Қоян жылындағы атышулы жемқорлық істер
9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күні. Осыдан тура 20 жыл бұрын, дәл осы күні Мексиканың Мерида қаласындағы Саяси конференцияда Біріккен ұлттар ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына қол қою рәсімі басталды. Осы арнайы датаға орай, Kazinform жыл бойы жұрт назарында болған жемқорлық істерге шолу ұсынады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша, жылдың 10 айында ел аумағында жемқорлықпен байланысты 1,5 мыңдай қылмыс тіркелген. Сол істердің аясында 1100-ден астам адам әшкере болған. Оның ішінде түрлі деңгейдегі 158 басшы бар.
1000-нан астам іс сотқа жолданып, мемлекетке келтірілген 282 млрд теңгенің шығыны қайтарылған.
2022 жылдан бері бюджет пен квазимемлекеттік сектор нысандарына 857 млрд теңгенің қаржысы мен активі қайтарылған. Оның 159,8 млрд теңгесі шетелдік юрисдикциялардан қайтарылған. Оның ішінде Аустриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге, Түркиядан 253 млн теңге қайтқан.
Жыл басынан бері өңір әкімдіктеріндегі 215 лауазымды тұлға жемқорлық дауына іліккен. Олардың 137-сі басшылық лауазымдағы адамдар.
Әсіресе Алматы, Шымкент қалалары мен Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Абай, Жетісу облыстарының шенеуніктері көбірек әшкере болған.
Марат Бекетаев
Заңсыз иемделген активтерді қайтаруға бағытталған заң күшіне енгеннен бері ұсталған экс-шенеуніктің бірі – Марат Бекетаев.
«Ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады. Бұл әрекет мемлекетке үлкен зиян келтірді», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қазан айының аяғында таратқан ресми мәліметінде.
Ерлі-зайыпты болған Сатыбалдылар
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды «Қазақтелеком» және «Көліктік сервис орталығы» компанияларының қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталып, 6 жылға сотталды.
Сот үкімі 26 қыркүйекте жария етілді. Сонымен қатар, ол Ұлттық қауіпсіздік органдарының генерал-майоры атағынан, «Құрмет» және «Парасат» ордендерін қайтаруға міндеттелген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қанат Cүлейменовтің 13 қазанда берген мәліметі бойынша былтырдан бері заңсыз шығарылған 857 млрд теңге мемлекетке қайтарылған. Оның ішінде 300 млн долларды осы Қайрат Сатыбалды қайтарған.
Қазір әлеуметтік желіде Қайрат Сатыбалдының түрмедегі тәртібі желеу етіліп, жазасы жеңілдетілуі мүмкін деген ақпарат желдей есіп тұр.
Оған құзырлы органдардың құрығына іліккен кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ісі түрткі болды. Аталмыш тұлға өз еркімен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңгеден астам қаржы аударып, құны 1,4 млрд теңге болатын қонақ үйді, оның сыртында 90 млрд теңгеден астам соманың активін қайтарды деген негіздемемен жазасы жеңілдетілген болатын.
Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының үстінен былтыр қозғалған істер биыл да жалғасты. 2022 жылдың наурыз айында Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі оның үстінен 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін 747 млн теңге жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Сол жылдың сәуірінде Гүлмира Сатыбалды Универсиада-2017 нысандарына бөлінген қаражатты ұрлады деген күдікке ілінген болатын.
Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты биыл шығарған үкімнің мәні бұдан басқа. Нақты айтсақ, Г.Сатыбалды «Maxi чай» брендімен танымал «Maxi Bottlers» ЖШС мен «Galanz bottlers» АҚ-ның үлесін заңсыз иемдену, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі факті бойынша тергелген еді. Жәбірленушіге келген залал көлемі 6,6 млрд теңгеден асатыны айтылған.
Сот процесі кезінде прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Дегенмен, оған 7 жыл жаза кесілді.
