Қолөнердің арқасында еш жерім ауырмады – шебер
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қолөнер шебері Қалимаш Кәрімбердиева киіз үй жабдықтарын тоқиды. Қарақалпақстанна атажұртқа қоныс ауданған ол ұлттық өнердің ұмыт бола бастағанын, қазір өзі қыздарға үйренуге дайын екенін айтып берді.

- Сіз тоқыған бұйымдарда өзіндік қолтаңба бар. Себебі Ақтөбеде кейінгі кезде ағаш үйге қажетті жабдықтарды тоқитын шебер некен-саяқ. Бұл өнерді қалай сақтап қалдыңыз?
- Кішкентай кезімде әжемнің жанында жүріп, оған көмектесіп, осы өнерді үйреніп алдым. Бала кезде үйренген өнер бойға тез дариды ғой. Құр айтып, түсіндіргеннен гөрі көріп, жанында жүріп үйреніп алған дұрыс. Өзім 5 сыныптан бастап үйрендім. Қолым үйреніп, әбден машықтанып алған соң тоқудан бас тарта алмаймын. Бұрын жүн жуу, түту, бояу, оны ұршықпен иірудің бәрін қолмен істейміз. Қыстай осы жұмысты атқарып, көктемнен бастап тоқимыз. Жіпті түсіне қарай бөлек жинаймыз. Бояу да үлкен өнер. Бір түсті қою, екіншісін ашық етіп қоямыз. Кейде екі түсті араластырып, үшінші реңк аламыз. Өзім үшін мұның бәрі қызық әрі пайдалы. Тоқып, әжеме беріп жіберемін. Олар базарға апарып сатады. Кешкілік алдынан шығып, күтіп аламыз. Өз қолыммен тоқыған дүнием өтіп кетсе, қуанып, шабыт аламын. Ол кезде қызылбау тоқыдым. Қызылбау киіз үйдің төрінде айқасып тұрады. Бұл үй ішіне сән қосатын тоқыма бұйым. Бірақ оны бірден тоқу мүмкін емес. Қақпа, тізбе, кереге таңғыш, уық баудан бастап тоқуға тура келді.

- Ал қазір жіпті қайдан аласыз?
- Қазір жіп дүкенде толып тұр. Содан дайынын сатып алып, тоқу үшін қайта иіреміз. Себебі киіз үй жабдықтарын тоқитын жіп тығыз болуы тиіс. Кейде өзім де жүн тазартып, жіпті иіріп аламын.
- Тапсырыс қай уақыттарда көп түседі?
- Жаз айларында тапсырыс болады. Киіз үйге қажетті қызылбау, басқұр, желбауды тапсырды. Дегенмен мұнда киіз үй жабдықтауға аса көп мән бермейтінін көрдім. Ал біз 2019 жылы Қарақалпақстаннан атажұртқа қоныс аударған отбасымыз. Өзім қазір 62 жастан астым. Еш жерім ауырып көрмеді. Бұл да осы өнердің арқасы шығар деп ойлаймын. Үш ұлым, үш қызым бар. Қыздарымыз тұрмысқа шықты, ұлдарым үйленді. Өнерден қол үзгім келмейді, әрі қарай да жалғастыра беремін.

- Көпті көрдіңіз... Қазіргі киіз үйлер қалай жабдықталады екен?
- Көшіп келген жылы Наурыз мейрамына қатысып, көңілім бұзылды. Мұнда көбіне оюлы дайын матаны ғана қолданады екен. Уақыт өте ағаш үй сәндеу өнері ұмытыла бастаған секілді. Бірақ біз қазақ қыздарының бүгінгі күнге дейін жеткізген өнерін дамытуымыз керек. Ал мұнда мені ешкім танымайды. Ретін тауып, өз-өзімді таныстыруға, өзім туралы айтуға көштім. Сөйтіп жүргенде елге сіңіп, жаңа өмірге бейімделу үшін тары қуырып, саттым. Сатып жүріп ақтөбелік шебермен таныстым. Ол мені шеберлер ортасына қосты. Біздің атажұртымыз осы Ақтөбе өңірі екен. Ата-батамыз су жағалап, ашаршылық заманында көшіп кеткен. Содан балалары біз сонда өстік. Бірақ біздің балаларымыз елге келуге шешім қабылдады. Бір балам келген соң өзгесі ілесіп, қоныс аударды.
- Елге келгендегі сезім...
- Кішкентайдан бері армандағанмын осы күнді. Елге келгенде қатты қуанып, балаша мәз болдым. Ауасы, табиғаты, жусаны мен адамдары да ерекше ыстық көрінді. Шөлдеп келген адаммын. Ол жақта да, Қарақалпақстанда да жақсы өмір сүріп, тату тұрдық. Бірақ өз елің, кең жайлау.

- Ендігі мақсат не?
- Бұл өнер – жақсы өнер. Ендігі міндет - үйренгенімізді үйрету. Ұрпақтан-ұрпаққа дарып келе жатқан соң мен де қыздарыма, келіндеріме, немерелеріме үйретемін. Қазақ қыздары шебер болғанын ұмытпауымыз керек. Әрі қазір табыс көзіне айналды. Өнері бар адам қор болмайды. Сонымен бірге адамның денсаулығына да пайдалы. Қыздарымыз қимылдап, осыған бейімделсе, артық салмақ та болмас еді. Өзім бүгінге дейін ауырмадым. Бұл менің ойым. Қой жүні мен одан жасалған бұйымдар түрлі дерттен қорғап тұрады деп айтады. Өзім күніне 2-3 метр тоқуға тырысамын. Шыдым мен төзімділікті талап етеді. Әрі өз-өзіңмен жалғыз қалып, ойға шомыласың. Мұндайда қазақша музыка тыңдаймын, азық аламын.

- Қыздар қалай үйрене алады?
- Түзде де, үйде де тоқу құралдары бар. Оны құрып қойдым. Бір бөлме түрлі бұйымдар тоқуға арналған. Алдымен қарапайым дүниеден бастаймыз. Оны қақпа деп атайды. Ою салмай тоқып, қолды машықтандыруға болады. Кейін неше түрлі оюды үйретеміз. Мұның өзі тұнып тұрған математика, геометрия. Егер санап отырмаса, ою дұрыс шықпайды.
Еске салсақ, Ақтөбеде 90 жастағы әже әлі күнге дейін іс тігіп, тары қайнатады. Бибіжан Кәдірбайқызы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тумасы. Әкесі Кәдірбай жылқышы болды, анасы колхозда еңбек етті. Төрт ағайынды болып өсті.