Хоккей: Қазақстан жастары орнын сақтап қала ма
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының топтық кезеңі мәресіне жетті. Аталмыш сында Қазақстан жастар құрамасы В тобында бесінші орынды қанағат тұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Біздің құрама енді жұбаныш кезеңіне қатысады. Жарыстың бұл кезеңінде А және В топтарында соңғы орын алған құрамалар өзара тартысқа түседі. Жұбаныш кезеңі үш ойынға созылады. Ойындар 2, 4, 5 қаңтар күндері өткізіледі. Егер екі құраманың бірі қатарынан екі рет жеңіске жетсе, жарыстың бұл сатысы ертерек аяқталады.
Біздің жастарымыз жарыстың бұл сатысында Даниямен кездесетін болды. Дат хоккейшілері де барлық ойында жеңілістің ащы дәмін татты. Олар алдымен Канададан 0:14, Ресей, Швейцария, Чехиядан 0:4 есебімен жеңіліп қалды.
Естеріңізге сала кетелік, біздің жастар да барлық кездесуінде қарсыластарына есе жіберді.
Атап айтқанда, Финляндиядан 0:5, АҚШ-тан 2:8, Словакиядан 2:11, Швециядан 1:4 есебімен жеңілді.
Дания құрамасы былтыр да топ-дивизионның жұбаныш кезеңінде ойнады. Ол жолы Беларусь жастарын 5:4, 3:2 (буллиттен) есебімен жеңді. Осылайша топ-дивизиондағы орнын сақтап қалды.
Қазақстан мен Дания жастар құрамасы ойындары Астана уақытымен қаңтардың 2-нен 3-не қараған күні сағат 01.00-де, 4 қаңтарда 23.00-де, 5 қаңтарда 23.00-де басталады. Бұл ойындар Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазақстан жастары әлем чемпионатының топ-дивизионына сегіз жылдық үзілістен кейін қайта оралды. Былтыр Францияда өткен бірінші дивизион ойындарында біздің құрама жеңімпаз атанған еді. Жалпы, біздің жастар құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді.
Айта кетелік, биылғы әлем чемпионатында ширек финалда қай құрамалар кездесетінін анықталды. Енді Ресей мен Словакия, АҚШ пен Чехия, Швеция мен Швейцария, Канада мен Финляндия кездеседі. Ойындар 2 қаңтарда өтеді. Одан жеңімпаз болған құрамалар 4 қаңтарда жартылай финалда шеберлік байқасады. Ал 5 қаңтар күні финал мен 3 орын үшін сайыстар болады.
Фото: icehockey.kz