Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы, АЭС, халықаралық оқиғалар – Елшімен сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігі шетелдік дипломаттармен сұхбаттар сериясын жалғастырады. Бүгін Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу мырзамен Қазақстан мен бауырлас Түркия арасындағы достық және стратегиялық серіктестік қарым-қатынастарды талқылаймыз.

− Құрметті Мустафа Капуджу мырза, тамыры терең тарихымызды айтпағанда, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға 33 жыл толды. «Қазақстан тәуелсіздігін кім бірінші мойындады?» деген сұрақта АҚШ пен Түркия қатар айтылады. Бұл жөнінде не дейсіз? 1991 жылы бірнеше бауырлас елдің тәуелсіздік алғанын қалай қабылдадыңыз?
− Өзіңіз жақсы білетіндей, Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет. Бұған ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймын. Қазақстан Парламенті тәуелсіздік туралы шешім қабылдағаннан екі сағат өтпей жатып, Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Мұның айтарлықтай символдық маңызы бар. Алайда одан бөлек те маңызды себептерді атап өтуге болады. Түркия – Кеңес Одағы кезінде де Қазақстанмен байланысын жалғастыра білген мемлекет. Республика болып құрылған сәтінен бастап, біздің бұл өлкемен байланысымыз ешқашан тоқтаған емес. Тіпті, елімізде Қазақстанмен байланысты көптеген зерттеулер жүргізіліп, түрлі журналдарда жарияланып отырды. Мысал ретінде сізге мыналарды айта аламын: 1927 жылы Түркияда жарық көре бастаған «Жаңа Түркістан» журналында Қазақстанға қатысты жазбалар жарияланды. Осман Қожаұлы, Зеки Велиди, Мехмет Казым шығарған бұл журналда сол кездегі қазақ ағартушысы Мұстафа Шоқайдың жазбалары жарық көрді. Сондықтан 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаудың астарында бұл елмен ешқашан байланыстың үзілмеуі жатыр деуге болады. Бұл шынында да бұрыннан келе жатқан түрік халқының үлкен бір сағынышы еді. Түрік және қазақ халықтарының ортақ тарихы мен мәдени байланыстары Түркияның Қазақстанды егемен ел ретінде бірінші болып мойындауынан әлдеқайда маңызды. Бұл да Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет болуына әсер етті. Сондықтан басқа елдердің Қазақстанның тәуелсіздігін мойындап-мойындамағаны біздің назарымыздың сыртында қалды.

Әрине, қазір біз Түркия Республикасы Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш боп таныған ел ретінде мақтанамыз. Бұған себеп болған екі елдің бауырластығы мен мәдени байланысы деп айта аламыз. Бұдан басқа себептерді атап айтудың өзі артық. Екі елдің бір-біріне деген бауырмалдығы мен қолдауы өте маңызды. 1992 жылы 21 сәуірде алғашқы елшіміз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенімхат ұсына отырып, екіжақты байланыс орнатудың алғашқы қадамын жасады. Бірақ Қазақстан тәуелсіздігін жарияламай тұрып-ақ, сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Озалдың 1991 жылы наурыз айында Кеңес Одағына сапары кезінде Қазақстан жеріне де табаны тиген еді. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін әлі алмаған тұста Түркияның мәдениет министрі Намык Кемаль Зейбек те Қазақстанмен бірнеше мәдени келіссөздер жүргізген болатын. Бұның бәрі Қазақстанның тәуелсіздігін қабылдауға жасалған алғашқы қадамдар деп айтуға болады.
− Өзіңіздің естелігіңізбен де бөліссеңіз?
− 1991 жылы мен әлі сыртқы істер министрлігінде қызметте емес едім. 1992 жылы сыртқы істер министрлігіне жұмысқа кірдім. Әрине жұмысқа кірген соң құжаттарды оқып-зерттеуді міндетім деп қана қабылдамадым, бұл іске асқан қызығушылықпен кірістім. Біздің Орта Азия елдеріне, әсіресе Қазақстанға деген қызығушылығымыз бен махаббатымыз ешқашан таусылған емес. Сол кезеңде бүкіл түрік халқының Қазақстанға қатысты қандай сезімде болғанын өте жақсы білемін. Газеттерде көптеген мақалалар «Орта Азиядағы бауырларымызбен қайта қауыштық», «Бауырларымызды қайта құшағымызға аламыз» деген тақырыпта жарық көргені есімде. Осы тәріздес сезімге, эмоцияға толы мақалалар маған да жылы сезімдер сыйлады. Жеке тұлға, адам ретінде барша түрік халқының бойындағы сол бір сезімді мен де өз басымнан өткердім деп айта аламын.
