Фельдшерлер өзін-өзі қорғау бұйымдарымен қамтылады – ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем қызметкерлерін қосымша өзін-өзі қорғау бұйымдарымен қамтамасыз ету бойынша шара қабылдауды ойластырып отыр.

Астана мен Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері видеожетон пайдалана бастады
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Бүгін Мәжілісте жұмысшылардың құқықтарын қорғауға арналған заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр.

– Жақында тоғыз қабатты үйдің қасбеті құлап, фельдшер Ұлдана Мырзуан ТЖ қызметкерлерін күтпестен үйінді астында көмек сұрап жатқандарға көмекке ұмтылды. Өзінің басына кондиционер құлап, кеше ғана тұрмысқа шыққан қыз есін жимастан көз жұмды. Осындай жағдай болғанда жаңа заң жобасында өндірістік жарақаттан қорғаудың қандай тетіктері жазылған?, – деп сұрақ қойды Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Оған Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жауап берді және мұндай жағдайларды болдырмау үшін қазір еңбек заңнамасында қорғау тетіктері мен регламенттер жазылғанын айтты.

– Фельдшер төтенше жағдай қызметкерлерінен бұрын келіп, өз парызын атқару жағдайында мерт болды. Енді өзін-өзі қорғау үшін қазір Денсаулық сақтау министрлігі фельдшерлерді, жедел жәрдем қызметкерлерін қосымша өзін-өзі қорғау бұйымдарымен қамтамасыз ету бойынша шара қабылдауды ойластырып жатыр, – деп жауап берді министрлік өкілі.

Айта кетейік, елімізде жедел жәрдем фельшерлеріне қол көтеру, оқ ату, балағаттау жағдайлары жиілеп кетті.

Президент те медицина қызметкерлеріне күш көрсеткені үшін жазаны күшейтуді тапсырды.

Енді медицина мамандарын дөрекі науқастардан қорғайтын видеожетондар әзірленіп жатыр.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

 

Соңғы жаңалықтар