Жыл сайын 2 мың адам қаза табады: жол ережесін қадағалауға дрондар тартылады

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл сайын еліміздің жолдарында  2 мыңнан астам адам жол апатынан қаза тауып, 20 мыңнан астамы жарақат алады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Үкімет отырысында айтты.

дтп
Фото: Canva

Вице-министрдің айтуынша, жолдағы апатқа бірнеше фактор әсер етеді. Ең басты себеп – жолдағы тәртіптің төмендігі.

– Жол-көлік оқиғаларының 90%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады. Полиция жыл сайын 13 миллион жол ережесін бұзу фактісінің алдын алады, – деп атап өтті ол.

Жыл басынан бері қайғылы салдарға әкелуі мүмкін жол ережесін бұзу деректері 20%-ға, қарсы қозғалыс жолағына шығу фактілері 16%-ға артқан. Сондай-ақ мас күйінде көлік жүргізген 16,6 мың жүргізуші ұсталған.

Жол қауіпсіздігін арттыру үшін Ішкі істер министрлігі патрульдеу бағыттарын күшейтіп, жедел-алдын алу шараларын және тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгіннен бастап «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды.

Сонымен бірге, дрондар арқылы жол қозғалысы қадағалана бастады. Дрондар 3,6 мың жол ережесін бұзу дерегін тіркеген, оның ішінде 1 мың жағдай — қарсы жолаққа шығу, 300-і — қауіпті басып озу фактілері.

Автоматтандырылған камералар желісі де кеңейіп келеді. Қазір олардың саны 25 мыңға жеткен. Патрульдік автокөліктерге радарлар орнатылып, жасырын патрульдеу әдісі қолданылып жатыр.

Республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілді: жалпы ұзындығы 1900 шақырым болатын 8 жол қамтылған. Министрлік дерегінше, осы трассаларда қаза болғандар саны 11% азайған.

Жол ережесін қасақана бұзушылармен күрес мақсатында барлық цифрлық шешім мен бақылау камералары «ТОР» платформасына біріктірілді. Бұл жүйе көліктердің қозғалысын бақылауға, маркасы, моделі және түсі бойынша іздеуде жүрген автокөліктерді анықтауға, агрессивті жүргізу фактілерін тіркеуге және көлікті үздіксіз 8 сағат айдаған жүргізушілерді қадағалауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, соңғы күндері елде үш жол апатынан 25 адам қаза тапты. Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады.

Соңғы жаңалықтар