Иран мен АҚШ келіссөзі Оман астанасында өтетін болды

АСТАНА. KAZINFORM – Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи X желісінде АҚШ-пен ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер «жұма күні Маскатта сағат 10:00 [Гринвич бойынша 06:00] шамасында» басталуы тиіс екенін жазды, деп хабарлайды ВВС.

АҚШ пен Иран
Коллаж: unsplash, pixabay

Иран министрінің сәрсенбі күні кешке жариялаған жазбасынан бұрын Axios веб-сайтында келіссөздердің өтетін орны бойынша келіспеушіліктерге байланысты тоқтатылатыны туралы хабарлама жарияланды. Бұған дейін келіссөз Ыстанбұлда өтетіні хабарланған еді.

Дегенмен, кейінірек Axios Таяу Шығыстың бірнеше көшбасшысының араласуынан кейін келіссөз Маскатта өтетінін хабарлады. Келіссөзде Америка Құрама Штаттары атынан арнайы елші Стив Уиткофф қатысады деп жоспарланып отыр. Ол бұған дейін басқа да бірқатар қақтығысты шешуге қатысып жүргені белгілі.

АҚШ пен Иран қатысуымен болған бірқатар оқиға аясында өңірдегі жағдай шиеленіскен күйінде қалып отырғанын жазған едік.

Сейсенбі күні АҚШ әскери күштері Арабия теңізінде Авраам Линкольн әуе тасымалдаушы кемесіне жақындаған ирандық ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсірді. Бұл туралы америкалық ресми өкілге сілтеме жасап Reuters хабарлады.

Тегеран Вашингтонмен қарым-қатынасының шиеленісіп тұрған тұсында дипломатиялық маневрлерге дайын екені туралы белгі берді.

Соңғы жаңалықтар