«Конституцияны күлкі қылу – халықты кемсіту»: Тоқаев қатаң ескерту жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады.
Президент Конституцияның негізгі ережелерін сақтамағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң жазаланатынын айтты.
— Конституция — мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылатын болады. Мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл – азаматтық және саяси борышымыз, — деді Мемлекет басшысы.
Президент «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқарады, ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асырады, аса ірі шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтты.
— Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады, — деді Тоқаев.
Еске салсақ, кеше ҰҚК «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыпов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Е. Отыншиев және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де тұлғалар ұсталғанын хабарлады.
Kazinform тілшісі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компаниялардың жұмысына қатысты әр жылдары айтқан мәлімдемелеріне хронологиялық шолу жасады.
Сонымен қатар сарапшылар «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына пікір білдірді.
Бұдан бөлек Отыншиев ұсталған соң, ҚТЖ жұмысы қалай жүріп жатқанын жазғанбыз.
Жақында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жаңа энергетикалық қуатты салу және пайдалануға беру мерзімінің сақталуын жеткілікті деңгейде бақыламағаны үшін қызметінен босатылды.