Сондай-ақ, сот оны аталған кәсіпорындардың иесіне 6,5 млрд теңгенің акциясын қайтаруға міндеттеді.
Қайрат Боранбаев
Былтыр 30 желтоқсанда басталған Қайрат Боранбаевтың соты қоян жылындағы ең шулы процестердің бірі болды.
Қаржылық мониторинг агенттігі «АзияГазЧунджа» ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа және «Qazaq Gaz» АҚ Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Таир Жанұзаққа қатысты істі тергеуді аяқтады. Оларға сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге ұрлау және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша айыптар таққан еді.
Сарыарқа аудандық №2 сотында өткен процес кезінде прокурор Қайрат Боранбаев 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
Астана қаласының прокуратурасы Қайрат Боранбаев және оның сыбайластарымен келісімге келді.
Ол алғаш қамауға алынғаннан бастап биыл күзге дейін БАҚ-та 6 жылға сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың мемлекет меншігіне қайтарған активтері жайлы жаңалықтар үздіксіз жарияланып жатты.
Ресми мәліметтер былай дейді:
1.Әуелі ол «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің 70% және «Alan Parking» ЖШС-нің 100% үлесін иелігіне қайтарды.
2.Қайрат Боранбаевпен бірге газ нарығында қитұрқы жолмен ақша жымқырды деп айыпталған топ 1,45 млрд теңге шығынды өтеп, олардан 38 млрд теңге қолма-қол ақша мен 4,2 млрд теңгенің жылжымайтын мүліктері тәркіленді.
3.Қайрат Боранбаевтың Австрия, Латвия, Люксембург, Молдова, Тәжікстан, Біріккен Араб Әмірліктері және Эстонияға шығарылған активтері бойынша тергеу жүрді. Сондай-ақ, оның заңсыз кірістерге сатып алынған шетелдік активтерді анықталып, бұғатталды.
4.Ол алғаш ұсталған күннен 4 ай өткенде күдікті сыртқа заңсыз шығарылды делінген активтерді қайтара бастады. Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия, Қайрат Сатыбалды, Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев, «ӨКМ» ЖШС операторының құжат бойынша басшыларынан жалпы сомасы 230 млрд теңгеге жуық активті қайтарғанын мәлім етті. Оның бір бөлігі шетелдік юрисдикциялардан қайтару жолымен өтелсе, Лихтенштейннен 170 млн доллар күдіктілермен жасалған мәміле аясында қайтарылған.
5.Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевты тергеу барысында «Қазмұнайгаз» АҚ-ға келтірілген 11,3 млрд теңгені өтеткізгенін мәлім етті.
Үш айдан асқан сот процесінің қорытындысы бойынша 8 жылға сотталған Қ.Боранбаевтың «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені сияқты мемлекеттік наградалары қайтарылды.
2.Сондай-ақ, мемлекет мүддесіне оның әл-Фараби көшесіндегі (Алматы қаласы) үй-жай мен жер учаскесі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге сомасындағы қаражаты тәркіленді. Оған қоса, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы екі шотқа бөлініп салынған 2 млрд 847 млн 877 мың 603 теңгесі мемлекет пайдасына алынғаны хабарланды.
3.2023 жылдың 14 қыркүйегінде Қайрат Боранбаев құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді мемлекетке қайтарды. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сай, кәсіпкер мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақүй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде өткізген.Сондай-ақ Қ.Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат түрінде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы қайтарғаны айтылды.
Ал 16 қазанда Қ.Боранбаевтың құны 1,4 млрд теңге болатын «Comfort Hotel Astana» қонақ үй кешені мемлекет меншігіне өтті.
Тағы бірнеше күн өткенде ол «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын «Unity Hall» ЖШС, «Fitnation» фитнес клубтар желісі сияқты жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісін мемлекетке табыстады.
