Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйіс

АСТАНА. KAZINFORM – Өтіп бара жатқан апта ішінде Мемлекет басшысы бірқатар тағайындау жасады. Сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдардағы лауазымдарға жаңа қызметкерлер келді.

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. 

Дархан Сатыпалды 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауылшаруашылығы институтын, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданының «Келес» коммуналдық кәсіпорнында бастаған. 2000-2006 жылдары Қаржы министрлігінде, Президенттің Іс басқармасында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 2007-2010 жылдары Білім және ғылым министрлігінің Бюджет және Қаржы департаменттері директорының орынбасары, Ғылым комитеті төрағасының орынбасары болған.

2022 жылғы 31 тамыздан Түркістан облысының әкімі қызметін атқарды.

***

Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұралхан Оралбайұлы Көшеров Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындалды. 

Н. Көшеров 1984 жылы дүниеге келген. 2005 жылы "Экономист" мамандығы бойынша М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. 2007 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін "Заңтану бакалавры" мамандығы бойынша, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы бастаған. 2008 жылдан бастап 2015 жылға дейін мемлекеттік кірістер органдарында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2015-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болды.

***

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі болып тағайындалды.

Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев 1975 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Октябрь ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын «Радиоинженер» мамандығы бойынша, ал 2000 жылы Д.Қонаев атындағы гуманитарлық университетті бітірген. 2002 жылдан 2005 жылға дейін Премьер-министр кеңсесінің қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімінің кеңесшісі, сектор меңгерушісі қызметін атқарды. 2005 жылдан 2011 жылға дейін Сенат аппаратында жұмыс істеді. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлім меңгерушісінің орынбасары, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени даму комитетімен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлім меңгерушісі лауазымдарын атқарды.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық Соттың судьясы болып жұмыс істеді.

***

Мемлекет басшысының келісімімен Бас Прокурордың бұйрығымен аға әділет кеңесшісі Марат Баянұлы Әбішев Ақтөбе облысының прокуроры болып тағайындалды. 

М.Б. Әбішев 1979 жылы 5 қыркүйекте Қарағандыда дүниеге келген. Прокуратура органдарындағы қызметін 2000 жылы Қарағанды облысының Жезқазған қаласы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Кейін Бас прокуратурада прокурор, содан кейін Азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілері мен атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау департаментінің басқарма прокуроры қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы Зырян аудандық сотының судьясы болып жұмыс істеген. Әр жылдары Бас прокуратураның Соттарда мемлекет мүддесін қорғау департаментінің аға прокуроры, бөлім басшысы, департамент басшысының орынбасары, Қостанай облысы прокурорының орынбасары және бірінші орынбасары, сондай-ақ Бас Прокурор Аппараты басшысының орынбасары лауазымдарында қызмет етті.

***

Осы аптада Петропавл қаласы әкімінің орынбасары қызметіне Марлен Сандыбаев келді. https://kaz.inform.kz/news/petropavl-kalasi-akmnn-orinbasari-tagayindaldi-fb3698/

Марлен Бағытбекұлы 1984 жылдың 8 қаңтарында Қостанай облысы Арқалық қаласында дүниеге келді. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «Юриспруденция», К.Сағадиев атындағы халықаралық бизнес университетін «Мемлекеттік жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылы прокуратура органдарынан бастаған. Әр жылдары Қостанай қаласы әкімдігінде, Сарыкөл ауданы әкімінің аппаратында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған. Осы тағайындауға дейін Марлен Сандыбаев Қостанай облысы Мендіқара ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

***

ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Мұхаметқали Ринат Зәкиұлы Мәдениет және ақпарат министрілігі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды. 

Р. Мұхаметқали 1981 жылы туған. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 2002-2004 жылдары жеке және мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеген. 2004-2009 жылдары Әділет министрлігінің заңнама департаментінде жетекші маман, бас маман, басқарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы лауазымдарын атқарған.

2022-2023 жылдары Президент Әкімшілігі басшысының хатшылығының меңгерушісі қызметін атқарған. 2023 жылдың қаңтарынан бастап Қостанай облысы әкімінің орынбасары лауазымында жұмыс істеген.

***

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұйрығымен Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы лауазымына Руслан Темірғалиұлы Сейсембаев тағайындалды. 

Генерал-майор Руслан Сейсембаев ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясын бітірген. 1997 жылдан 2008 жылға дейін Ұлттық қауіпсіздік органдарында офицерлік лауазымдарда қызмет етті, ал 2008 жылдан 2023 жылға дейін осы салада басшылық қызметтер атқарды. 2023 жылдың сәуірінен 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Руслан Сейсембаев ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары және террорға қарсы қызмет бастығының міндетін атқарды.

***

Бұл аптада Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасарлары тағайындалды. 

Атап айтқанда, Азаматтық қорғау полковнигі Бекзат Сейтбекұлы Камбаров Шымкент қаласы ТЖД бастығының бірінші орынбасары лауазымына келді. Б. Камбаров 1978 жылы ОҚО, Сарыағаш ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2004 жылдың сәуір айынан бастап қызмет атқарады.

