Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде осы апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Атап айтқанда, Айбек Ғалымжанов ротация тәртібімен Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды

Жаңа басшыны ұжымға ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова таныстырды.

Айбек Ғалымжанов Қазақ көлік және коммуникация академиясын «Көлік кәсіпорындарындағы экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Статистика саласында еңбек жолын 2002 жылы Қостанай облысының Жангелді аудандық статистика бөлімінің бастығы болып бастаған.

2005-2012 жылдары Қостанай облысының Статистика есептеу орталығының директоры қызметін атқарды.

2012-2015 жылдары Қамысты ауданы (Қамысты ауылы) әкімдігі аппараты мен Қостанай қаласы әкімдігінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

2015-2019 жылдары ҚР ҚМ ММЖК Қостанай мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде бөлім басшысы, басшы қызметтерін атқарды.

2019 жылғы қарашадан бастап жаңа тағайындауға дейін Ұлттық статистика бюросының Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымында болды.

«Құрмет» орденімен және «Бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы» және «Статистика үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

Талғат Жайлауов хоккейден Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Талғат Жайлауов қазір «Барыс» командасының жаттықтырушылар штабында қызмет етеді, мұнда ол бұған дейін де 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қазанына дейін жұмыс істеген.

2024 жылғы Олимпиадалық іріктеу турнирінде, 2025 жылғы Азия чемпионатында, сондай-ақ 2025 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құраманың бас бапкерінің көмекшісі болды.

Хоккейші ретінде жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамалар сапында өнер көрсетті.

Ересектер құрамасында 2006 жылы дебют жасап, 9 әлем чемпионатына, үш олимпиадалық іріктеу турниріне және 2007, 2011 жылдардағы Азия ойындарына қатысты. IIHF аясында 59 ресми матч өткізген.

Әр жылдары өзі түлеп ұшқан клубы «Қазцинк-Торпедо», «Барыс» және «Номад» командаларында ойнады.

Ойыншы ретіндегі мансабын 2020 жылы Қарағандының «Сарыарқа» клубында аяқтады.

Сонымен қатар «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының директорлар кеңесінің шешімімен Дәурен Жамбайбек басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды

Дәурен Жамбайбек 1981 жылы дүниеге келген. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау және табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жетекші маманы ретінде бастаған. Әр жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатының көмекшісі, экономика және бюджеттік жоспарлау, өңірлік даму, ұлттық экономика министрліктерінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.

Аталған лауазымға тағайындалғанға дейін, 2023 жылдан бастап Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Сондай-ақ «Қайсар» футбол клубын алдағы жылы қазақстандық Андрей Ферапонтов жаттықтырады

Тәжірибелі маман Премьер-лигада өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Ол бас бапкер лауазымын «Мақтаарал» футбол клубында бастап, «Оқжетпес» командасында жалғастырды.

Андрей Ферапонтов «Ақтөбе», «Ордабасы», «Қайрат», беларустік «Рух» командаларының бапкерлік штабында қызмет атқарған. Құрама деңгейінде де тәжірибесі жеткілікті. Бүгінде Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері міндетін атқарады.

Әлия Рүстемова денсаулық сақтау вице-министрі болды.

1970 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медицина университетін, І.Жүнсүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы Талғар аудандық ауруханасында дәрігер-терапевт қызметінен бастаған.

1993–1994 жылдары — Алматы қаласындағы № 7 емхананың, № 5 Қалалық клиникалық ауруханасының дәрігер-терапевті.

1994–2000 жылдары — Алматы қаласының медициналық ғылыми ұйымдарында клиникалық ординатор, аспирант.

2000–2001 жылдары Талғар қаласының медициналық мекемелерінде бас дәрігердің орынбасары болып жұмыс істеді.

2001–2005 жылдары — Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы.

2005–2009 жылдары Алматы облысы бойынша Медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелерінде басшылық қызмет атқарды.

2009–2010 жылдары — Қызылорда облысы бойынша Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті департаментінің директоры.

2010–2011 жылдары — Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары.

2011–2012 жылдары — Алматы қаласы бойынша Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті департаментінің директоры.

2012–2015 жылдары Астана қаласында Травматология және ортопедия ҒЗИ ғылыми хатшысы, инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

2015–2018 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы бойынша медициналық қызметті бақылау және қоғамдық денсаулықты сақтау департаменттері басшысының орынбасары, басшысы.

2018 жылы — Астана қаласы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменті басшысының орынбасары.

2018–2022 жылдары — Нұр-сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

2023 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Бұған дейін өткен аптада Қазақстанда болған кадрлық тағайындаулар туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар