Президент сынынан кейін авиакеросин бағасы қаншаға арзандайды

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдегі әуежайларда авиаотын бағасын төмендету бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді.

авиакеросин
Фото: momotuning.ru

Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы авиаотын бағасы көрші елдердегі әуежайлармен салыстырғанда тым қымбат әрі бәсекеге қабілетсіз екенін айтқан еді.

– Президент тапсырмасымен әуежай хабтарын дамыту аясында авиаотынның ұшаққа дайын күйдегі бағасы тоннасы 1200 доллардан 940 долларға дейін арзандатылды, әрі оны алдағы уақытта 890 долларға дейін төмендету жоспарланып отыр, – деді Энергетика министрі Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, бұл отандық әуежайлардың бәсекеге қабілетін жақсартуға және «Air Atlanta», «Hungary Airlines», «One Air» сияқты халықаралық авиакомпаниялардың рейстер санын арттыруға мүмкіндік берді.

Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады.

Еске сала кетсек, Президент қазақстандықтардың жүріп-тұру еркіндігін арттыруды тапсырды.

Бұған дейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Вена, Рим, Шанхай бағытында жаңа әуе рейстері ашылатынын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар