Президент Хорватия Премьер-министрін Астана халықаралық форумына шақырды
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Хорватия Премьер-министрі Андрей Пленковичпен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Президент Хорватияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді серіктесі ретінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Пленкович екіжақты қарым-қатынасты, соның ішінде сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың қазіргі жай-күйін талқылады.
Кездесуде энергетика секторындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылды. Мемлекет басшысы Қазақстанда жұмыс істеп жатқан хорватиялық компанияларға қолдау білдірді. Бұдан бөлек, виза режимін оңтайландыру мәселесі қарастырылды.
Орайлы сәтті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Хорватия Премьер-министрін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырды. Ал Андрей Пленкович Қазақстан Президентіне Хорватияға сапармен келуге ұсыныс білдірді.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитіне қатысу үшін Бакудегі олимпиадалық стадионға барды. Сосын Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі. Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесу өткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 cаммитінде бірқатар елдің басшыларымен әңгімелесті.
Бүгін мемлекет басшысы «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайебпен әңгімелесті.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы (СOP29) аясында Грекия Премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен кездесу өткізді.
Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қазақстан мен Солтүстік Македония қарым-қатынасты дамыту жөнінде уағдаласты.