Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Осы апта Үкімет басшысының жаңа орынбасары тағайындалып, Павлодар облысының прокуратурасында кадрлық ауыс-түйіс болды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі лауазымына тағайындалды.
Еңбек жолы:
— Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы (1999-2002 жж);
— Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы Талдау және қоғамдық-саяси үрдістерді үйлестіру бөлімінің бастығы (2002-2004 жж);
— Алматы қаласы бойынша ақпарат басқармасы Талдау және болжау бөлімінің бастығы (2004 ж);
— Алматы қаласы бойынша ақпарат басқармасы бастығының орынбасары (2004-2005 жж);
— Алматы қаласынның ішкі саясат департаменті директорының орынбасары (2005-2006 жж);
— Алматы қаласының ішкі саясат департаментінің директоры (2006-2008 жж);
— Астана қаласының ішкі саясат басқармасының бастығы (2008-2010 жж);
— Астана қаласы әкімінің орынбасары (2010-2014 жж);
— ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі (2014-2019 жж);
— ҚР Президентінің көмекшісі — ҚР Президенті Әкімшілігі Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі (2019-2020 жж);
— ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі (2020-2022 жж);
— ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары (2022-2023 жж);
— ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрі (2023 жылғы 2 қыркүйектен бастап).
Сонымен қатар, осы аптада Рауан Канкин ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы қызметіне келгені мәлім болды.
Рауан Канкин 1991 жылы Екібастұз қаласында дүниеге келген.
Бірнеше жерде білім алған. Атап айтқанда:
— 2014 жылы KAIST (Корея Республикасы) «Бизнес және технологияларды басқару» мамандығы бойынша оқыды;
— 2022 жылы — Назарбаев Университеті, мемлекеттік басқару магистрі;
— 2024 жылы — «Болашақ» бағдарламасы бойынша Бостон университеті, жобалық басқару магистрі.
2025 жылдың қазан айынан бастап Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. 2014-2016 жылдары KPMG аудиторлық департаментінде жұмыс істеді. 2017 жылы Мәскеуде Сименс қызметкері болды. 2017-2021 жылдары — PricewaterhouseCoopers компаниясының тәуекелдерді талдау және бақылау бөлімінің аға кеңесшісі. 2021-2025 жылдары — «Алматы Телекоммуникейшнс Қазақстан» АҚ тәуелсіз директоры.
Атап айтқанда, осы аптада Павлодар облысының прокуратурасында бірқатар тағайындау болды. ҚР Бас прокурорының бұйрығымен ротация негізінде Павлодар қаласының прокуроры лауазымына аға әділет кеңесшісі Ерлан Маратұлы Салханов келді. Құқық қорғау органдарындағы еңбек өтілі 21 жылдан асады. Павлодар облысы, Астана қаласы прокуратуралары органдарында және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының түрлі лауазымдарында қызмет атқарған. Осыған дейін Павлодар облысы мамандырылған табиғат қорғау прокуратурасын басқарған.
Ал Павлодар облысы мамандырылған табиғат қорғау прокуроры лауазымына әділет кеңесшісі Алмас Советұлы Әбішев тағайындалды. Құқық қорғау органдарындағы еңбек өтілі 13 жылдан асады. Павлодар облысы прокуратурасы органдарында және ҚР Бас прокуратурасының түрлі лауазымдарында, соның ішінде Павлодар қаласының бөлім бастығы, Екібастұз қаласы прокурорының орынбасары, Павлодар облысы прокуратурасының Аппарат басшысының лауазымында қызмет атқарған.
Ротация тәртібінде Павлодар ауданының прокуроры лауазымына аға әділет кеңесшісі Асан Нұрбайұлы Нұрбаев тағайындалды. Құқық қорғау органдарындағы еңбек өтілі 20 жылдан асады. Павлодар, Маңғыстау облысы прокуратуралары органдарында және ҚР Бас прокуратурасының түрлі лауазымдарында, оның ішінде Маңғыстау облысы прокуратурасының басқарма бастығы, Аппарат басшысы лауазымдарында қызмет атқарған. Бұған дейін Павлодар қаласының прокуратурасын басқарған.
ҚР Бас прокурорының бұйрығымен ротация тәртібінде Тереңкөл ауданының прокуроры лауазымына аға әділет кеңесшісі Ермек Қайыргелдіұлы Ахметов тағайындалды. Құқық қорғау органдарындағы еңбек өтілі 18 жылдан асады. Павлодар облысы прокуратурасы органдарында және ҚР Бас прокуратурасының түрлі лауазымдарында қызмет атқарған. Осыған дейін Павлодар облысының Павлодар ауданы прокуратурасын басқарған.
Ақтоғай ауданының прокуроры лауазымына аға әділет кеңесшісі Ренат Ибрахимұлы Рахматулла тағайындалды. Құқық қорғау органдарындағы еңбек өтілі 22 жылдан асады. Павлодар облысы прокуратурасы органдарының түрлі лауазымдарында, оның ішінде басқарма бастығы, Баянауыл ауданының прокуроры лауазымында қызмет атқарған. Осы тағайындлауға дейін Павлодар облысының Тереңкөл ауданы прокуратурасын басқарған.
Осы аптаның аяғында Alatau City Authority мемлекеттік қорының бас атқарушы директоры (CEO) болып Әлішер Әбдіқадыров тағайындалғаны жарияланды. Әлішер Әбдіқадыров мемлекеттік басқару, экономикалық даму және инвестициялық саясат саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар. Әр жылдары Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары, Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Ұлттық экономика вице-министрі, Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Бұдан бөлек, Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып Еркін Оқасов сайланды.
Еркін Оқасов — Батыс Қазақстан облысының тумасы. Кәсіпкер, «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы. Осы уақытқа дейін «Qazaq kuresi» қауымдастығының вице-президенті қызметін атқарды.