Өскемен «Таза қала» жобасы рейтингінде ең төменгі орында тұр — шолу

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі ірі қалаларының тазалығы басты назарда. Бұл аптада «Таза қала» тележобасы Өскемен қаласының тазалығын тексеруге бет алды. Жүргізушілер қала көшелерін аралап, Шығыс Қазақстан облысы орталығының тап-таза, жап-жасыл тұстарын да, ескірген, шаң басқан келбетін де көрсетті.

өскемен
Фото: Jibek Joly
Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

«Ең патриот» үйдің арғы жағында не бар?

Өскемен — өркендеп, өсіп келе жатқан өңір. Қала халқының саны да соңғы жылдары тарихи максимумға жетті. Облыс орталығында қазір 400 мыңнан аса тұрғын бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бойынша да қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Жалпыхалықтық акциялар ұйымдастырылып, осы күнге дейін шараға қала халқының тең жартысы қатысқан.

үй
Фото: Jibek Joly

Өскеменде аула кеңістігін кешенді абаттандыру, балалар мен спорт алаңдарын, футбол алаңдарын орнату, аллеялар, скверді жандандыру жолға қойылған. Биылдың өзінде осы бағытта қырыққа жуық жоба жүзеге асырылған. Бұл жұмыстар әсте тоқтамауы қажет себебі, қалада кезек күттірмес мәселе әлі де баршылық.

Жергілікті тревел-блогер Сымбат Рамазан қаладағы ескі үйлер қасбетін жаңарту жұмыстарына көңілі толмайтынын айтады.

«Бұл қаладағы ең үлкен даңғыл — Назарбаев даңғылы, ескі үйлер сыртына реставрация жыл сайын жасалады. Бірақ бұл жұмыстардың сапасы сын көтермейді. Көктем келген сайын үйдің қасбеті де қармен бірге еріп жатады. Әуежайдан, вокзалдан шыққан туристердің, қонақтардың қала туралы ең алғашқы ойы осы көшеде қалыптасады. Сондықтан мұнда ең бастысы сапа мәселесіне көп көңіл бөлінгенін қалаймыз», — дейді блогер.

өскемен
Фото: Jibek Joly

Өскемен дегенде балкондары көк тумен безендірілген осы бір үй ойға оралады. Әлеуметтік желілерде таралып, қолданушылардың ыстық ықыласына бөленген бұл тудың қай уақытта ілінгенін тұрғындар дөп басып айта алмайды. Бір айтарымыз, патриотизм — көк Ту, Елтаңба, Әнұранмен ғана шектелмейді. Патриотизм — туған жердің тазалығы да.

Алайда, Өскемендегі ең «патриот» үйдің арғы жағы әбден тозған. Қабырғаларының бояуы қашып, іргетасы үгітіліп тұр. Тіпті ауласында қарапайым қоқыс жәшігі жоқ. Байрақ ілінген балкондардың екінші бетінде тұрмыс-тіршіліктің жалауы — жаңа жуылған киімдер желбіреп тұр.

балкон
Фото: Jibek Joly

Жалпы қалада қоқыс жәшіктерінің болмауы, орнына қорап немесе тор жәшіктің қойылғаны жиі кездесті. Аялдамаларда қоқыс сұрыптап тастайын түрлі-түсті жәшіктер тұр. Бірақ бөлінген қоқыстың бәрі айналып келгенде ортақ бір көлікке салынады.

Өскемендегі жерасты өткелдерінде жөндеу жұмыстары басталғаны қуантады. Дегенмен олқылықтар мұнда да бар. Әсіресе, қараңғы өткелдер қыздар мен балалар үшін қорқынышты.

экология
Фото: Jibek Joly
өскемен
Фото: Jibek Joly

ПИК жұмысы көңілден шыға ма?

Қаладағы мыңға жуық ауладан қырқылмаған көк пен тротуарсыз жолды, келбеті қашқан үйлер мен иесіз қалған әткеншекті жиі кездестіруге болады. Мұндай аулалар кезең-кезеңімен жаңартыла бастаған, бірақ өте баяу жүріп жатыр. Бұл — ПИК жұмысының ақсауы және оларды бақылайтын жергілікті атқарушы органның да салғырттығы.