Азаматтық қорғау полковнигі Огай Сергей Афанасьевич Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Огай Сергей Афанасьевич 1981 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2005 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істеп келеді.

Ерболат Ақанұлы Кисыков Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Е. Кисыков 1969 жылы Қостанай облысы, Жарқайын кентінде дүниеге келген. Мемлекеттік қызметте еңбек еткеніне 12 жыл толған.

***

Маңғыстау облысы ТЖД бастығының бірінші орынбасары, Ақтау қаласы ТЖБ бастығы орынбасары және Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы тағайындалды. 

Азаматтық қорғау подполковнигі Мирбек Караев Аманқосұлы Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.

Өзінің еңбек жолын 2002 жылдың желтоқсанынан бастап 2004 жылғы қарашаға дейін ҚР Қарулы күштер қатарында қызмет етуден бастады. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап 2025 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта ҚР ТЖМ Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі (Ақтау қаласы)» РММ бастығы қызметін атқарған.

Ақтау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары болып азаматтық қорғау майоры Бекен Балтабайұлы Демешов тағайындалды.

Б. Балтабайұлы 1992 жылы 21 қарашада Маңғыстау облысы Ақтау қаласында дүниеге келген. 2014 жылы Көкшетау техникалық институтын бітірген. 2024 жылы маусым айынан бастап «Маңғыстау облысы ТЖД ӨСжАҚЖҚ (Ақтау қаласы)» РММ бастығының орынбасары лауазымында жұмыс істеген.

Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы болып азаматтық қорғау майоры Берік Хаджи-Рахимұлы Бүркітов тағайындалды.

Б. Бүркітов 1988 жылы 18 қарашада Маңғыстау облысы Ақтау қаласында дүниеге келген. 2016 жылы Көкшетау техникалық институтын бітірген. 2023 жылы сәуірінен бастап «Маңғыстау облысы ТЖД ӨСжАҚЖҚ (Ақтау қаласы)» РММ бастығының орынбасары болды.

***

Атырау облыстық экология департаментіне жаңа басшы келді. Бұл лауазымға Асқар Жүсіпов тағайындалды. 

Асқар Болатұлы 1988 жылы Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Торғай селосында дүниеге келген. 2008 жылы Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжін, 2013 жылы Құқықтануодағының Қарағанды экономикалық университетін құқықтану мамандығымен бітірген.

Еңбек жолын 2010 жылы Қостанай облысындағы Жангелдин аудандық әділет басқармасында бастаған. Осы кезге дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігінде Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің құқықтық қамтамасыз ету басқармасына басшылық еткен.

***

Осы аптада Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне Асқар Жүсібалиев тағайындалды. 

Ол бұған дейін облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Асқар Жүсібалиев 1963 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген. 1985 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «Агрономия», 2008 жылы Алматы экономика және статистика академиясын «Есеп және аудит», 2020 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1980 жылы Ақтөбе облысының Исатай совхозында жұмысшы болып бастаған.

***

Сұлтан Аманчин Ақтөбе облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Сұлтан Аманчин 2013 жылы Ақтөбе сәулет-құрылыс колледжін «Сәулет», 2016 жылы Қазақ-орыс халықаралық университетін «Құрылыс» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

***

Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып Арман Есентаев тағайындалды. Ол бұған дейін аталған басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған. 

2004 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, ал 2011 жылы Қазақстан-Американдық еркін университетін аяқтады. Еңбек жолын ШҚО жер қатынастары басқармасында жетекші маман болып бастаған.

***

Осы аптада Cанат Шалекенов «Ақтөбе» футбол клубының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.

Санат Шалекенов 2007 жылдан бастап «Ақтөбе-Жас» командасында ойнады. 2013-2014 жылдары аралығында негізгі құрамға шақырту алды. Сондай-ақ, мансабында «Ақжайық», «Тобыл», «Атырау», «Каспий» командаларының құрамында ойнады. «Қазақстан U-21» жастар құрамасына да шақырылды. Қорғаушы болып ойнаған Санат Шалекенов 2010 жылы «Тобыл» ФК сапында, 2013 жылы «Ақтөбе» ФК сапында футболдан Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанды.

***

Қазақстандық бапкер Қайрат Нұрдәулетов биыл Бірінші лигада ойнайтын павлодарлық «Ертіс» футбол клубының бас бапкері атанды.

1982 жылы дүниеге келген ол кәсіби ойыншы ретінде «ЦСКА-Қайрат», «Есіл-Богатырь», «Ертіс», «Қайрат», «Тобыл», «Астана» және «Қайсар» командаларында ойын көрсетті. 2002-2004 жылдары «Ертіс» сапында ол клубтың чемпион болуына үлкен үлесін қосты. Футболшы мансабын аяқтағаннан кейін ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына енді. Кейін Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері қызметін атқарды.

***

«Атырау» командасы бас бапкері қызметіне қазақстандық Константин Горовенко тағайындалды.

Қазақстандық маман бұған дейін «Қайрат-Жастар», «Жетісу», «Шахтёр», «Мақтаарал», «Атырау» және «Каспий» командалары тізгінін ұстаған. Сондай-ақ еліміздің 21 жасқа дейінгі жастар құрамасында басшылық етті.