Қазақстанда қызылшаның өршуі неден болды

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылдан бері елімізде қызылша аурының өршігені байқалып отыр. Үкіметтің бағалауынша, науқастар саны кейінгі 10 жылда болмаған санға жетті. Астана мен Шығыс Қазақстан облысында екі сәби қайтыс болды және вирус ересектер арасында да кең таралып жатыр. Агенттік тілшісі елдегі эпидемиологиялық ахуалды шолып шықты.

корь
Фото: Midjourney

Қызылшаның өршуіне COVID-19 ықпал етті ме?

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев қызылшамен ауырған науқастардың, әсіресе 14 жасқа дейінгі балалардың жоспарлы вакцинаны уақтылы алмауы эпидахуалды қиындатты деп есептейді.

«Оның бір себебі ретінде коронавирус инфекциясының үш жылға созылған пандемиясын айта аламыз. Локдаун, карантин және түрлі шектеулер кезінде 1-6 жастағы балалар жоспарлы вакцинасын ала алмады. Коронавирусқа дейін де әлеуметтік желілерде вакцинаға қарсы топтың түрлі дақпырт таратуы да әсер етпей қоймады. Баланың заңды өкілі – ата-ана болғандықтан, вакцина салдыру келісімін ата-ана ғана береді. Осының салдарынан қоғамымызда иммунды емес қабат қалыптасты, яғни қызылшаға қарсы иммунитет жоқ. Былтыр шетелге саяхаттаған балалар қызылшамен ауырып келе бастады, олар елдегі екпе алмаған балалармен байланысқа түскенде, ауру бірден тарады», - деді Ж. Алпысбаев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Жасұлан Алпысбаев
Фото: Жасұлан Алпысбаевтың жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, 2022 жылы қызылша 150 елде тіркеліп, 150 мың адам ауырған. Ал өткен жылы әлемнің 167 елінде 400 мыңнан астам адамның қызылшамен сырқаттануы тіркелген.

«Өткен жылы Еуропаның дамыған елдері қызылша айналымы болмайтынына толық сенімді болған еді, алайда кейінірек олар да аурудың өршігенін мойындады. Мұндай күрделі жағдай көршілес елдерде де болды. Қазақстан да осы әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі болғандықтан, туристер саяхаты, сауда-саттық секілді байланыстар түрлі аурулардың елге келуіне әсер етеді», - дейді Ж. Алпысбаев.

Қызылша Қазақстанға қайдан келді?

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызылша алыс-жақын шет елдерге саяхаттаған балалар арқылы келді деп түсіндірген еді.

«Балалар алыс-жақын шет мемлекеттерге демалысқа барады. Жыл басында қызылша жұқтыру Түркия мен Ресейден келгендерден тіркелді. Кейін оның тарауы арта бастады. Өңірлер бойынша Астанада жоғары», - деді ол.

ажар ғиният
Фото: primeminister.kz

Жыл басында Тәжікстан, Мысыр, БАӘ-ге барып келген балалардан қызылша табылған. Сондай-ақ, былтыр елордаға келген бірнеше шетел азаматынан қызылша анықталған.

Ал елорда аумағында қызылшаның D8 генотипі таралғаны анықталды. Бұл штамм 1980 жылдары Азияда пайда болды және қазір бүкіл әлемге таралып жатыр. D8 генотиптері соңғы 4 жылда Еуропада, Азияда және Солтүстік Америкада болған ауру ошақтарына себепкер генотиптердің бірі саналады.

Қызылша неліктен қауіпті?

Дәрігерлер қызылша ауруының қауіпті екенін айтады. Ол жоғары қызу, интоксикация, дақты бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталады. Жедел вирустық инфекциялық ауру адамнан адамға жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде ауа тамшылары арқылы жұғады. Сырқат адаммен қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда да екпе алмаған адамдардың оны жұқтыру қаупі өте жоғары.

«Елімізде қызылша жұқтырудың 43 мың жағдайы тіркелсе, соның 33 мыңнан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл – өте қиын жағдай. Қызылшаның салдары 7-8 жылға дейін созылуы мүмкін, пневмония, көздің көрмеуі, құлақтың естімеуі, ми қабығының қабынуына ұласуы мүмкін. Бұл инфекцияға селқос қарауға болмайды», - дейді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.

