Қазақстанда бал бағасы қанша тұрады
Күз келгенде суық тиіп ауыратындар көбейді. Мұндайда адамдар кейде бал тұтынады. Табиғи өнімнің Қазақстан қалаларындағы құны қанша тұрады? Kazinform агенттігі саралап көрді.
Қазақстанда Алтай өлкесінің балы сұранысқа ие. Еліміздің шығысы бал өндірісінің отаны десек те болады. Мұнда Қазақстанда өндірілетін балдың 70% шығарылады. Осы аймақта бал бағасы келісіне 2,5 мың теңгеден басталады. Қазір біз ең көп тараған гүл балы туралы саралап отырмыз.
Семейде де дәл осы баға сақталады. Себебі Семей мен Өскемен арасы небәрі 200 шақырым. Сонымен бірге Павлодарда да бір келі бал бағасы 2,5 мың теңге тұрады.
Солтүстікке қарай бет алсақ, баға көтеріле береді. Еліміздің астанасында баға орта есеппен 3 мың теңгеден басталады. Ал Қостанай мен Петропавлда бал бағасы шамамен 3200-3500 теңге болып тұр.
Оңтүстікке қарай жағдай өзгереді. Бұл сұранысқа байланысты болуы мүмкін. Мәселен Алматыда бал бағасы келісіне 3500-4000 теңге болып тұр. Ал Шымкент пен Түркістанда балдың кейбір сұрпын, оның ішінде мақсары балын 2500 теңгеге сатып алуға болады. Ал өзге балдың орташа құны 3000-3500 теңге.
Бал құны еліміздің батысында жоғары. Қалалар арасын салыстырғанда, айырмашылық анық байқалады. Атырауда орта есеппен келісі 3500 теңге деп белгіленген. Ал Ақтауда келісі 7500-9000 теңге. Бұл ең жоғары баға.
Айта кетейік, жөке, қарақұмық секілді балдың өзге түрлеріне баға тағы мың теңгеге өседі. Шымкентте баға келісіне 6 мың теңге болып тұр.
Еске салсақ, Kazinform агенттігі бұған дейін макарон өнімдерін, нан, шұжық пен ірімшік бағасын білді.