− Түркия Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіреді. Екі елдің интеграциялық әлеуетін 100 пайыз пайдаланып отырмыз деп айтуға бола ма? Сауда көлемін кемінде 10 млрд долларға жеткізу үшін қандай шаралар қабылдау керек?
− Иә, қазір біз Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің қатарынан орын аламыз. Алайды әртүрлі өнімдер бойынша сауда жасайтын елдердің алғашқысы Түркия саналады. Кей мемлекеттер сауда айналымында тек қана бір секторда – мысалы бір мемлекет энергетика саудасында ғана алдыңғы орында болуы мүмкін. Ал Түркия барлық дерлік салаларда сауда-саттықпен айналысатын жетекші елдердің бірі болып саналады. Біз былтыр 2023 жылы айтарлықтай ірі, 9 миллиард долларға жуық сауда айналымын жасадық. Бұл Түркиядағы статистикалық деректер мәліметі. Биылғы алғашқы алты айда да осындай көрсеткіш қайталанды. Былтыр екі елдің президенті Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы саммитінде келіссөздер жүргізген болатын. Сонда жылдық сауда айналымын 15 млрд долларға жеткіземіз деген мақсат қойдық және оған қол жеткізе алатынымызға сенімдімін.
Әрине, нақтырақ айтар болсақ, арамызда «Орта дәліз» жобасы бойынша тек тауар айналымы емес, қызмет көрсету саласында да көрсеткіштерді арттыруды көздеп отырмыз. Жоғарыда атап өткен 9 миллиард долларлық айналым тек тауар айналымына қатысты. Ал қызмет көрсету саласындағы көрсеткіштерге көз тастасақ, бұл саланың одан да тиімді тұстарын аңғаруға болады. Бұл тұрғыда логистика саласы туралы айтуға болады.Түркия «Орта дәлізден» өтетін барлық тауардың соңғы үш жылда үш есе өскенін көріп қуанып отыр. Осы бағытта Түркия әлі де болса инвестиция құюды жалғастырады.
Баку – Тбилиси – Карс теміржолының әлеуетін арттырдық. Бұл логистикалық қолдау мен транспорт жүйесінің дамуы, инвестициялардың ұлғаюымен біз алдымызға қойған сауда айналымына байланысты мақсатымызға айтарлықтай жақындадық. Әрине қолда бар мүмкіндікті, әлеуетті толығымен қамтыдық деп айту мүмкін емес. Мұның да өзіндік себептері бар. Қауіпсіздіктің кейбір салаларында орын алған геосаяси тепе-теңдіктің өзгеруіне байланысты елдер арасында қауіпсіздік пен сенім мәселесі туындады, бұл жаһандық сауданың негізгі кедергілерінің бірі болып отыр.
Түркия мен Қазақстан географиялық жағынан өте маңызды аймақта орналасқанын айтып өту керек. Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары экономикалық қызметтің назары Азияға ауып келеді. Бүгінде Орта Азия сауда орталығына айналды, ал Батыс елдері – бұл тауарлар үшін негізгі нарық көзі болып отыр. Осы себепті ең алдымен логистикалық инвестицияларға көңіл бөлуіміз керек. Бұл бәсекелестік жағдайында біз де – Түркия мен Қазақстан Азия мен Еуропаны бір-біріне байланыстыратын мемлекеттер ретінде бұл артықшылықты көбірек пайдалануымыз қажет.

− Ал Зангезур дәлізін дамыту үшін не істеп жатыр? Бұл болашақта түркі мемлекеттерінің сауда және көлік-логистикалық бағытына қалай әсер етуі мүмкін?
− Зангезур дәлізін арақашықтықты барынша қысқартатын және жылдамдататын, әсіресе аймақта бейбітшілікке ықпал ететін дәліз ретінде қарастырамыз. Әрине, Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік келіссөздерінің нәтижеге жетуін қолдаймыз. Осы бағытта жасалған нақты қадамдарға оң баға береміз.
Зангезур дәлізі іске қосылған жағдайда, сауда және логистика тұрғысынан Армения, Әзербайжан, Түркия және аймақтағы басқа елдер үшін де өте маңызды қадам болмақ.
− Түркия президенті Р.Т. Ердоған Астанаға ШЫҰ саммитіне келіп, бірқатар келіссөз өткізді, терроризмге қарсы күрес мәселесін көтерді. Бұл кездесулер нәтижесінен қандай бастамаларды күтуге болады?
− Елдердің сыртқы саясатына әсер ететін факторлар бар.Соның бірі – география (орналасқан аймақ). Түркия – еуропалық және азиялық ел, Таяу Шығысқа да көршіміз.
Шанхай ұйымы – бұл тұрғыдан сыртқы саяси бағыттарымыздың маңызды бөлшегі. Біздің «Жаңадан Азия» атты бастамамыз бар. Бұл Азиядағы мемлекеттермен арақатынасымызды жақсарта түсуді, тереңдетуді мақсат етеді. Президент Р.Т. Ердоған мырзаның ШЫҰ саммитіне қатысуы осы тұрғыдан үлкен маңызға ие болды.
− Мамыр айында Түркия президенті жаңа конституция қабылдау қажеттігін мәлімдеді. Бұған не себеп болды? Жаңа құжатта нақты қандай өзгерістер болуы мүмкін?
− Конституцияға өзгертулер енгізу жобасы әлі жарияланған жоқ. Бірақ өзіңіз де білесіз, мемлекеттер өзі қажет деп тапқан кезде конституциясына өзгерістер енгізе алады.
Түркия да демократиялық республика ретінде қажет болған жағдайда конститутциясына өзгерістер енгізе алады.
− Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайға тоқталсақ, Палестина-Израиль қақтығысындағы жағдай туралы не айта аласыз? Түркия президенті Израиль бойынша мәлімдеме жасады. Израильде соғыс өрті тұтанса, оның Түркиямен ықпалдас елдерге әсері қандай болуы мүмкін?
− Былай деп айтайын, Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс «тек саяси жағдай» болудан қалды. Ол жерде гуманитарлық трагедия болып жатыр. Бұған тек саяси жағынан баға беру қате болады. Палестиналық бауырларымыз, әсіресе әйелдер мен балалар өлтіріліп жатқанда үнсіз қалуға болмайды. ХХІ ғасырда мұндай трагедиялық жағдай – Түркия тарапынан қабылданбайтын, адамшылыққа жатпайтын жағдай.
Бүгінде халықаралық сотта қаралып жатқан бұл тақырып - Оңтүстік Африка Республикасы тарапынан Израильдің 1948 жылғы геноцид қылмысының алдын алу және жазалау Конвенциясынан туындайтын міндеттемелерін бұзуына байланысты Израильге қарсы БҰҰ Халықаралық сотына (ICJ) жасаған өтінішті еліміз процесстің басынан бері бақылап келеді. Сот процесіне қосылу мүмкіндіктерін мұқият бағалаған соң, биыл 1 мамырда Сырты істер министріміз Хакан Фидан еліміздің сот процесіне қосылу шешімін жариялады. Осы процесте министрлігіміздің үйлестіруімен жүргізілген кешенді құқықтық жұмыс нәтижесінде 7 тамызда Израильге қарсы ашылған сотқа қосылуға ресми өтінішіміз – БҰҰ Халықаралық соты (ICJ) жарғысының 63-бабы аясында геноцид конвенциясына жақтас ел ретінде ұсынылды. Әрине, бейбіт тұрғындарға жасалған бұл шабуылдар басқа мемлекеттердің тек саяси ғана емес, моральдық және адамгершілік жағынан да қарсылығын тудыруы керек. Біз, Түркия осылай ойлаймыз, бұл жағдайға осы тұрғыдан қараймыз. Егер бұл тоқтатылмаса, өкінішке қарай, өзіңіз де айтып өткендей, қауіпсіздік жағынан проблемалар туындауы мүмкін. Бұл бүкіл әлемдегі ортақ проблема болып отыр. Сондықтан Израильдің бұл әрекеттерін бірге тоқтатуға тырысу жолында бәрінің бұған қарсы бірлесіп әрекет етуін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалуы керек.
Түркиябасқа мемлекеттерді және халықаралық ұйымдарды бұл тақырыпта нақты қадамдар жасауға шақыруды жалғастыра береді. Соңғы қадам жасалғанша және бұл шабуылдар тоқтағанша Түркияның ұстанымы еш өзгермейді.
− Бұл ретте Түркияда Instagram желісінің бұғатталуы тосын құбылыс болды. Әрине, 57 млн пайдаланушы – аз сан емес. Түркия халқы мұны қалай қабылдады және 10 күнде бизнес қанша шығынға ұшырады? Түркия Instagram желісімен қандай келісімге келді?
− Өзіңізге белгілі, 11 тамыз күні Instagram желісі Түркияда қайта ашылды. Түркия – құқықтық мемлекет. Түркияда телевизиялық каналда немесе әлеуметтік желіде хабар тарататын болсаңыз, елдің заңдары мен ережелеріне бағынуыңыз керек. Түркия егемен мемлекет ретінде өз заңдарына құрметпен қарауды талап ете алады. Instagram желісінде аудиториямыздың белсенді болуы біз үшін де маңызды. Түркия мен Instagram мамандары арасында жасалған келіссөздерде де бұл мәселенің шешімі табылды. Осылайша әлеуметтік желіден шектеу алынып тасталды. Facebook, Twitter немесе Instagram сияқты әлеуметтік желі платформалары үшін белгілі бір құқықтық ережелерді қабылдау заң бойынша талап етіледі. Бұл ережелерге бағынбаған жағдайда біздің заңды рәсімдерімізге сәйкес, олардың қызметін шектеу шараларын қолдану қажет. Instagram-ға қатысты соңғы жағдай да осының аясында жасалған болатын. Алдағы уақытта қайтадан қайшы келетіндей ситуация болмайды деп үміттенеміз.