Қызылшаны жұқтыру ересектер арасында да тіркеліп жатыр. Бұл ретте қызылша созылмалы ауруы бар адамдарда, иммундық тапшылық, қант диабеті, қан қысымы, жүрек, өкпе жолдары ауруы барларда аса қиын өтеді.

Бас санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетованың айтуынша, кез келген жұқпалы ауру өзінің циклділігімен сипатталады, қызылшаның циклділігі – шамамен 5-7 жыл. Соңғы рет осындай жағдай 2019 жылы болған және халықты жаппай иммундау да жүргізілген.

Қай өңірлерде асқыну көп?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елдегі қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді, соңғы екі аптада қызылшамен сырқаттанушылық 11%-ға төмендеді. Бүгінгі күнге дейін қызылшаның 42 737 жағдайы тіркелді:

  • 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 32 862
  • жасөспірімдер арасында – 1 875
  • ересектер арасында – 8 000 жұқтыру жағдайы бар.

Ал 2023 жылы – 29 мың жағдай, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 13 мың жағдай тіркелген.

Сырқаттанушылықтың төмендеуі 8 өңірде (Астана қаласы, Ақтөбе, Ақмола, Ұлытау, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы облыстары) байқалады. Тағы 8 өңірде жағдай тұрақты болса, керісінше сырқаттанушылықтың өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында тіркелген.

«Ауруды азайтуға қосымша вакциналау жұмыстары көмектесті. Өткен жылы 6 қарашадан бері халықты жаппай қосымша иммундау науқанын бастаған едік, яғни 6-11 ай және 2-4 жас аралығындағы және бұған дейін екпе алмаған медициналық қызметкерлерді қосымша вакциналадық. Соның нәтижесінде жоспарланған 1,5 миллион адамның 1,3 миллионы екпе алды. Қалған 200 мыңға жуық адам қосымша егілсе, онымен бірге жасы келген балаларға жоспарлы вакцина жүргізілсе, әрине жағдайымыз тез тұрақталып, сырқаттанушылық бірден төмендейді», - деп түсіндірді Ж. Алпысбаев.

вакцинация
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қызылшаға қарсы вакцина кімге салынады?

Жағдайды тұрақтандыру мақсатында ҚР Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі шеңберінде қызылшаға қарсы жоспарлы вакциналау жүргізіледі және жыл сайын 1-6 жастағы 700 мыңға жуық бала егіледі.

Қазіргі таңда елімізде қызылшаға, қызамық пен шықшыт безінуінің қабынуына қарсы 630 мың дозадан астам құрама вакцина бар. Бұл вакцина алдын алу екпесінің ұлттық күнтізбесі аясында (12-15 айлық, 6 жасар балалар үшін) және қосымша жаппай иммундауға жататын контингентті қамтуға 6-10 айлық, 2-4 жастағы балалар мен бұрын екпе алмаған медицина қызметкерлерін, жоспарлы екпені өткізіп алған 18-ге толмаған адамдарға арналған.

«Инфекциялар тіршілікте адамзаттан бұрын болған және бола да береді. Асқынуға жол бермеу үшін қажетті вакциналарды алып отыру қажет. Қызылша, қызамық – вакцинамен басқарылатын инфекциялар деп аталады, демек вакцина ғана оларды тоқтата алады. Ал вакцинадан бас тарту – баланың денсаулығына бей-жай қараумен тең. Министрліктің аумақтық депаратменттері ата-аналармен жиналыс өткізіп, вакцинаның маңызын түсіндірді. Осылайша, екпеден бас тартқан 14 мың ата-ананың 5 мыңы келісімін берді», - дейді Жасұлан Алпысбаев.

Қосымша иммундау аясында «қуып жету вакцинациясы» ұғымы да бар, яғни 18 жасқа дейнігі балалар кезінде белгілі себептермен екпе ала алмаса, дәрігерлер оларды емхнаға шақырып, екпе ұсынады. Бүгінгі күнде 230 мың адам «қуып жету вакцинациясымен» қамтылды.

Сондай-ақ, науқаспен байланысқа түскен жағдайда да бірден емханаға хабарласып, 72 сағатта шұғыл вакцина салдыруға болады. Адам көп жиналған іс-шарада қызылша фактісі анықталса, медицинадлық бригада сол ошақта болған адамдарды анықтап, 1-30 жасқа дейінгілерге шұғыл екпе салады.

Соңғы жаңалықтар