Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің келіссөзі басталды
МӘСКЕУ. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің келіссөзі басталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
– Әрине, Сіз дұрыс атап өткендей, біз біртұтас мемлекет, біртұтас саяси және гуманитарлық кеңістік жағдайында жұмыс істеуді бастадық. Дегенмен, ізімізден еріп келе жатқан жас буынның жасы шамамен 30-35-те және олар бұл біртұтас мемлекетті көрген жоқ. Біздің міндетіміз – мен айтқандай, эстафетаны беру, яғни бір-біріміз туралы білім мен жаңа тарихи геосаяси шындық жағдайында ынтымақтастықтың барлық бағытын дамытудың аса маңызды екенін түсіндіру. Жастарымыз онсыз осынау тұрақсыз әлемде әрі қарай өмір сүру мүмкін емес екенін түсінуі тиіс. Дәл осы сәтте Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына жасаған мемлекеттік сапары аталған міндетті едәуір дәрежеде орындап отыр, - деді келіссөз барысында Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.
Мемлекеттік шекарадан өткен сәттен Мәскеу әуежайына қонғанға дейін Ресейдің әуе кеңістігінде Қазақстан Президентінің бортымен бірге РФ Қорғаныс министрлігінің Су-35 ұшақтары қапталдасып ұшты.
Сапар барысында Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бейресми пікіралмасуы кешкі ас үстінде жалғасты.
Президент «Белгісіз жауынгер бейіті» ескерткіш мемориалына гүл шоғын қойып, Ресей Федералды Жиналысы Федерация кеңесінің төрағасымен кездесті.
Сондай-ақ Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өткені туралы жаздық.