Гонконгтағы өрт: қалада үш күндік аза тұту жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Гонконг билігі Тай По тұрғын үй кешенінде болған жойқын өрттің құрбандарын еске алу мақсатында сенбіден бастап қалада үш күндік аза тұту жарияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды SCMP.

Гонконгтағы аза тұту
Фото: Карма Ло

Барлық мемлекеттік ғимараттарда Қытайдың мемлекеттік туы мен Гонконг туы дүйсенбіге дейін төмен түсіріледі, ал ресми іс-шаралар тоқтатылады немесе кейінге қалдырылады. Қала тұрғындары 18 ауданда орналасқан арнайы кітаптарға 9:00–21:00 аралығында өз көңіл айтуларын жазып қалдыра алады.

Қауіпсіздік жөніндегі хатшы Крис Тан Пин Кыңның соңғы деректеріне сәйкес, өрт 128 адамның өмірін алып кетті, шамамен 200 адам әлі де табылар емес. Жеті кварталды шарпыған жалын 43 сағат бойы сөндірілген. Қаза тапқандардың 39-ының кім екені анықталды, ал қалған денелер қатты күйіп кеткендіктен, сәйкестендіру жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Билік зардап шеккендерге көрсетілетін қаржылай көмекті де күшейтті: әрбір қаза тапқан адамның отбасы 200 мың гонконг долларын алады, ал 50 мың гонконг доллар көлеміндегі қосымша төлемдер келесі аптадан бастап беріле бастайды. Мемлекет кремация мен жерлеу шығындарын өз мойнына алады, ал тазалық департаменті кремация орындары мен колумбарийлерді ұйымдастырады.

Жергілікті тұрғындар да қайғылы оқиғадан кейін қалпына келтіру жұмыстарына белсенді атсалысып жатыр, ал билік өрттің себептерін анықтау бойынша тергеуді қолға алды. Қазіргі таңда 11 адам қамауға алынған.

Сенбі күні сағат 08:00-де қала басшысы Джон Ли Ка-Чиу министрлер кабинетімен бірге қаза тапқандарды еске алып, үш минут үнсіздік жариялайды.

Бұған дейін Гонконгтағы соңғы жетпіс жыл ішіндегі ең ірі өрттің ауыздықталғаны хабарланған болатын.

Еске сала кетсек, Wang Fuk Court тұрғын үй кешеніндегі өрт қала тарихындағы тұрғын үй ғимаратында болған ең қайғылы жағдай болды. Жалын әрлеу жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін орнатылған бамбуктан жасалған құрылыс материалдары арқылы таралған. Кешенде екі мыңға жуық пәтер орналасқан, шамамен төрт мың адам тұрған. Гонконгтағы бұл трагедияға құрылыс панельдерінің үстіне тасталған темекі шоғы себеп болуы мүмкін деген болжам бар.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына терең қайғырып, көңіл айтты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады.

Соңғы жаңалықтар