Қытай мен Орталық Азия елдерінің байланысын тереңдететін медиажобалар жасалады

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Медиакорпорациясының (CMG) президенті және бас редакторы, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Шэнь Хайсюн Орталық Азия елдерімен гуманитарлық байланыс туралы пікірін білдірді.

Қазақстан Қытай
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, Ұлы Жібек жолы — қос жағаны жалғаған өзен іспеттес, оның бойында Қытай мен Орталық Азия елдері арасында сан ғасырлық достық пен өзара ықпалдастық орнаған. Қытай халқы бүгінде ерекше жақсы көретін анар, інжір сынды жемістер мен музыкалық аспаптар, соның ішінде пипа тарихи кезеңдерде дәл осы Орталық Азиядан тараған.

— Төраға Си Цзиньпин Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасқа үлкен мән береді. Ол Қытайдың Орталық Азия елдерінің әрдайым сенімді көршісі, серіктесі және досы екенін үнемі атап өтеді. Бірінші Қытай — Орталық Азия саммитінен кейін Төраға Си Цзиньпин мен Орталық Азияның бес елінің көшбасшылары 6 анар ағашын отырғызды. Бұл — Қытай мен Орталық Азия арасындағы бірлік пен ынтымақтастықтың белгісі. Бүгін «Си Цзиньпиннің нақыл сөздері» атты бағдарламаның халықаралық нұсқасын эфирге шығару — 6 елдің көшбасшыларының ортақ бастамасымен Қытай мен Орталық Азия халықтарының достығын нығайтып, мәдени алмасуды тереңдетуге бағытталған нақты қадам, — деді Шэнь Хайсюн Қытай мен Орталық Азияның «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» атты гуманитарлық алмасу форумында.

Бағдарламада Си Цзиньпин келтірген көне қытай жазбалары мен халық мақал-мәтелдері іріктеліп алынған. Онда экология, мәдени мұраны сақтау және заманауи өркендеу секілді маңызды тақырыптар қамтылған. Бұл жоба Си Цзиньпиннің терең адами болмысын, кемеңгерлік көзқарасын айқын көрсетеді және Қытай мен Орталық Азия арасындағы ортақ мүдде мен берік әріптестікке рухани серпін береді.

— Қытай Медиа корпорациясы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы достықты нығайтуға, халықтар арасындағы байланысты тереңдетуге әрдайым күш салып келеді. Біз Орталық Азиядағы жетекші медиамен бірлесіп, жоғары сапалы бағдарламалар түсіріп, «Орталық Азиямен тікелей байланыс» атты ақпараттық жобалармен екіжақты сауда мен ынтымақтастықты кеңінен насихаттап жүрміз. Сондай-ақ, біз Орталық Азия көрермендеріне түсінікті және жақын форматта Қытайдың қазіргі даму серпінін және бай мәдениетін паш ететін бағдарламалар ұсынып келеміз, — деді CMG президенті.

Айта кетейік, бүгін елордада «Тату көрші және достық: болашаққа қадам Қытай-Орталық Азия гуманитарлық алмасу» форумы өтті. Форум аясында «Си Цзиньпиннің сүйікті нақыл сөздері» жобасының халықаралық нұсқасының тұсаукесері өткізілді. «Киім рәміз ретінде: Қытайдан — әлемге» және Қытайдың CGTN телеарнасының журналистері Қазақстанның Jibek Joly/Silk Way арнасының қолдауымен жүзеге асырған «Орталық Азия бойынша үлкен сапар» жобалары қорытындыланды. Бұл жоба аясында Қазақстандағы өмір туралы репортаждар сериясы түсірілді.

Сонымен қатар Қытай мен Орталық Азия елдерінің жетекші БАҚ платформаларында жүретін «Мен Қытайда оқыдым» бағдарламасының басталғаны жарияланды.

Соңғы жаңалықтар