МАЭК-те тағы апат па: Ақтау тұрғындары жарықсыз қалды

«Ақтау электр желілерінің басқармасы» МКК мамандары апатты жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ұйымның мәліметінше, электр энергиясын ажырату Маңғыстау атом энергетика комбинаты (МАЭК) жағынан болған. 1, 2, 3, 3А, 3Б, 12, 13, 34 шағынаудандарының абоненттеріне шектеу енгізілген. Бұған дейін қаланың жоғарғы бөлігіндегі 34, 34А, 38, 39 шағынаудандарының жарықсыз қалғаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Өмірзақ ауылының тұрғындары да электр жарығын беруде ақаулар туындағанын айтты.
Бұған дейін Ақтауда электр желілері шамадан тыс тозғаны, физикалық тұрғыда ескіргені хабарланған болатын. Осы себепті жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін 2023 жылдың 1 тамызынан халыққа арналған тариф көтерілетіндігі мәлімделді.
Еске салайық, биылғы 3 шілдеде Атырауда бірнеше шағынауданда жарық сөніп қалған болатын.
Электр қуатының өшу себебі Маңғыстау атом энергетика комбинатының №1 энергия блогының апаттық жағдайда ажыратылуынан болғаны айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетика комбинатында туындаған жағдай бойынша мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.
Кейін Үкіметте мемлекеттік комиссияның алдын ала қортындысы қаралды.