.

2014 жылдың қыркүйегі – 2016 жылдың ақпаны – Almex Petrochemical ЖШС бас директоры.

2016 жылдың ақпаны мен 2017 жылдың қарашасы – 2016 жылдың ақпан айынан бастап — KAZENERGY Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры. .

2017 жылдың 28 қарашасынан – 2019 жылдың 4 сәуірі аралығында – Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі.

2019 жылдың 4 сәуірінен - KAZENERGY қауымдастығының бас директоры.

2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасының Энергетика министрі болып тағайындалды.

2023 жылғы 4 сәуірде Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.

KAZENERGY қауымдастығының төрағасы (13.02.2025 бастап)

Басқа қызметтері:

2006-2009 жж. – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

2008 жылдың ақпан-қазаны – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.

2009 жылдың ақпаны – 2010 жылдың маусымы – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және KEGOC АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

2016 жылдың 9 қыркүйегінен – Азия-Тынық мұхит федерациясы ЮНЕСКО клубтарының президенті.

Мемлекттік наградалары: «Құрмет» ордені.

17 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент әкімшілігінің басшысы Роман Скляр Атырау облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Роман Скляр депутаттарға Президенттің Атырау облысының әкімі лауазымына екі кандидатты KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовты ұсыну туралы хатын оқыды.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 101 депутаттың 83-і Болат Ақшолақовқа дауыс берді. 18 депутат Дарын Шамұратовтың кандидатурасын қолдады. Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті Жарлығымен Атырау облысының әкімі болып Болат Ақшолақов тағайындалды.

Облыс активімен кездесуде Премьер-министр өңірді төрт жыл басқарған Серік Шәпкеновке облыстың дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Мемлекет басшысының қолдауымен өңір экономикасын дамыту, бюджетті орталықсыздандыру және елді мекендерді абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соңғы 4 жылда өңірде жүзден астам әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, 1 мың шақырымға жуық жол жөнделді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта өңірде ондаған жаңа әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Олжас Бектенов облыс активіне жаңа әкім Болат Ақшолақовты таныстырды.

Премьер-министр Мемлекет басшысының өңір басшылығы алдына бірқатар маңызды міндеттер қойғанын атап өтті. Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын жүзеге асыруға ерекше назар аудару қажет.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Атырау облысына жасаған сапары барысында берген тапсырмаларының, оның ішінде экологиялық жағдайды жақсарту, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және қалалық ортаны дамыту жөніндегі тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT және креативті индустрия салаларын дамыту арқылы өңір экономикасын әртараптандыру негізгі басымдықтар қатарында жатады. Облыс басшылығына бәсекелестікті ынталандыру, инвестиция тарту, еңбек өнімділігін арттыру тапсырылды. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ пен инновациялық технологиялар паркінің әлеуетін толық пайдалану қажет.

Облыстың жаңа бас жоспарына сәйкес, орынсыз және заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін пәрменді шаралар қабылдау, аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктердің ұлғаюына назар аудару жүктелді. Сондай-ақ Атырау облысының жол-көлік жүйесін дамыту міндеті қойылды.

Жылу электр орталығын газға көшіру, кәсіпорындар мен автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтардың деңгейін бақылау, тозған инженерлік желілерді уақытылы жаңарту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.

Премьер-министр облыс активімен кездесуде жаңа Конституцияның қабылдануы ел дамуының жаңа кезеңін айқындағанын атап өтті.

Президенттің тапсырмасына сәйкес негізгі міндет – Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру. Атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты нәтижелермен өлшенеді.

Дәл осы күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Есет Байкен Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы ақорда хабарлады.

Есет Берікұлы Байкен 1986 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Баршын ауылында дүниеге келген.

2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін, 2010 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Экономика бакалавры, құқықтану бакалавры.

Еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында жетекші, сонан соң бас маман ретінде бастады.

2010 жылдан бері «Астана қаласы әкімдігі аппараты» ММ әлеуметтік-мәдени сала бөлімінің бас маманы.

2013 жылы Астана қаласы әкімінің бас инспекторы, «Астана қаласы әкімдігі аппараты» ММ ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің жетекшісі болып тағайындалды.

2016 жылы ҚР Президент Әкімшілігі жетекшісінің хатшылық сарапшысы болды.

2017 жылдан бастап Нұра ауданы әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін ҚР Президенті Аппаратының Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.

Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі (02.08.2017–31.01.2019)

Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі (01.02.2019–03.07.2019)

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары (04.07.2019–28.08.2019)

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппаратының басшысы (29.08.2019–10.2020)

Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» ауданының әкімі (10.2020–02.2022)

Астана қаласы әкімінің орынбасары (02.2022 бастап)

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Олжас Бектенов пен Роман Скляр Ұлытау облысының жаңа әкімін таныстырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр Ұлытау облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты.

Депутаттарға Мемлекет басшысының Ұлытау облысының әкімі лауазымына екі кандидатты – Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевты ұсыну туралы хаты оқылды.

Ашық дауыс беру нәтижелері бойынша 64 депутат 87%-ы Есет Байкеннің кандидатурасы үшін дауыс берді.

ҚР Президентінің тиісті жарлығымен Ұлытау облысының әкімі болып Есет Байкен тағайындалды.

Премьер-министр өңірдің жаңа әкімі Есет Байкенді таныстырды.

Сөз сөйлеу барысында Олжас Бектенов жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстан дамуындағы маңызды тарихи кезеңнің бастауы болғанын баса айтты. Мемлекет басшысы жуырда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында экономиканы дамудың жаңа моделіне көшіру міндетін қойды, бұл барлық деңгейде заманауи әрі тиімді жұмыс тәсілдері мен қағидаттарын енгізуді талап етеді.

Премьер-министр Президенттің өңір басшылығына берген бірқатар тапсырмасын атап өтті.

Өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнесті дамыту үшін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру міндеті қойылды. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кластерді қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Өңір басшылығына инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Сонымен қатар автомобиль жолдарының құрылысын, әсіресе Қарағанды – Жезқазған күре жолын салуды жеделдету қажет. Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту мәселесіне ерекше назар аударылуы тиіс. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарының қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға баса мән беру қажет. Бұдан бөлек, Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасын тиімді пайдаланып, туристік инфрақұрылымды дамыту және туристік әлеуетті арттыру бойынша тапсырма берілді.

Облыс активімен кездесуде Премьер-министр Мемлекет басшысының Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру жөніндегі бағытын жүзеге асыру халықтың тұрмысына оң әсер ететін нақты нәтижелер арқылы көрініс табуы тиіс екенін атап өтті. Алға қойылған міндеттердің сапалы орындалуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Айта кетейік, бұған дейін өткен апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болғанын жазғанбыз.