Футболдан «Ақтөбе» – «Жетісу» матчы көрерменсіз өтеді

футбол
Фото: pixabay.com

Ертең футболдан «Ақтөбе» мен «Жетісу» клубтарының кездесуі өтеді. Аза тұту күніне байланысты стадионда көрермен болмайды, деп хабарлайды Kazinform.

«Ақтөбе» футбол клубының баспасөз қызметі Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының шешімін жариялады. Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты «Ақтөбе» - «Жетісу» матчына көрермен кіргізілмейді.

«Премьер-лига клубтары арасындағы ҚР чемпионатында 26-турдың барлық матчы көрерменсіз өтеді және ҚКФЛ әнұраны орындалмайды, Мемлекеттік байрақ тутұғырдың ортасына дейін түсіріледі. Матчтар басталмас бұрын Костенко атындағы шахтада болған апаттан қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алу ұйымдастырылады. Сондай-ақ барлық жоспарланған іс-шара (марапаттау рәсімдері, ұтыс ойындары) өткізілмейді. «Ақтөбе» футбол клубы Ticketon.kz платформасында сатылған билет құны толығымен кері қайтарылатынын хабарлайды», – деді баспасөз қызметінің жетекшісі Әсет Жомарт.

Еске салайық, бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр.

Кешқұрым брифинг өткізген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жер астында қалған кеншілерді тірі табуға үміт өте аз екенін мәлім етті.

Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жұмат Өкенов мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсіп жатқанын айтты.

Президент 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні етіп жариялайтын Өкімге қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.

Апатқа байланысты Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Франция, Өзбекстан президенттері мен Түркия Сыртқы істер министрлігі көңіл айтты.

Соңғы жаңалықтар