Хостелдегі өрт: жарыссөз кейінге қалдырылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда хостелдегі өртке қатысты жарыссөз кейінге шегерілді.

Хостелдегі өрт оқиғасы: Сотталушының әйелі мәлімдеме жасады
Фото: Алма Мұқанова

— Сотталушының адвокаты Әбдірайымовтың сырқатына байланысты бүгінгі сот отырысы кейінге шегерілді. Жарыссөз 27 маусым сағат 10:00-де өтеді, — деп хабарлады сотттан.

Айта кетейік, Алматыда 13 адам мерт болған хостелдегі өртке қатысты іс Алмалы аудандық сотында судья Ернар Қасымбековтің төрағалығымен қаралып жатыр.

ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша екі адамға айып тағылып отыр. Олар – Әділбек Мұхамедьяров пен Александр Пекельник.

Бұған дейін сотталушылардан жауап алынған болатын.

Осыған дейін прокурор Нұразхан Мырзалы айыптау актісін оқыды.

Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын.

Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды.

Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары.

Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды.

Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған.

2023 жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды.

 

Соңғы жаңалықтар