Бұл оқиғаға экономикалық, сауда жағынан қарау біраз дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі бірінші орында мемлекет заңдарының сақталуы тұруы керек, ең әуелі заңды ережелерге бағынуын қамтамасыз етуіміз керек. Әрине қазір сауданың онлайн, әлеуметтік желілер арқылы жасалатынын білеміз, бірақ сауда жасайтын адамдар да мемлекеттік сын-қатерлерді ескере отырып, жұмыс істеуі қажет деп ойлаймыз. Кей кездері осындай проблемаларға кезігуіміз мүмкін, бірақ жаңа айтып өткенімдей, Instagram-мен ортақ шешімге келдік. Алдағы уақытта Түркияның заңдары мен ережелері, тәртібі ескеріледі деп ойлаймыз.
− Сирия мәселесі қашан шешіледі деп ойлайсыз? Бұл жөнінде Астана процесінің қайта басталуын қалай бағалайсыз?
− Бұл – өте күрделі бір тақырып. Мұның қалай және қандай жолмен шешілетінін алдағы уақыт көрсетеді. Түркия ең әуелі қауіпсіздік тақырыбына көңіл бөлеміз және мемлекеттік деңгейдегі жұмыстарымызды жалғастырып жатырмыз. Астана процесі – өте маңызды платформа, Қазақстан соңғы жылдары қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу жұмыстарын арттырды. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан процесс үшін ризашылығымызды білдіреміз. Барлық тарапты бір ортаға жинап, дипломатиялық бір шешім табуға тырысып жатқан Астана процесіне қолдау көрсетеміз.
Бұдан бөлек, Алматыда Қазақстанның Армения мен Әзербайжан арасындағы дауды жеңілдетуге ықпал етуші рөліндегі кездесу өтті. Бұл – үшінші мемлекеттердің қатысуынсыз, екі ел арасындағы қарама-қайшылықты шешуге арналған платформа. Әрине, бұл Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі аймақтық және жаһандық рөлін арттырады. Астана процесіне басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар да қызығушылық танытып отыр. Қазақстанның осы проблемаға үлес қосуын біз де маңызды деп есептейміз және осындай мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамыз.
− 2009 жылы құрылған Түркі кеңесі бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымына айналды. Бұл ұйым анағұрлым интеграцияланған ынтымақтастыққа, ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери және экономикалық бірлестігіне айнала ала ма?
− Өзіңіз білетіндей, ең соңғы ТМҰ жиыны Қазақстанда өтті. Бұл жерде TURKTIME құжаты қабылданды. Мұны соңғы 10 жылда Түркі елдері арасында атқарылған процестердің бір нәтижесі ретінде көруге болады.
Оған қоса, «Түркі әлемінің келешегі-2040» құжаты қабылданды. Онда Түркі мемлекеттері ұйымының2040 жылға дейінгі мақсаттары белгіленген. Бұл құжатқа зер салып қарайтын болсаңыз, алдағы уақытта серіктестігімізді тереңдететін және дамытатын бастапқы ұсыныстар бар. Осындай жиындар арқылы барлық түркі халықтары бір ортада бас қосады. Докторларымыз, ғылыми зерттеушілеріміз, академиялық өкілдеріміз, университеттеріміз, әкімдіктеріміз өте маңызды кездесулер өткізеді. Біз көбінесе үлкен жиындар нәтижесін ғана көреміз, бірақ оның астарында біз көрмеген көптеген ұйым жұмыс істейді. Алдағы кезеңде тағы да көптеген даму процестерін, олардың қарым-қатынасымыздың одан әрі нығая түсуіне көмектесетінін көре аламыз деп сенеміз.
− Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастық деңгейіне қандай баға бере аласыз? Былтыр күзде Қазақстанда Anka дрондарын құрастыру қолға алынатыны хабарланды. Кейін ол жоба туралы мүлдем айтылмай кетті. Қазір осы келіссөздер қандай сатыда? Алға ілгерілеу бар ма?
