Kazinform көтерген мәселе: Майқайыңдағы апаттық үйлер тұрғындарына жаңа баспана салынады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Kazinform агенттігі өтіп бара жатқан жылы өңірлердегі халықтың жанайқайын билік органдары мен Парламентке жеткізіп, көптеген мәселелердің шешілуіне ықпал етті. Соның бірі — Баянауылдың Майқайың кентіндегі «Шанхай» шағын ауданындағы ескі үйлердің проблемасы.

Биыл жыл басында Майқайыңдағы «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары әр күнін үреймен өткізіп келе жатқаны туралы мәселе етіп көтергенбіз. Алтын кеніші бұл жерден 300-400 метрдей жерде орналасқан. Жұрттың «Кеніште жер жару жұмыстары жүргізілгенде, үйіміз жер астына опырылып түсіп кетіп, бала-шағамызбен опат боламыз ба» деген қорқынышын жеткінгенбіз.

Бұл мәселе кейін Парламентке жетіп, Үкімет деңгейінде көтерілді. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы «Майқайыңалтын» маңында орналасқан ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыруды сұрады. Бұл ретте ол Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр мен Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады.
Шахта маңайын жағалай орналасқан көне үйлердің, атап айтқанда «Шанхай» ықшам ауданының жұрты соңғы төрт-бес жылда жер астындағы дүмпулер мен бұрғылардың даусы айқын естіле бастағанына, үйлерінің іргетасы мен қабырғалары жарылып, үй төбесін ұстап тұрған ағаш тіреулердің қақырай түскеніне алаңдаулы.

Олардың айтуынша, кеніш үйлердің астын кеулеп қазып, кен байыту комбинатына қарай жылжып барады. Көпшілік «Бір күні әлгі автобус құлаған сияқты жер опырылып, астына түсіп кетеміз бе?» деген үреймен өмір сүріп келеді.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жыл қорытындысына арналған брифингте бұл мәселені шешуге алғашқы қадамдар жасалып жатқанын хабарлады. Өңір басшысы ең әуелі шахтаның астына тәуелсіз зерттеу жұмыстары жүргізілгенін, соның нәтижесінде «Шанхайда» орналасқан үйлерге қауіп төніп тұрмағанына көз жеткізілгенін баяндады.

— Қазіргі уақытта «Майқайыңалтын» кәсіпорнының акционерлері ауысып, «Алтыналмас» АҚ жаңа инвестор болып отырғаны мәлім. «Шанхай» жұртына шахтадан келер қауіп жоқ. Дейтұрғанмен олар шахтаның дәл түбінде орналасқанын, әрі үйлердің тозығы жеткенін ескере отырып, апаттық жерде тұрғандарға жаңа үйлер салып беруді ұйғардық. Менің тапсырмам бойынша жергілікті құзырлы органдар мен алтын кенішінің жаңа инвесторы бірлесіп егжей-текжейлі жоспарлау жобасын бастап кетті. Ол үдеріс шамамен 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы керек. Мәселе көп үйлердің құжатсыз тұрғанына байланысты. Адамдар үйді өз атына рәсімдеместен көп жылдар тұра берген. Қаражат мәселесі шешіліп, құжаттық жобалау аяқталса, біз апаттық аймақта тұрған 70 үйдің тұрғындарына баспана салып беруді бастаймыз. Егер жер телімдері шектеулі болса, үш немесе төрт қабатты үйлер салынуы мүмкін. Алдын ала келісім бойынша үйлердің жартысы бюджет қаражатына, жартысы алтын комбинатының қаражатына тұрғызылады. Мәселені жүйелі әрі жан-жақты ойластырып шешкен абзал, — деді Асайын Байханов.
Жаңа жыл мерекесі алдындағы бұл жаңалық апаттық аумақты мекендейтін халықты қуантты. Алайда кейбір үй иелері әкімнің бұл уәдесіне сенімсіздік танытып отырғанын жасырмаймыз.

— Бұл жаңалық біздің көңілімізді тыныштандыру үшін алдын ала айтылған сөз болуы мүмкін. Мәселенің шешімі жүз пайыз қабылданған жоқ. Шахтадан 300 метр жерде тұрып жатырмыз. Жер астында күн сайын жару жұмыстарын жүргізеді. Жер шайқалғанда үйіміз бірге қирап, бала-шағамызбан бірге жер астына түсіп кетеміз бе деп қорқамыз. Төбемізден топырақ саулайды, үй іргелері қақырап барады. Автобус құрдымға құлап кеткен уақыттан бері жанымызды шүберекке түйіп отырған жайымыз бар. «Шанхай» жұртын нақты көшіреді, жаңадан үйлер салынады» деп қағаз жүзінде шешім шығарылса көңілімізге қуат болар, — дейді аты-жөнін атағысы келмеген тұрғын.

Ал Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Павлодар облысы басшылығы қабылдап отырған шешімдер құптарлық екенін айтады. Бұған дейін Майқайыңдағы апатты тексерген ведомствоаралық комиссия шын мәнінде кеніш маңайындағы үйлерге қауіп төніп тұрмағанын нақтылаған.

— Майқайыңда ойыққа түсіп кеткен автобус пен ондағы төрт құтқарушының мүрделерін қазып алып шығу операциясы ұзаққа созылса да сәтті аяқталды. Ендігі маңыз берілетін мәселе — апаттық жағдайда тұрған үйлер. Бүгін болмаса да, таяу жылдары қаусап тұрған баспаналар шетінен сөгіліп құлай бастауы ықтимал. Адамдардың қауіпсіздігін ойластырып, оларды қауіпсіз аймаққа көшіруді жеделдетіп бастап кетуіміз керек. Үйлер өте ескі әрі иелері бірнеше мәрте ауысқан. Соған орай құжаттандыру мәселелері ұзаққа созылуы мүмкін. Бұл жерде үй иелеріне құжаттық тұрғыдан бірреттік мүмкіндіктер берілуі тиіс деп ойлаймын. Кезінде Сәтбаев қаласында дәл осындай оқиға болған кезде құжаттандыру ресімдеріне екі жыл уақыт жұмсалыпты. Осы істі тікелей бақылауында ұстап, жанашырлық танытып отырған өңір басшылығына ризашылығымызды жеткіземіз, — деп атап өтті депутат.

Еске сала кетейік, 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті.
Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды.
Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты.
Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды.
19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді.
25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды.
Кейін елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.
Опат болған бір құтқарушының отбасы жұмыс берушіден 120 млн теңге өндіріп алды.
Қыркүйек айында кеніштегі апатқа кінәлі ретінде 6 адам қамауға алынғаны туралы жазған едік.
Күдіктілер кейін үйқамаққа жіберілді.
Кейін сот «Майқайыңалтын» кенішінде қаза болған құтқарушының ісі бойынша моралдық өтемақыны төрт есе кемітті.
Ал жуықта «Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішінде жұмыскерді техника жаншып кеткен еді.