Елімізде апта ішінде қандай кадрлық өзгеріс болды

АСТАНА. KAZINFORM – Өтіп бара жатқан апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Kazinform агенттігі 26-31 қазан аралығындағы жаңа кадрлық тағайындауларға шолу ұсынады.

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Аптаның алғашқы күні Жеңіс Қасымбек Үстел теннисі федерациясының президенті болып сайланды. 

ҚР Үстел теннисі федерациясының кезектен тыс конференциясында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек федерация президенті болып тағайындалды.

Бұл шешім қазақстандық үстел теннисі дамып келе жатқан кезеңде және Астанада өтетін 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындық аясында қабылданды. Жаңа президенттің басшылығымен Федерация ағымдағы бастамаларды іске асыруды жалғастырады. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі мәлім етті.

28-қазан, сейсенбі күні Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы ауысты. Бұл қызметке Аманкелді Досжанов тағайындалды. 

Аманкелді Асқарұлы, ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы жоғары мектебін бітірген.

Еңбек жолын тергеу бөлімшелерінде бастаған. Әр жылдары Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының ішкі істер бөлімін, Мұнайлы ауданының ішкі істер бөлімін және Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасын басқарған.

2018 жылдан бастап Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған. 2023 жылғы наурыздан бастап Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары болды. Ал 2026 жылғы қаңтардан бері Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының Тергеу департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған.

Дәл осы күні, Ақтау қаласы әкімінң орынбасары да сайланды. Бұл лауазымға Аида Тулеева келді. 

Ол мемлекеттік басқару, журналистика және қоғамдық коммуникациялар салаларында еңбек еткен.

Мәскеу политехникалық университетінің Баспасөз және медиаиндустрия жоғары мектебін «Журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білімі бар.

Еңбек жолын 2015 жылы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Маңғыстау облыстық филиалында бастаған. Әр жылдары редактор, редактор-жүргізуші және редактор-талдаушы қызметтерін атқарған. Сонымен қатар республикалық басылымдардың меншікті тілшісі болып, Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінде жұмыс істеген.

2021 жылдан бастап Маңғыстау облысы әкімі аппаратында өңірлік даму және талдау бағытында қызмет атқарды. Сол жылдың желтоқсан айында Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығының директоры болып тағайындалып, бұл қызметті 2025 жылғы наурызға дейін атқарды.

Кейін Ақтау қаласының жергілікті атқарушы органдары жүйесінде жұмыс істеген. 2025 жылғы қазаннан бастап Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.

29-қазан, бейсенбі күні Ақтөбеде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің басшысы тағайындалды. 

Департамент басшысының қызметіне Әнуарбек Қонжар кірісті. Ол 2002 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін, 2015 жылы Қазақ-орыс халықаралық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын № 3 Алға қазақ орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 2003 — 2004 жылдар аралығында Алға аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, 2004 — 2006 жылдары аралығында Алға ауданы әкімі аппаратындағы ақпараттық-талдау бөлімінің бас маманы болды.

2006 — 2007 жылдары аралығында Алға аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, 2007 — 2013 жылдары аралығында Алға ауданы әкімі аппараты мемлекеттік қызмет көрсету, сапасының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы болып еңбек етті.

Ал 2013 жылы Алға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, 2013 — 2016 жылдары аралығында Алға ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып, 2016 — 2020 жылдар аралығында Алға ауданы әкімінің орынбасары болды.

Кейінгі төрт жылда Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Дәл осы күні, Павлодар облысының құрылыс басқармасына жаңа басшы келді.

Павлодар облысы әкімінің өкімімен Нұрбек Қонротбаев Павлодар облысының құрылыс басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ол С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін 2014 жылы «қаржы», 2018 жылы «көлік құрылысы» мамандықтары бойынша аяқтаған. «Құрылыс» мамандығы бойынша магистр дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2009 жылы «Ақсу-құрылыс» ЖШС инженері болып бастаған. Одан кейін, 2009 жылдан 2015 жылға дейін мемлекеттік емес құрылымдарда еңбек етті.

2015-2025 жылдары Павлодар облысының жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау салаларында инспектордан бастап басшылық лауазымдарға дейінгі әртүрлі қызметтерді атқарды.

2025 жылдан осы лауазымға тағайындалғанға дейін Ақсу қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

30 - қазан, жұма күні «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы болып Аңсар Айдаров тағайындалды. 

Аңсар Айдаров «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін «Энергия Семиречья» ЖШС бас директоры, «Самұрық-Энерго» АҚ Жобалық кеңсесінің басшысы және инвестициялар жөніндегі бас директоры қызметтерін атқарған.

31-қазан, сенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлықтарымен Қазақстанның Марокко Корольдігі мен Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшілері тағайындалды.

Айнұр Нұрланқызы Дәненова ҚР Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына сайланды.

Ал Олжас Әзілұлы Исабеков Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды

Айта кетейік, бұған дейін өткен аптадағы кадрлық тағайындаулар туралы жазғанбыз.