− Қазақстан мен Түркияның әскери ынтымақтастығын маңызды деп санаймыз.Түркия қорғаныс өнеркәсібінде маңызды технологияға ие елдердің біріне айналды. Бұл технологиямызды бауырлас мемлекеттермен бөлісуді дұрыс деп санаймыз және тәжірибемізбен бөлісіп те жатырмыз. «Anka-ға» келсек, 3 ұшақсыз басқарылатын ұшқыш (БПЛА) жеткізілді. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр және ол процесс 3 айда немесе 5 айда жылдам орындалатын нәрсе емес. Мемлекеттер өзінің стратегиялық шешімдерін өзінің қажеттіліктеріне қарай қабылдауы қажет.
Қазір Қазақстан Үкіметінің қажеттілігі болған жағдайда «Anka» инвестиция жасай алады. Бірақ бұл процесс тек Қазақстан Үкіметінің қажеттіліктері мен ұсыныстарына сәйкес орындалады. Бауырлас мемлекет ретінде тек бұл технологияларды ғана емес, басқа да тәжірибелерімізбен бөлісуге әрдайым дайынбыз.
− АЭС салу мәселесі екі елге де ортақ тақырыпқа айналғандай. «Росатом» Түркиядағы алғашқы Аққұйы атом электр станциясын салып жатыр. Бұл шешім қалай қабылданды? Қазақстандағыдай жалпыхалықтық референдум өтті ме? Бұл бағытта Қазақстан не нәрсені ескеруі керек?
− Ядролық энергия тақырыбында референдум өткізбедік. Әрине, энергияның алуантүрлігін көбейту қажеттілігі бар. Тек қана табиғи газ бен жанармайға тәуелді болу – мемлекеттің саяси проекциясында бүкіл жұмыртқаны бір себетте сақтағанмен бірдей. Энергетика саласына жасайтын инвестицияларымызды осындай оймен жүзеге асырамыз.
Аққұйы АЭС құрылысы басталды, алдағы жылы бірінші кезеңін аяқтаймыз және энергия алу процесі басталуын күтіп отырмыз.
Қазақстан да бұл тақырыпта өз қажеттіліктеріне қарай шешім қабылдайды деп ойлаймыз. Қазақстанда да бұл тақырыпқа қатысты түрлі мақалалар, жаңалықтар жазылып жатқанын бақылап отырмыз. Бұл – әрине Қазақстан Үкіметінің жеке шешімі. Референдум өткізу мәселесі де елдің қалауына байланысты. Бұл тақырыпта ең маңыздысы – қаупісіздік, сенімді бір энергия көзін табу. Түркия да бұл жағдайда әртүрлі ұсынысты назарға алды. Қазақстан да осыған ұқсас түрде сенімді және әртүрлі қуат көзін табуға басымдық береді.
− Өткен жылы Түркия мен Сирияда болған алапат зілзалада қазақстандықтар барынша қолдау көрсетуге тырысты. Оның салдары толығымен жойылды ма? Адамдар жаңа баспаналарына толықтай кірді ме? Бұл оқиғадан кейін жер сілкінісін зерттеу жұмыстары, құрылыс сапасына қойылатын қажеттіліктер күшейтілген шығар?
− Түркиядағы зілзала 11 провинцияны қамтыды. Кейбір провинцияларда аса жойқын, кей жерде орташа деңгейде болды. 50 мыңнан астам адамымыздан айырылдық. Бұл тақырып қозғалғанда ең бірінші мына нәрсені баса айту керек – Қазақстан Түркияға алғашқылардың бірі болып көмегін жіберген және ең көп көрсеткен мемлекеттердің бірі болуы. Біз бұл көмекті бауырластықтың символы ретінде көрдік. Қиын күндері бір-бірімізге қол ұшын созу ұстанымын осы зілзалада дәлелдегені үшін қазақ халқына, қазақ үкіметіне осы сәтті пайдалана отырып алғыс айтамын.
Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қолынан келгенше халықтан-халыққа жіберген көмегін айтқым келеді. Бұл – біз үшін өте қымбат. Көмектің көлеміне, бағасына назар аудармадық, оның қаншалықты шын жүректен жасалғанын көрдік. Алты жасар қыздың ақша жинайтын сандықшасын босатып, көмек ретінде жіберуі біз үшін миллион доллардан да қымбатырақ.
Бауырлас елдер ретінде кез келген жағдайда бір-біріміздің жанымыздан табылуымыз керек. Біз мұны жер сілкінісі кезінде өте жақсы сезіндік. Қазақстанда көктемде сел жүрді, біз де көмек қолын созар едік, алайда Қазақстан үкіметі өз мүмкіндіктерімен апатты еңсере білгеніне қатты қуандық. Өте ауқымды алдын алу шараларын жүргізу арқылы 100 жылда бір болатын селге Қазақстан жалғыз өзі төтеп бере алды, бірақ егер қажеттілік туындаған жағдайда, әрине, біз де жанынан табылуға, кез келген көмек түрін жеткізуге дайын екенімізді білдірдік. Қазақстанның дамыған іздеу және құтқару технологиясы арқасында апат ауқымының кеңеюіне жол берілмеді. Барлық қиындық артта қалсын деп тілеймін.
