Медициналық көмекке жүгінсе, Салтанаттың аман қалуы мүмкін еді — адвокат Оразбақова

Адвокат
Фото: golos-naroda.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова марқұм Салтанат Нүкенованың мәйітіне жасалған сот-медициналық сараптаманың мәтінін жариялауды өтінді. Бұған Бишімбаевтың адвокаттары қарсылық танытқанымен, судья Айжан Күлбаева сараптаманың оқылуына шешім қабылдады.

«Сот-медициналық сараптама кезінде Салтанат Нүкенованың денесінен бас сүйек-ми жарақаты, бетінде көптеген жара мен қан анықталды. Мұрны сынған, мұрнының айналасындағы терісіне қан құйылған, бас терісіне қан құйылып, субдуральды гематома (мидың ұзақ материялық қабатының астынан қан кету) тіркелді», — деді сараптаманы оқыған жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова.

Оның айтуынша, дер кезінде медициналық көмекке жүгінгенде С. Нүкенованың тірі қалу мүмкіндігі жоғары болатын еді. Оған негіз жоқ емес. Мейрамханадағы бейнежазбалардан Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановтың дәріге тапсырыс бергенін аңғаруға болады.

«Осы сәттерде жедел жәрдем қызметін шақырса, жағдай басқаша өрбитін еді», — деген ой көпшілікті мазалайды.

Десе де, сарапшылар көмек көрсетілген жағдайда Нүкенованың аман қалу мүмкіндігіне нақты жауап бере алмады.

«Алынған жарақаттар орталық жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуына, кейін тоқтауына, жүрек қызметі мен тыныс алудың тоқтауына әкелді. Бұл — өлімге тікелей себеп болды», — деді Ж. Оразбақова.

Сараптама қорытындысына сәйкес, С. Нүкенованың қанынан есірткі, дәрілік және психотроптық заттар табылмаған. Алкоголь аз мөлшерде тіркелген.

Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.

1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді. 11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.

27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті. 29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керістер қалай басталғаны туралы мәліметтер айтты және марқұмның бет-әлпеті көгерген сурет көрсетті.

1 сәуірдегі сот отырысында айыпталушы Қуандық Бишімбаев марқұм С. Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.

Сондай-ақ сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі тараптарға әлеуметтік желіде пікір білдіруге тыйым салды.

Соңғы жаңалықтар