Хоккей: Қазақстан жастары Даниядан басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Хоккейден 20 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионатының жұбаныш кезеңінде Даниямен кездесіп, оларды 4:3 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан жастары бұған дейін В тобында сынға түсті. Топтық кезеңде біздің жастар барлық кездесуінде қарсыластарына есе жіберді. Атап айтқанда, алдымен Финляндиядан 0:5 есебімен жеңілсе, одан кейін АҚШ-тан 2:8 есебімен ұтылып қалды. Жастарымыз үшінші кездесуде Словакиядан 2:11 ойсырай жеңілсе, соңғы ойында Швецияға 1:4 есебімен жол берді.

Дания жастары да барлық ойында жеңілістің ащы дәмін татты. Олар алдымен Канададан 0:14, Ресей, Швейцария, Чехиядан 0:4 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша А тобында соңғы орынды місе тұтты. Дания құрамасы былтыр да топ-дивизионның жұбаныш кезеңінде ойнады. Ол жолы Беларусь жастарын 5:4, 3:2 (буллиттен) есебімен жеңді. Осылайша топ-дивизиондағы орнын сақтап қалды.

Жұбаныш кезеңі үш ойынға жоспарланған. Дегенмен ол бір құраманың екі жеңісіне дейін жалғасады. Ойындар 2, 4, 5 қаңтар күндері өткізіледі.

Бүгінгі кездесу біздің жастар құрамасы үшін сәтті басталды деуге негіз бар. Алғашқы минуттан алға қарай лап қойған қазақстандық хоккейшілер 1-минутта бірінші шайба соғып үлгерді. Командалас әріптестері Евгений Шинкарецкий мен Андрей Буяльскийдің берген пасынан кейін Олег Бойко қанжығасын майлады. Оған даниялық хоккейшілер тезірек жауап қайтарудың жолын іздеді. Нәтижесінде 9-минутта олардың қатарынан Йонас Рёндбьерг таразы басын теңестірді. Біздің жастардан 11-минутта Ернар Мұсабаев шайба соғып, тағы Қазақстан құрамасы алға шықты.

Екінші кезең аса тартысты өтті. Дания хоккейшілері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де біздің жастар тағы да бір шайбаны соғып кетті. Оны құрама капитаны Саян Данияр 33-минутта өте шебер орындай білді.

Үшінші кезеңде даниялық хоккейшілер бір шайба соғып, есеп айырмасын қысқартты. Олардың қатарынан 41-минутта Андреас Грундтвиг біздің қорғаушылардың өрескел қателігін шебер пайдаланып, мергендігін көрсетті. Ал 49-минутта Артур Гатиятов қарсыластар қақпашысын қапы қалдырды. Есеп 4:2. Бұдан кейін Дания сапынан Мальте Сетков 57-минутта есеп айырмасын қысқартты. Есеп 4:3. Қазақстан құрамасы жұбаныш кезеңінің алғашқы кездесуінде жеңіске жетті.

Қазақстан жастары әлем чемпионатының топ-дивизионына сегіз жылдық үзілістен кейін қайта оралды. Былтыр Францияда өткен бірінші дивизион ойындарында біздің құрама жеңімпаз атанған еді.

Айта кетерлігі, бүгін әлем чемпионатында жартылай финал ойындары өткізіледі. Жарыстың бұл сатысында Ресей мен Словакия, АҚШ пен Чехия, Швеция мен Швейцария, Канада мен Финляндия кездеседі.

Қазақстан мен Дания жастар құрамалары арасындағы екінші кездесу енді 4 қаңтарда Астана уақытымен 23.00-де болады. Бұл ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі

Соңғы жаңалықтар