Қостанай облысының тұрғындары тегін байланыспен қамтамасыз етілді – министрлік
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі отандық байланыс операторларымен бірлесіп, Қостанай облысының барша тұрғынын тегін ұялы байланыспен қамтамасыз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атап айтқанда, Kcell/Activ, Beeline, Altel/Теле2 операторлары тұрғындарға тегін ұялы байланыс трафиктерін жолдады. Осылайша өңір тұрғындары жақындарымен еш кедергісіз байланыс орната алады», - делінген министрлік хабарламасында.
Бұдан бөлек, Tele2/Altel операторы өрттерді сөндіруге жұмылдырылған шұғыл қызметтер үшін арнайы мобильді базалық станция орналастырды.
«Қостанай облысының тұрғындарын өрт апаты салдары жойылғанша сапалы байланыспен қамтамасыз ету мәселесі біздің ведомствоның тікелей бақылауында. Біз отандастарымызға өз тарапымыздан қолдау көрсету бағытында тиісті шараларды жүзеге асырамыз», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінен.
Еске салайық, Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өрті 2 қыркүйек күні басталды. Бірнеше ауылдан 1841 адам эвакуацияланды. Тілсіз жау 86 жастағы тұрғынның өмірін жалмады. 10 адам жарақат алды, оның төртеуі қазір ауруханада жатыр.
Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орайластырылған салтанатты шаралар кейінге шегерілді. Іс-шараларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баратыны жоспарланған еді. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында ҚР Президенті орман өртіне қарамастан Қостанай облысына жұмыс сапарымен баратынын айтты.
Бүгін Қ.Тоқаев өңірге барды. Өрт болған елді мекен тұрғындарымен кездескен Президент зардап шегушілерге Үкімет екі айда бұрынғыдан да жақсы үйлер салып беретінін айтты. Өртті ауыздықтауға жүздеген техника, мыңдаған адаммен бірге 7 бірдей тікұшақ тартылды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы ө рт адам қолынан болды деген нұсқаны жоққа шығармайтынын мәлім етті.
Зардап шеккен қостанайлықтарға көмек беру үшін бірыңғай қоғамдық қор құрылды.
Өңірдегі жағдай тұрақталғанша, 3 мыңнан астам оқушы қашықтан білім алатын болды.
Әулиекөл ауданындағы өрт салдарынан Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті.
Өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды.
Үйлері өртеніп кеткен қостанайлықтардың банктегі несиелері жабылады.