Сонымен бірге Қайрат Боранбаев «Қаражанбас Северный» кен орнын мемлекетке берді. Ресми мәлімет бойынша кеніште құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ қоры мен 143 ұңғыма бар.
Сондай-ақ одан тауарлық газ тасымалдап, сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясы мемлекет меншігіне өтті. Компанияның нарықтағы құны 14 млрд теңгеге жуық деп бағаланады.
Сонымен қатар, құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтетіні айтылды.
Осылайша, Қайрат Боранбаевтың жазасы жеңілдетілді. Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, оның жазасы бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырылды.
Кәрім Мәсімов
14 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Kazinform агенттігіне Кәрім Мәсімовке қатысты жаңа қылмыстық істер тергеліп жатқанын хабарлады.
«Кәрім Мәсімовке қатысты ҚР ҚК 218-бабы «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)» және 366-бабы «Аса ірі көлемде пара алу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - делінген ресми мәліметте.
Бұған дейін К.Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану баптарымен айып тағылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылған. Осыған байланысты қоғам арасында үкімі шыққан сотталушының неге Қылмыстық атқару жүйесінің мекемесіне жеткізілмегені туралы сауалдар пайда болған. ҰҚК сол сауалдарға жауап ретінде К.Мәсімов Премьер-Министр болған кезде бизнес-құрылымдардың бірінен Астанадағы құны 2,5 млрд теңге болатын сәулетті қонақүй мен жер телімін алды деген күдік бойынша тергеліп жатқанын қайта еске салды.
Абылай Мырзахметов
2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін бір айдан астам уақыт өткенде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз қызметінен бас тартқаны мәлім болған.
Ал 2023 жылдың 10 мамырында оның кәсіпкерді туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікпен ұсталғаны хабарланды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 22 қарашадағы мәліметі бойынша аталмыш іс әлі тергеу сатысында.
Арыстанбек Мұхамедиұлы
Мәдениет, туризм және спорт министрі болған, кейін Ұлттық музей директоры қызметін атқарған Арыстанбек Мұхамедиұлының да ісі 2022 жылы басталған еді.
Сол кезде оның үстінен «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпы мемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізіліп жатқаны айтылды.
Сондай-ақ, ол Мәдениет және спорт министрі болып тұрған кезде туыстарының және үлестес адамдардың меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС ғимараттарын заңсыз беруге қатысты деген күдікке ілінген.
Сот процесі 2023 жылдың сәуірінде басталып, 20 маусымда 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды.
Онымен бірге күдікке ілінген Алмаз Нұразханға, Азамат Көшеновке, Айым Сәдуақасоваға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Кейін Арыстанбек Мұхамедиұлының қорғаушысы сотқа апелляциялық шағым түсірді.
28 қыркүйекте оған рейдерлік жолмен ЖШС директорының кәсібін тартып алды деген айып тағылды.
Айыптаушы тараптың нұсқасы бойынша, 2019 жылы «Дипломат» қонақүйіне иелік етіп отырған К. есімді кәсіпкер А.Мұхамедиұлынан көмек сұраған. Мұхамедиұлы болса ол кәсіпкерге 2,5 млрд теңге беруге келісіп, оның орнына жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 71 пайыз капиталын қайын енесінің атына рәсімдеуді сұраған.
Мәміле жасалғаннан кейін А.Мұхамедиұлы К. есімді кәсіпкерден капиталдың қалған 29 пайызын беруін талап еткені айтылады. Ол талап орындалмағаннан кейін айыпталушы «Дипломат» қызметкерлеріне о баста өзінен көмек сұрай келген ЖШС директорын қонақүйге кіргізбеуін тапсырып, артынша А.Мұхамедиұлы серіктестік қатысушыларының жиналысын ұйымдастырып, хаттаманы қолдан жасап, ЖШС басшысы атанған.
Бұдан бөлек антикор А.Мұхамедиұлының әйелі пара берді деген күдікке ілінсе, адвокаты пара беруге итермелеу бабы бойынша қамауға алынды.