Түркияда 75 мың тұрғын үйді бір жылда салып, заңды қожайындарына тапсырдық. 300 мың тұрғын үйдің құрылысы әлі жалғасып жатыр. Әрине мұндай күтпеген апат жарасының жазылуы үшін бір жыл өте аз, бұдан да көп уақытты қажет етеді. Мұндай оқиғадан кейін ескі қалалардың бұрынғы мәдени келбетін қайтару қиын әрі ұзақ уақыт алады. Бұл тек үй салумен шектелетін нәрсе емес, бірақ бұл процесс үй және ғимарат салумен басталады. Бұл ретте тағы да уақыт қажет екенін айтқым келеді.
Бүгінгі күнге дейін өз мүмкіндігімізбен 75 мың үйді қолданысқа беруіміз – маңызды жетістік. Енді тағы 300 мың үй салынып жатыр. Қаланың ескі рухын қалпына келтіруге тырысамыз, бірақ бұл – ғимараттарды салып болғаннан кейінгі мәселе. Біз аз уақыттың ішінде үйлерді өзіміз ойлағаннан да жылдам салдық, сондықтан рухани жағын қалпына келтіру де ұзаққа созылмайды деп ойлаймыз.
− Түркі елдері арасында жиі айтылған «Ортақ әліпби» жөнінде ой бөліссеңіз. Бұған дейін 4-5 раунд келіссөз өтіп үлгерді. Әрбір елдің өз амбициясы барын ескерсек, ортақ әліпби – утопия болып көрінбей ме?
− Жоқ, маған бұл утопиялық пікір болып көрінбейді. Мұны ғылыми жағынан алып қарасақ, Халықаралық Түркі академиясы мен ғалымдар түркі тілдерінің дыбысталуын негізге ала отырып, бұл бағытта жақсы ғылыми жұмыстар жүргізіп жатыр. Олардың алғашқы жиналысы 2023 жылы осында өтті. Одан кейін де бірнеше жиналыс өткізілді.
Әрине түркі тілдерінің бірлігі – интеграция жағынан алып қарағанда жасалуы керек маңызды қадамдардың бірі. Құрметті Президентіміз де мұны Түркі елдерінің басқосуында сөйлеген сөзінде айтып өтті. Түркі мемлекеттерінің тіл бірлігі – біздің маңызды мақсаттарымыздың бірі. Біздің президентіміз бұл салаға жасалатын алғашқы қадам – ортақ түркі әліпбиімен басталатынын атап өтті. Сондықтан бұл саладағы жұмыстар әлі жалғасып жатыр, алғашқы жиналыстың Астанада өтуі де маңызды. Сосын Бакуде, Алматыда басқосу ұйымдастырылды. Бұл бағытта ғылыми жағынан да, техникалық жағынан да жұмыстар жалғасып жатыр.
− Биыл да қазақстандықтар Түркиядан баспана алушылардың үздік ондығына кірді. Бұған салынатын салық мөлшері өсті ме? Кейінгі жылдары шетелдіктер көбейіп, Түркияда тұру талаптары қиындай түскен секілді. Бұл ретте қазақстандықтарға қандай кеңес берер едіңіз?
− Салық көбейген жоқ. Тек ретсіз және заңсыз көші-қонға байланысты әртүрлі шарамыз бар.
Заң бойынша ықтиярхат алып, көшіп келген, тәртіп бұзбаған адамдарға ешқандай әсері болмайды. Бірақ менің кеңесім – көші-қон мекемесіне барып, бұрынғы жасалған ықтиярхат уақыты бітпей тұрып, уақытын ұзартқан жөн.
− Қазақстандықтар Түркия туризмін, оның ішінде теңіз жағалауларын, асханасы мен қызмет көрсету әдебін ерекше бағалайды. Ал түркиялық ағайындардың Атажұртына көптеп келуі байқала ма? Статистика не дейді?
− 2023 жылы шамамен 850 мың қазақ бауырымыз Түркияға сапарлаған. Ал Қазақстанға шамамен 190 мың түрік азаматы келді. Әрине Түркия танымал туристік бағыт болғандықтан, арадағы бұл сандық көрсеткіштер аса маңыз береді деп ойламаймын. Себебі мұның бірнеше факторы болуы мүмкін.
