Қытайдың танымал блогері Қазақстан туризмнің елшісі атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Kazakh Tourism Қытайдың танымал инфлюенсері Таотаоға «Қазақстан туризмінің елшісі» мәртебесін табыс етті. Блогер өзінің 7 миллиондық аудиториясына еліміздің бай мәдениеті мен табиғатын таныстырып келеді.

Қытайдың танымал блогері Қазақстан туризмнің елшісі атанды
Фото: Қазақтуризм ҰҚ АҚ

Қытайлық инфлюенсер Қазақстанның 3 өңірімен танысып үлгерді. Ол алғаш рет елімізге 2024 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында келген. Бұл жолы Таотао Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының бірегей табиғи жерлерін, Астана мен Алматының айналасын аралап жүр.

Таотао атқа мінуге ерекше қызығады және еліміздің мәдениеті мен табиғатына баса көңіл бөледі. Блогер өз жазбаларында қазақтың дәстүрлі киімдері мен ұлттық асханасын, бүркітпен аң аулау тәрізді бірегей сәттерін көрсетеді. 

— Мұндай құрметті мәртебенің берілгеніне аса қуанып, ризашылығымды білдіремін. Барынша көп адам Қазақстан жайлы білсін және келсін деген ниетпен әсем табиғаттарыңыз бен ұлттық тағамдарыңызды көрсетуді жалғастырамын, — дейді Таотао.

Kazakh Tourism 2018 жылдан бері «ҚР туризмінің елшісі» бастамасын жүзеге асырып келеді. Бұл Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілетуге, әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшылар назарын еліміздің табиғи және мәдени байлығының алуан түрлілігіне аударуға бағытталған. Өткен жылы құрметті миссияны жапондық блогер Юджи Натсума қабылдаған еді. 

— Туризм елшілері институты — ұлттық туристік брендті шетелде ілгерілетудің маңызды құралы. Олардың арасында туристік индустрияның, мәдениет және білім беру, медиа цифрлық кеңістік өкілдері бар. Қазақстан туризмінің елшілері әлемнің бірқатар мемлекетінде бар. Олар өздерінің үлкен ықыласымен және ақысыз негізде елімізді көпшілікке танытып келеді, — деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов.

Айта кетейік, бүгін елордада «Тату көрші және достық: болашаққа қадам Қытай-Орталық Азия гуманитарлық алмасу» форумы өтті. 

Қытай мен Орталық Азия елдері арасында контент жасау, технологиялармен алмасу және мәдени бағыттағы бірлескен жұмыс айрықша өзекті бола түскен.

Соңғы жаңалықтар