Мүгедектігі бар жандарға жеңілдік: 1495 адам «Отбасы банкінен» 2%-бен ипотека алған
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 1495 адам мүгедектігі бар азаматтарға және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған жеңілдікті пайдаланып, «Отбасы банкінен» 2%-бен ипотекалық қарыз алған. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді.
«Кезекте тұрған азаматтар жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды Отбасы банкі арқылы 2% және 5% пайыз төмендетілген мөлшерлемемен ала алады. 2% мөлшерлемесі бойынша несие бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Қалған барлық санаттарға 5% мөлшерлемесі бойынша қарыздар беріледі», — деді Қуандық Қажкенов.
Вице-министрдің айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша 5 746 азамат жеңілдетілген несие алған.
«Олардың ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар 851 және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар 644», — деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.
Бұған дейін, Мүгедектігі бар жандарға тұрғын үй алуда мемлекет қандай көмек көрсетіп жатқанын жазған едік.
Одан бөлек, Үкімет отырысында елімізде 203 мың мүмкіндігі шектеулі бала тіркелгені хабарланды.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мектепте «жеке көмекші» лауазымы енгізілетіні айтылды.