Маңғыстаулық шебер түйенің жіліктерінен кәдесый жасайды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстаулық Алдаберген Тіленбаев әркім айналыса бермейтін, машақаты көп, сүйек жону өнерімен айналысады. Ол түйенің жіліктерін қайнатып, сурет салып, үйге сәндікке ілетін картиналар жасайды. Ерекше қолөнерді жаңғыртып жүрген шебер Kazіnform тілшісіне берген сұхбатында кәсібінің қыр-сырымен бөлісті.
Алдаберген Тіленбаев Бейнеу ауданы Сарға ауылында тұрады. Мамандығы – мұғалім әрі кәсіби суретші. Елдімекендегі мектепте көркем еңбек және бейнелеу өнері пәндерінен сабақ береді.

Ол қолы босағанда сүйек жонумен айналысады. Кейіпкеріміз 2000 жылдары осы қолөнер түріне қызыққанын айтады. Кейін шетелдік шеберлерден сабақ алып, кәсіби түрде айналыса бастаған.
– Сүйек жонуды жаныма жақын өнер түрі десем болады. Тас дәуіріне дейін адамдар осы қолөнермен айналысқан. Оған табылған қазба жұмыстары дәлел. Әуелде соған қызығып, біраз іздендім. Бірақ ол кезде әлеуметтік желіде бұл туралы мардымды мағлұмат болмады. Сүйек жонумен көбінесе якуттар мен ненецтер айналысады. Оларға барып, біраз сабақ алдым, - дейді шебер.

Алдаберген Тіленбаев көбінесе түйенің жіліктерін пайдаланады. Себебі, маңғыстаулықтар негізінен түйе жануарын өсіреді. Кейде жылқы мен сиырдың да сүйектері кәдеге жарайды.

– Ауылда соғым сойылады. Үйдегілер де, ағайын-тумаластар да мал сояды. Солардан ұялмай жинап алатынмын. Қазір ет дүкендері көбейді, бүтіндей, мүжілмеген жіліктерді содан сатып аламын. Сосын сүйектерді алдымен 3-4 рет қайнатып, майын шығарамын. Әйтпесе, ою қиын болады. Қайнатқан сайын сүйек ағарып, жұмсара түседі, - дейді Алдаберген Тіленбаев.


Шебер сүйекке Маңғыстаудың көрікті жерлерін, салт-дәстүрін, жан-жануарларын бейнелейді. Суреттің мазмұнына қарай, оған жұмсалатын уақыт та әртүрлі. Кейде бір туындыны 2-3 айлап салса, кейбірін 1 аптада дайындайды.

– Менің жұмыстарымды картинаға жатқызуға болады. Оларды шетелдіктер қызығып алады. Сосын сыйлы, құрметті қонақтар келгенде әкімдіктегілер, кәсіпкерлер соларға беру үшін сатып алады. Одан бөлек қолөнерді жақсы көретін адамдар да қызығушылық танытады. Биыл «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында көптеген туындымды ұсындым, - дейді шебер.

Алдаберген Тіленбаев осы кезге дейін 150-ден астам туынды жасап шығарған. Оның бір бөлігі облыста өткен ТҮРКСОЙ шараларында шетілдік қонақтарға сыйға берілген. Шебер сүйек жону өнерін одан әрі дамытып, шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап отыр. Алайда, асқан шыдамдылықты талап ететін өнерді меңгеруге ниетті жан жоқтың қасы.

– Өнерімді дамытуым керек. Алда біраз мақсат-жоспарым бар, сол үшін сүйек жонуды тастап кете алмаймын. Сарға ауылында 2 үйірмем бар. Оның бірі – мүсін өнері. Ер балаларға қолөнердің қыр-сырын үйретемін. Бейнеудегі өнер мектебінде аула клубында сабақ беремін. Шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Бірақ казіргі жастар көп уақытты алатын жұмыстарға шыдамайды. Оларға тез, жарты сағатта дайындайтын жұмыс қажет. Сондықтан шынымды айтса, өзім сияқты адам табу қиындау болып тұр. Мен мысалы сүйек жонуға отырсам, сағатқа қарамаймын, екі күндей ұйықтамай жүре беремін, - дейді ол.

Маңғыстаулық шебер сүйек жону өнерінің елімізде насихатталмайтынына қынжылады. Ол болашақта тұрмыста қолданатын бұйымдар жасағысы келеді. Қазір сүйектен сырға, сақиналар дайындайды.

– Бұл өнер бізде насихатталып жатқан жоқ. Мен шеберлігімді шыңдау үшін, Ресейге жылда барамын. Олар сүйек жону өнерінің әлем бойынша астанасы болу үшін қатты жұмыстанып жатыр. Бағалары да өте жоғары, 7-8 миллион теңгеге дейін барады. Олар мамонттың сүйегінен, бұғы мен бұланның мүйізінен жасайды. Бізде әрине ондай сүйектер тапшы. Сондықтан түйенің жіліктерін пайдаланамын, - дейді А.Тіленбаев.


Бұған дейін, Ақтаудағы 4-6 жастағы балалардан құралған ұрмалы аспаптар оркестрі туралы жазған болатынбыз.