Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көшті
АСТАНА. KAZINFORM - Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.
Мемлекеттік шекарадан өткен сәттен Мәскеу әуежайына қонғанға дейін Ресейдің әуе кеңістігінде Қазақстан Президентінің бортымен бірге РФ Қорғаныс министрлігінің Су-35 ұшақтары қапталдасып ұшты.
Сапар барысында Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бейресми пікіралмасуы кешкі ас үстінде жалғасты.
Президент «Белгісіз жауынгер бейіті» ескерткіш мемориалына гүл шоғын қойып, Ресей Федералды Жиналысы Федерация кеңесінің төрағасымен кездесті.
Сондай-ақ Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өткені туралы жаздық.