Біріншісі – әуе жолдары, соңғы уақытта Air Astana рейстері өте жиіледі, Pegasus те көптеген қалаға тікелей рейстер ашты, Turkish Airlines, АjeT, Fly Arystan Анкараға, Ыстанбұлға және Түркияның Анталия секілді басқа аймақтарына да тікелей рейстер қоса бастады.
Туризм – біздің дипломатиялық қарым-қатынасымыздан бөлек халықтарымыздың өзара байланыс құруына, жақындасуына көмектесіп жатқан бір процесс. Ол тек экономикалық, сауда байланысы ғана емес, екі ел халқының біте қайнасып араласуы, бір-бірінің тарихы мен мәденитеін тану мүмкіндігін беріп отырған секторға айналды. Сондай-ақ мемлекет тарапынан да Түркиядан Қазақстанға, Қазақстаннан Түркияға әуе рейстерімен қатынауды оңайлату үшін қолдау көрсетіліп жатыр.
− Жуырда Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Оған Түркия қалай дайындалып жатыр? Қандай айтулы спортшыларыңыз келеді? Бұл іс-шара түркиялық туристердің артуына септігін тигізетін шығар?
− Әрине, Көшпенділер ойындарын көруге келетін түркиялықтар өте көп. Біз жүзге жуық спортшымыздың қатысуын қамтамасыз етеміз, көп мөлшерде спортшы қатысатын мемлекеттердің бірі боламыз. Түркияның спорт министрлігі осы тақырыпқа қатысты елдегі туризм министрлігімен, спорт ұйымдарымен жиналыс өткізді. Түркия атынан ойындарға қатысатынымызға қуанышты екенімізді айтқым келеді.
Қазір түрік спортшылары қызу дайындық үстінде, алдағы уақытта ТРТ каналынан спортшыларымыздың дайындығы туралы сюжет көрсетеміз. Көшпенділер ойындары – әрине тарихи бір миссияға ие жоба. Ортақ тарихи спорттарымыз бар екенін айта өту керек. Бұл да Олимпиадаға ұқсас ұйымдастырылады деп сенеміз. Қазір кім қатысатынын нақты білмеймін, бірақ біз барлық спорт түріне спортшы дайындап жатырмыз. Бәрі өте сәтті өтеді деп сенемін. Былтыр Түркияда Көшпенділер ойындары жақсы деңгейде өтті деп ойлаймын. Бұл шараны Қазақстанды тағы бір таныта түсетін және тарихи ойындарымызды бүкіл әлемге танытуға мүмкіндік беретін ауқымды оқиға деуге болады.
− Түркияда соңғы жылдары домбыраға қызығушылық артқан көрінеді. Тіпті Анталияда жағалауда домбыраға ескерткіш орнатылуы мұны айғақтай түседі. Бұған екі ел арасындағы мәдени байланыстар ықпал етті ме?
− Иә, солай деуге болады. Домбыра – қазақтың ұлттық аспабы. Бізде де соған ұқсайтын саз аспабы бар. Бірақ домбыраны тарту оған қарағанда қиын екенін білемін. Бес-алты ішегі бар аспаптардан шығатын дауысты домбырадағы екі ішектен шығару өте қиын деп ойлаймын. Сондықтан домбыра шерте алатын өнерпаздарды өте талантты деп айтуға болады. Анталияда домбыраға ескерткіш орнатылуы маңызды деп ойлаймын, себебі Анталия – қазақтар ең көп келетін қалалардың бірі. Екі елге бір-бірінің ұлттық аспаптарын көрсету маңызды, осылайша біздің ортақ мәдени байланысымыз бар екенін көре аламыз.
Өткен жылы осында Ататүрік саябағында Юнус Эмре ескерткішін аштық, бірнеше көшеге атау берілді. Түркияда да бірнеше саябаққа қазақ ағартушыларының, қазақтың мемлекет қайраткерлерінің атын бердік. Осы арқылы біз жастарға, жаңа буынға екі ел арасындағы қарым-қатынасты мәдени және тарихи ортақ құндылықтарымыз бар екенін еске салғымыз келеді. Домбыраны көрген бір адам бұл не, кімнің аспабы деп қызығушылық танытады. Сәйкесінше Қазақстанда да Юнус Эмре жай ғана мүсін емес, екі елге ортақ маңызды тұлға екенін білдіргім келеді. Көшелерге берілген атаулар да жастардың қызығушылығын оятып, оларды жаңа ақпарат білуге ынталандырады. Сондықтан мұны тек қана символ ретінде көру жеткіліксіз. Бұл екі ел арасындағы қатынасты одан сайын нығайта түседі деп сенеміз.