үй
Фото: Jibek Joly

Дегенмен, Өскеменде қоқысы жоқ ауласын мақтан ете алатын, мүлік иелері бірлестігінің ісі де жолға қойылған тұрғын үйлер жетерлік. Әсіресе, олар сол жағалауда орналасқан. Қазірдің өзінде қаланың бұл бөлігінде 70 мыңға жуық адам тұрады. Басым бөлігінде мүлік иелері бірлестігі жұмыс істейді. Соның бірі — Айжан Ахметқалиеваның қарауындағы үй.

өскемен
Фото: Jibek Joly

Құжат жүргізу, жертөледегі құбырлардың жұмысы, ауланың тазалығы — мұның бәрін көпбалалы ана қазір бес саусағындай біледі. Бәрі «өзім тұратын ауланың тазалығы мен тәртібі үшін» дейді ол.

«Үйді қалпына келтіру үшін өз жұмысымды тастап, осында ауысқанмын. Осы үйді қалыпқа келтірем деп сөз бергенмін. Сол сөзімді соңына дейін жеткізіп, келесі жылға дейін осында боламын. Үйдің ауласын ретке келтіріп қана кетемін», — дейді МИБ төрайымы Айжан Ахметқалиева.

Дәл осындай табандылық қала сәулетіне жауапты мамандарға да, сапалы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ететін органға да қажет.

қоқыс
Фото: Jibek Joly

Шыны қалдығынан бұйым жасайтын отбасы

Қала халқының тазалық мәдениеті жылдан-жылға көтеріліп келеді. Бұл іске септігін тигізіп жатқан жандар да жетерлік. Мәселен, Людмила Евженкова шыны қалдықтарын жинап, өңдеп, кәдесыйлар мен бұйымдар жасайды.

Людмила алғашында шаһар көшелерін, тау маңайын тазалап, қоқысты полигонға тапсыратын. Кейін қоқысты қайта өңдеп, пайдаға жаратуға болатынын түсінген соң, өз кәсібін бастаған. Кәсіпкер шикізатты қала тұрғындарынан жинайды. Үйінің алдында қабылдау пункті бар.

өскемен
Фото: Jibek Joly

«Қазір бізде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, өйткені көптеген адам шеберлік сағатына келгісі келеді, мектептер оқушыларын әкеп, экологиялық сабақ өткізгісі келеді. Сондықтан, сұраныс өте жоғары», — дейді Л. Евженкова.

зат
Фото: Jibek Joly

Людмила волонтерлік қызметін 10 жыл бұрын бастаған. Алдымен шыныны сындырып, ұсақтап алады. Кейін арнайы сұйықтықпен араластырып қалыпқа құяды. Соңғы кезеңде кептіруге арналған пешке салады. Нәтижесінде үйіңіздің және түрлі нысандардың көркіне айналар кәдесыйлар, тазалыққа қажетті ыдыс-саймандар дайын болады. Басты мақсат — табиғаттың тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қауіпсіз ету.

«Бұқтырма су қоймасында қызым су түбіндегі шыныға аяғын жарақаттап алған еді. Кейінірек қойма табанын шыныдан өзіміз тазалап шықтық. Бұл бір белгі болған шығар. Қазір мен шыны қалдықтарын жинау арқылы қанша адамды жазатайым жарақаттан аман алып қалған болармын», — дейді Людмила.

қоқыс
Фото: Jibek Joly

Спортшы, экобелсенді — қала тазалығымен кімдер айналысады

Сондай-ақ, есімі елге танылған спортшы, хоккейші Дамир Рыспаев — туған қаласын түлетіп жүрген белсенділердің бірі. Дамирдің туған өлкені абаттандыруға қосқан үлесі әсіресе спортқа қызығушылық танытқан жастарға үлгі.

рыспаев
Фото: Jibek Joly

«Бүгінге дейін елуге жуық ағаш көшетін ектім. Мұндағы басты мақсатым — жас балаларға табиғатты аялаудың үлгісін көрсету», — дейді спортшы.

өскемен
Фото: Jibek Joly

Үшінші кейіпкеріміз — Елена Березинская апта сайын қала көшелері мен тұрғындар тынығатын орындардың қоқысын жинаумен ерікті түрде айналысады. Оған ниеттес, пікірлес экобелсенділер көмектеседі. Әрбір шарада арнайы ала шыққан қаптары жетпей қалады екен. Кейде жұмыстар кешке дейін жалғасады.

Ертіс пен Үлбінің қиылысқан тұсында орналасқан қалада әлбетте су тазалығы да баста назарда болуы керек. Қаланың орталығында кезіктірмеген қоқыс аралдарының орнын Елена көрсетіп берді.

