Қақаған аяз: Құтқарушылар күре жолдарда қалай жұмыс істеп жатыр

қар
Фото: Pexels

Елімізде желтоқсанның басынан бері саршұнақ аяз күшіне мініп тұр. Құтқарушылар, коммуналдық қызмет мамандары тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Осы орайда Kazinform агенттігі соңғы жағдайларға шолу жасаған еді. 

Кеше түнде Көлік министрлігі хабарлағандай ведомство жанындағы ахуал орталығында жедел штаб құрылды

Жол саласы мамандары тазалау жұмыстарымен айналысып жатыр, алайда жолдың көрінбеуіне байланысты бұл жұмыс қиынға соғуда.

Жамбыл облысынан Шымкент қаласына дейін көлік қозғалысына шектеу қойылды. Соның салдарынан көліктер жиналып жатыр.

Жергілікті органдар төтенше жағдайлар, жол полициясы және жол қызметтерімен бірлесіп, жүргізушілер мен жолаушыларға ыстық тамақ ұйымдастырды.

Түркістан облысында қар құрсауында қалған 1000-ға жуық жолаушы құтқарылды.

Боран мен қатты аяздан Түркістан облысындағы 9 облыстық, 1 республикалық маңызы бар автомобиль жолы жабылды.

Құтқарушылар жолда қалған 1000-ға жуық адамды эвакуациялаған. Жолаушылар жылу бекеттеріне орналастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

«Республикалық маңызы бар автожолда 3 жылыту пункті дайындалды. Қазіргі таңда департаментте штаб құрылып жедел желі жұмыс істеп жатыр», — делінген Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Төтенше жағдай мамандары аязды күндерде қандай қауіпсіздік ережесін сақтауға шақырады.  

Айта кетсек, еліміздің барлық аймағында ауа райы жағдайы күрделене түсті. Мамандардың айтуынша, қатты аязда әсіресе жас балалар мен қарт адамдар үшін мұқтаждық болмаса көшеде жүрудің, алыс жолға шығудың қажеті жоқ.

Ел өңірлерінде аязға байланысты 46 жол жабылды.

«Көктайғақ пен ауа температурасының төмендеуіне байланысты жеті аймақта дизельмен жүретін жеңіл көліктер мен автобустардың қозғалысына шектеу қойылды», — деп хабарлаған еді «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы.

Қазақстанның бірнеше облысында дауылды ескерту жарияланды.  

Жамбыл облысында қар құрсауында қалған бақташылар аман-есен табылды.  

12 желтоқсан күні сағат 00:24 шамасында полиция бөліміне Шу ауданы Көкқайнар ауылынан 15 шақырым жерде шаруа қожалықтардың бiрiнен 2 малшысы адасып, жоғалып кеткен.

Хабарлама бойынша тез арада полиция қызметкерлері, аудан әкімдiгi, ТЖД қызметкерлерi, жергілікті тұрғындар, арнайы жол техникасы жұмылдырылып, жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Қалың қар басқан жолдар «Грейдер» техникасымен аршылды.

Шығыс Қазақстанда аязға байланысты бірнеше жолда көлік қозғалысы шектелді.  

12 желтоқсан сағат 18.00-ден бастап республикалық маңызы бар тасжолдың 3 учаскесінде қоғамдық көліктің және дизельмен жүретін автокөліктердің қозғалысына тыйым салынды.

Төтенше жағдай мамандары Ақмола облысында жолда қалған 28 шетел азаматын эвакуациялады

Аумақтық ТЖД баспассөз қызметінің мәліметінше, эвакуацияланған шетелдіктер Көкшетау қаласының жылыту орнына жеткізілген.

Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындары мен қонақтарына төтенше жағдайға тап болған жағдайда 112 нөміріне хабарласуды сұрайды.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі қатты аяз техногендік өрттің көбеюіне ықпал етуі мүмкін екенін хабарлады.  

Қатты аяз техногендік өрттердің көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты құтқарушылар жоғары қуатты электр құрылғыларын бір уақытта қосу арқылы пешті қыздырмауға немесе электр желілерін шамадан тыс жүктемеуге кеңес береді.

Автокөлік иелеріне ашық оттың көмегімен автомобильдерді жылыту қаупі туралы еске салды.

13 желтоқсанда Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар жолда 300-ден астам жүк көлігі қар құрсауында қалды.

Өңірдегі республикалық маңызы бар жолда қар құрсауында қалған 61 жолаушы қауіпсіз жерге жеткізілді.

«Боран әлі басылған жоқ. Өңірдегі 9 облыстық, 1 республикалық маңызы бар автомобиль жолы жабық. Полиция және төтенше жағдай департаментінің және жол қызметтерінің күш-құралдарымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жолда қалған жолаушылар қауіпсіз жерге жеткізілуде. Облыс тұрғындарына ұзақ жолға шықпау керектігін ескертеміз», — деді Түркістан облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Талғат Досалиев. 

Соңғы жаңалықтар
telegram