− Сіздің Қазақстанға Елші болып келгеніңізге жылдан асты. Бұған дейін Тәжікстан, Италия, Бразилия, Түрікменстанда елшілік қызмет атқарғаныңызды білеміз. Қазақстанның біраз қаласын аралап үлгерген екенсіз. Қандай әсер алдыңыз?
− Әзірге Алматы, Ақтау, Шымкент, Түркістан мен Тараз қалаларына баруға мүмкіндігім болды. Алдағы уақытта да біраз шығыс пен солтүстік өңірлерге баруға ниеттімін. Мүмкіндік туған бойда Өскеменге, Семейге, Павлодарға баруды жоспарлап отырмын. Шынымды айтсам, мұнда алғаш келгенімде еш жатырқамадым. Астанаға да бірден үйреніп кеттім, алғашқы күннен-ақ өз үйімде жүргендей сезіндім. Көшеге шыққанда қазақ бауырларымыздың бізге қамқорлықпен, махаббатпен қарайтынын сезіндік.
Әсіресе, түркілердің рухани астанасы Түркістанда Ахмет Ясауи, Арыстан Баб кесенелеріне барғанда бұл сезімдеріміздің тереңдей түскенін байқадық. Өздеріңіз білетіндей, Қожа Ахмет Ясауи – Анадолыдағы Исламның символы, ал түркі әлеміндегі мұсылмандық Ахмет Ясауи арқылы тарағанын білеміз. Ясауи арқылы тараған дәстүр біздің елдегі мұсылмандыққа өте жақын. Алматы туралы да айрықша атап өткім келеді. Мәдениет жағынан Алматы өте ерекше бір қала деп айтуға болады, сауда айналымы да айтарлықтай дамыған деуге болады.
Былтыр Астананың елорда атануының 25 жылдық мерейтойын тойладық. Астананың осындай тез дамып кетуі, меніңше Қазақстан Үкіметінің жетістігінің бірі саналады. Астанаға осы уақытта түрлі аймақтан адамдар көшіп келіп орналасқан. Осы арқылы Астана түрлі мәдениеттің бір жерде тоғысқан нүктесіне айналды. Гастрономиялық жағынан да өте маңызды ықпал бар екенін байқауға болады.
Қысқаша мынаны айтқым келеді: Қазақстандағы қалаларды аралауымызда Түркиядағы қаладан басқа қалаға кеткендей сезім болған жоқ. Күнделікті өмірімізде қиындыққа тап болмадық, ресми қызметімде соңғы 1,5 жылда еш мәселе туындамады. Қазақ бауырларымыздан, Сыртқы істер министрлігінен үнемі достық, бауырмалдық көреміз. Бізбен шынайы қарым-қатынаста және үнемі құшақтары ашық. Осы үшін де алғыс айтқым келеді.
− Қазақстанның гастрономдық ерекшеліктері жөнінде толығырақ айтып бере аласыз ба?
− Мен өзім жалпы көп ет жейтін адам емеспін, дегенмен жылқы етінің дәмін көрдім. Қонаққа шақырғанда бізге қымыз ұсынылады, ол тіпті өз үйімізде де бар. Өзіңіз білесіз, қымыз – Түркияда жиі ішілетін сусын емес. Бірақ Қазақстанда болғанда өз тоңазытқышыма алып қоюға тырысамын. Себебі келген қонақтарға қымыз ұсынып, бауырлас елдің мәдениетіне құрмет көрсетуге тырысамын.
Әрине бұл жерде ет асу өте танымал. Бұл енді қазақ халқының ұлттық тағамы, ұлттық тағамға құрмет ретінде ет жемейтін адам болсам да дәмін көремін. Ал бауырсақ – ең жақсы көретін тағамымның бірі. Түркияда «пиши» деген түрі бар, бірақ бізге Қазақстандағы бауырсақ дәмдірек болып көрінді. Қалай жасалатынын да білеміз. Сыртта тамақ ішкенде үлкен мәнтіні жақсы көреміз. Түркияда мәнтінің үлкені де, кішісі де бар. Бірақ Қазақстандағы үлкен мәнті дәмдірек. Мен негізі тамақтануға қатты мән беремін, өте көп калория алмауға тырысамын, бірақ айтылған тағамдардың дәмін көрмей отыра алмаймын (күліп).
Қазақстан гастрономиясы сондай бай, түрлі тағам мәдениетінің тоғысқан жері деуге болады. Сырттан тамақтанғанда еуропалық ресторанға қарағанда қазақы мейрамханаларға баруды құп көремін. Айта кетсем, Түркістан аймағы көп ет жейтін аймаққа саналады екен, мал шаруашылығының дамуымен де байланысты деп ойлаймын. Сондықтан бұл жақтағы еттен жасалатын тағамдар өте дәмді болып шығады.