Биыл, сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болған Тимур Тоқтабаев 7 жылға сотталып, қымбат мүліктері тәркіленді.
27 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Т.Тоқтабаев «пайдалы қазбалардың ірі қоры бар кен орындарын үлестес тұлғаларға беру кезінде ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін кінәлі» деп таныды.
Тоқтабаевқа 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және мемлекеттік қызмет атқару құқығынан, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасынан айырылып, қымбат мүліктері тәркіленді. Олар:
1. Алматы қаласы Бостандық ауданы Көкшоқы шағын ауданы мекенжайында орналасқан жер учаскесі;
2. Алматы қаласы Бостандық ауданы Алматы бау-бақша серіктестігі мекенжайында орналасқан тұрғын үй;
3. 2021 жылы шыққан «Mercedes-Benz Maybach S580 4MATIC» маркалы авто;
4. 2021 жылы шыққан «Bentley Bentayga V8» маркалы авто.
5. Он үш коммерциялық ұйымның қатысу үлесі.
«Оператор РОП» ісі
Шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Бас прокуратурасы және Интерполдың көмегімен халықаралық іздеуде жүрген «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшысы Ш. Мұқтарованы Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға экстрадициялады.
Бұл іс бойынша 2022 жылдың 1 сәуірінде 13 миллиард теңгеден астам ақша жымқырды деген күдікпен «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы басқарушы директоры қамауға алынған еді.
Антикордың мәліметінше, қылмыстық іс-әрекеттер 2016-2019 жылдар аралығында «Оператор РОП» ЖШС-нің басқа да қызметкерлерімен бірлесіп жасалған.
Ал биыл 3 шілдеде «Оператор РОП» ЖШС-нің бірнеше басшысы мен бұрынғы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұловқа сот үкімі шықты.
Соттың үкімімен бұрынғы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға, «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Людмила Коротенко 7 жылға, «Оператор РОП» ЖШС-нің сол кездегі директоры Медет Құмарғалиев 7 жылға және аталған мекеменің бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, 17 қарашада Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шынар Мұхтароваға үкім шығарды. Сот «Оператор РОП» мекемесінің бұрынғы құрылтайшысына 7 жылға шартты жаза берді.
Astana LRT ісі, сырттай оқылған үкім
Биыл 3 мамырда Astana LRT құрылысына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды.
Бұл істе негізгі күдік деп саналатын Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков Қазақстаннан тыс жерде екенін сотқа келуден жалтарып жүргендіктен үкім сырттай шығарылды.
13 қазандағы дерек бойынша, Бас прокуратура және басқа да құзырлы органдар аталған екі азаматты халықаралық деңгейде іздеу жұмысын жалғастырып жатыр.
Нұржан Әлтаев
7 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижесінде экс-вице-министр Н.Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады.
Ал 31 қазанда Нұржан Әлтаевқа қатысты іс бойынша алдын ала тыңдалым басталғаны белгілі болды.
Н.Әлтаев 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін (Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болған кезд) «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам (115 мың АҚШ доллары және 8 млн 150 мың теңге) ақшалай қаражат алды деп айыпталған.
Қылмыстық іс 15 томнан асты, іс бойынша 18 куәгер өткен.
21 қарашада ол сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Қазақфильм». «Көшпенділер». «Түркістан» бекінісі
15 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бұрынғы президентінің қылмыстық әрекетін әшкерелегенін мәлім етті.
Тергеу Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы басшылығы Іле өзені жағасында «Көшпенді» киножобасы аясында салынған жасанды «Түркістан» бекінісін 2017 жылы үлестес коммерциялық ұйымға нарықтағы құнынан 44 есе төмен бағамен сатып жібергенін анықтаған.
Қазір аталған актив пен жер учаскесін мемлекетке қайтару бағытында шаралар қабылданып жатыр.