өскемен
Фото: Jibek Joly

«Мұндай рейдтерді тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Өткен жылы еріктілер саны бойынша рекорд орнаттық. Облыстық экология департаментімен бірлесіп, 3 мыңнан астам ерікті жинадық. Шамамен 6 „КамАз“ қоқыс шығардық. Әсіресе, су бетіндегі қоқысты жинау қиын. Кейде толқынға ілесіп, жағаға үйіліп қалады», — дейді экобелсенді.

Әкіммен сұхбат

Жүргізушілер көрген, тұрғындар айтқан мәселелерді білетін, шешу жолын қарастырып келе жатқан бір адам болса, ол — қала әкімі. Осы ретте Шығыс Қазақстанның орталығын 6 жыл бойы басқарып отырған Жақсылық Омар «Таза қала» бағдарламасына арнайы сұхбат берді. Оған қойылған бірінші сұрақта қоқыс жәшіктерінің жоқтығы, орнына қораптардың қойылғаны қозғалды.

әкім
Фото: Jibek Joly

«Қоқыс жәшіктері мәселесі барлық жерде бар. Шетелдерде де, Қазақстанның басқа қалаларында да бұл мәселе бар немесе оларды жөндеуге алып кеткен болуы мүмкін», — деп жауап берді Ж. Омар.

Әйтсе де, Жақсылық Мұқашұлының қала тазалығына қатысты ұтымды бастамасы бар.

өскемен
Фото: Jibek Joly

«Біз мәжбүрлі сенбіліктерден бас тарттық. Тұрғындарды күштеп шығарып, әрқайсысына территория бөліп беру тәжірибесінен толығымен бас тарттық. Оның орнына „Таза ойындар“ атты жаңа жоба бастадық. Мұнда қомақты жүлделер, бағалы сыйлықтар қойылған. Оған жүздеген, мыңдаған студент қатысады. Екіншіден, бізге қала тазалығында өте көп ерікті көмектеседі. Үшіншіден, біз тұрғындарға басқа территорияны тазалаудың қажеті жоқ, әркім өз ауласын тазалықта ұстаса, соның өзі жеткілікті дедік. Осылайша әркім өз ауласын күтіп-баптайды», — деді қала әкімі.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Сарапшылар пікірі

Бағдарлама жүргізушілері Өскемен туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді. Бұл шығарылымды Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов, «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқару департаментінің директоры Сәбит Қашқынбаев және урбанист Тұрсын Жиенбаева арнайы тамашалады.

шоу
Фото: Jibek Joly

«Өскеменді өте жақсы білемін. Осы қалаға 6 ұпайды беріп отырмын. Жұмыс тобы шаруаны толық атқармаса да, халықтың өзі қаланы жақсартуға тырысады, туған жеріне жаны ашиды, бей-жай қалмайды», — деді депутат Марат Бәшімов.

Ал урбанист Т. Жиенбаева қала халқының мәдениеті жақсы екенін, бірақ бұл қала мақтайтын қалалардың қатарына кірмейтінін жеткізді. Оған себеп — қаланың эстетикасы, қасбеттерінің келбеті, жарнаманың көптігі, қала мүлкінің, аялдамалардың нашар күйде болуы. Сонымен бірге, қаладағы көпірлер мен жерасты жолдары да қауіпсіз емес деп есептейді.

таза
Фото: Jibek Joly

«Өскемен қаласының көрінісі төмен, жөндейтін көше мен ғимарат көп, қоқыс жәшіктері жетіспейді. Оның бәрі қаражатқа байланысты. Бірақ, халықтың сана-сезімі биік екен, өздері жинап, өздері шыны өңдеумен айналысады», — деді эколог С. Қашқынбаев.

өскемен
Фото: Jibek Joly

Осылайша, Өскемен 11 ұпаймен қалалардың тазалығы рейтингінде әзірге 5-орынға тұрақтады. Сарапшылар шешімімен алғашқы бес қаланың арасында Қызылорда көш бастап тұр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Президент Телерадиокешені «Таза қала» ауқымды тележобасын қолға алды. Алғашқы түсірілім Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында басталды.

Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз және Қызылорда қалаларының тазалығы жөнінде фоторепортаж жарияланған еді.

өскемен
Фото: Jibek Joly
өскемен
Фото: Jibek Joly
Соңғы жаңалықтар