Елімізде ауасы ластанған қалалар саны азаймай тұр

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК еліміздегі ауа сапасына қатысты болжамын жариялады.

Бүгін елімізде ауа сапасы нашарлауы мүмкін қалалар саны 10-ға жетті
Фото: Kazinform / ЖИ

— 20 қарашада Көкшетау, Павлодар, Астана, Алматы, Жезқазған, Теміртау, Қарағанды, Талдықорған, Өскемен және Риддер қалаларында атмосферада ластаушы заттардың жиналуына қолайлы метеорологиялық жағдайлар күтіледі, — делінген хабарламада.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елдімекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы ықтимал.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық талаптарды орындамаған 16 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ал Қарағанды облысында ауаға 293,7 мың тонна зиянды зат тарады.

Сондай-ақ Атырауда 31,8 мың гектар жерден көтерілген шаң қалаға қауіп төндіріп отыр.